Әзіліміз жарасқан құрдаспыз

Әзіліміз жарасқан құрдаспыз
ашық дереккөз
Әзіліміз жарасқан құрдаспыз
Болат Жаппарұлымен қалжыңымыз жарасып жүретінін Жамбыл ауданы тегіс біледі. Себебі, Бөкең екеуміз құрдаспыз, замандаспыз. Жас күніміз бірге өтті, бірге өстік. Бірге қызметке араластық. Беріректе ол – аудандық газетте бас редактор, мен – аудан әкімдігі мәдениет бөлімінің басшысы болып бір ауданда қызметті де ұзақ жыл бірге атқардық. Қазақтың әзілі деген керемет қой. Әзілдесетін ретіміз болған соң, Бөкеңмен екеуміздің де қалжыңымыз таусылмайды. Сыртымыздан қараған кісі екеумізді жанжалдасып, сөзге келіп қала ма екен деп те ойлайды. Себебі, қалжыңымыз қатты. Кейде ұрысқан адамның жағдайынан бетер әзілдесетініміз бар. Өзгелер «Екеуі әй осы жолы кетіскен болар», дейді. Қайдан, ертеңіне ғана қайтадан кездесіп, әзілдесіп жатамыз. Ал жұмыс жағдайына келсек, Болат өз ісінің жауапты маманы. Журналистика мамандығын ҚазМУ-ден арнайы оқып, бітірген. Темірбек Қожекеевтен тәлім алған мықты. Мықты журналист, жақсы сықақшы, сатирик. Сатирасы өткір, ешкімнің мысқылынан кем емес. Оны өзіммен әзілдескенінен де байқаймын. Құрдасым жетпіс деген ауылға жетіпті. Шаршамасын, шалдықпасын, алға желе жортып, жорғалап жүре берсін! Бөкеңнің жүзге келген мерейтойына да менің мақала жазып, пікір айтуым нәсіп болсын! Бұл той облыс журналистикасының тойы!  

Бақыт СЫРЛЫБАЕВ,

Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар