Шыншыл, әділ адам

Шыншыл, әділ адам
ашық дереккөз
Шыншыл, әділ адам
Облыс журналистикасындағы белгілі есімдердің бірі – Болат Жаппарұлы. Бұл кісімен алғаш танысқанымда мен Жамбыл ауданына қарасты Куйбышев кеңшарының директоры едім. Ол кісінің маған ашықтығы, шын сөйлейтіні, әділдігі ұнады. Әрине, оған дейін Болат ағаны сырттай біліп, жазған мақалаларын, әзіл әңгімелерін жергілікті газеттерден, «Аq jol» газетінен талай оқып, риза болып жүретінмін. Содан 1995 жылы Жамбыл ауданының әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін, 4-5 айдан соң аудандық «Шұғыла-Радуга» газетіне жақсы бас редактор қажет болды. Сол кезде менің таңдауым Болат Жаппарұлына түсті. Содан мен әкім, ол кісі бас редактор болып, екі жылға жуық бірге, бір мүдде жолында еңбек еттік. «Шұғыла-Радуга» газеті редакциясы қасиетті шаңырақ. Қасиетті болатыны, кезінде бұл газетті Жандар Кәрібайұлы, Дәурен Шәймерденов, Арғынбай Бекбосын, Базар Қилыбайұлы секілді танымал тұлғалар басқарған. Ал, Болат Жаппарұлы – «Шұғыла» тарихындағы жетінші бас редактор болды. Болат Жаппарұлы аудандық газетті жауапкершілікпен басқарды. Ол уақыт жұрт жылдап айлық, зейнетақы ала алмаған қиын жылдар еді. Осы жылдарда Бөкең басқарған газет халықты сабырға шақырып, елдік қасиеттерге тәрбиелей алды. Газет өзекті мәселелерді де жалтақтамай батыл көтеріп отырды. Сол жылдары аудан орталығы Аса ауылын газдандырамыз деп талпындық. Жақсы ниет қой. Міне, осы кезде аяқтан тартып, «Болмайтын істі қайтесіңдер» деп миығынан күлгендер көп болды. Сол кезде аудандық газетке жақсы мақалалар ұйымдастырып, көгілдір отынмен Аса ауылын қамтуға болатынын үнемі жазып, халықтың сенімін оятқан «Шұғыла-Радуга» газеті, оның білікті де батыл бас редакторы Болат Жаппарұлы болды. Бөкеңді міне осындай батыл, жарқын қадамдары, ағалық ізгі ойлары, асыл қасиеттері үшін сыйлаймын. Бөкең ағайдың отбасы да сондай өнегелі, үлгілі, білімді. Бір перзенті Америка Құрама Штатында білім алып, сол жақта қызмет атқарып жатыр. Осындай мақсатшыл перзенттерді тәрбиелеуде Бөкеңнің және Күләй жеңешеміздің еңбегі орасан зор. Мен құрметті ағамның бірі Болат Жаппарұлын мерейтойымен құттықтап, жүз жастан асып, сергек, әзілге толы қалпыңызбен ортамызда жарқырап жүре беріңіз деген аппақ тілегімді арнағым келеді.  

Досжан ТОҚБЕРГЕНОВ,

Жамбыл ауданының Құрметті азаматы,

Жамбыл ауданының

1995-1998 жылдардағы әкімі.

Ұқсас жаңалықтар