Жеңіске пара-пар тең ойын

Жеңіске пара-пар тең ойын
ашық дереккөз
Жеңіске пара-пар тең ойын
Биыл жерлестеріміз «Тараз» футбол командасы ҚР Премьер лигада да, Қазақстан Республикасы кубогы жолындағы ойындарда да сәтті ойын көрсетіп келеді. Бұл өте қуанышты жағдай. Клуб директоры Жандос Ахметов пен бас бапкер Нүркен Мәзбаевтың да ұшан- теңіз еңбегі. Шыны керек, жанкүйерлер де «Тараздан» биыл мұндай қарқынды ойын күте қойған жоқ еді. Сондықтан орталық алаңдағы жанкүйерлер саны күрт артып, 8 мыңға жуық көрермен жиналатын болған. Жақында ҚР Премьер лигасының кезекті ойындары өтіп, «Тараз» өз алаңында елордалық «Астана» командасын қабылдады. Ойынды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков мыңдаған көрермендермен бірге тамашалады. Қалың жанкүйердің қолдауы дем берді ме, «Тараз» ойынды тәуір бастады. Дүркін-дүркін шабуыл ұйымдастырып, азуын айға білеген «Астанадан» қаймыға қойған жоқ. «Астана» командасының да шабуылдары ширақ, ойыны жинақы болғанын айта кеткен жөн. Ойынның 19 минутында тараздық Абылайхан Жұмабек әдемі гол соғып, жерлестеріміз алға шықты. Қалың жанкүйердің осы сәттегі қуанышында шек жоқ еді. Бірінші тайм тартысты өткенімен, осы есеп өзгерген жоқ. Ойынның 81 минутында қонақтар тарапынан Карим Лебень таразы басын теңестіріп кетті. Осы есеп төрешінің ысқырығы естілгенше өзгерген жоқ. Осылайша, «Тараз» 25 ұпаймен турнир кестесіндегі алтыншы орынын сақтап қалса, көш басында «Ақтөбе» 35, «Астана» 31 ұпаймен келеді. Бір қуанғанымыз, қазақ футболшылары көп құрамамен ойнап жүрсе де, «Тараздың» ойынының түзелгені, жанкүйерлері көбейгені. «Ойын сайын келіп «Таразға» жанкүйер боламын. Мүмкіндігінше айқайлап, ойыншыларға күш бергім келеді. Жанкүйерлердің белсенділігі жоғары. Осыған орай «Тараз» ойыншылары да сенімді ақтап жүр. Осы жағы қуантады», – дейді футбол жанкүйері, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актері Елжан Жармұханбетов. Айта кетейік, кеше «Тараз» ҚР кубогы жолындағы ширек финалда өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар