Коронавирустың қаупі қандай?

Коронавирустың қаупі қандай?
ашық дереккөз
Коронавирустың қаупі қандай?
Қалыпты жағдайда Covid-2019 жұқпасынан кейін асқыну қаупі жоқ. Бұл вирус 65 жастан асқан адамдарға, бес жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, иммунитеті әлсіз не жүрек, өкпе, бүйректің созылмалы аурулары бар адамдарға қауіп туғызуы ықтимал. Сырқат кей науқастарда ауыр түрде өтіп, пневмония мен тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін. Сирек жағдайда вирус өлімге әкеледі. Коронавирус респираторлық жолмен жұғады. Covid-2019 инфекциясын жұқтырған адаммен жақын байланыссаңыз, қауіпті дертке шалдығуыңыз әбден мүмкін. Инфекция ауру жұқтырған адамнан келесі адамға жөтелгенде не түшкіргенде науқастың мұрнынан, аузынан бөлінетін ұсақ тамшылар арқылы беріледі. Бұл тамшылар заттардың бетіне, есік тұтқасына түседі. Ол заттарды ұстаған адам қолын жумастан көзіне, мұрнына немесе аузына тигізсе, ауруды жұқтырады. Сондықтан коронавирусқа шалдыққан адамнан 1 метрден аса қашықтықта жүру маңызды. Қазіргі уақытта ғалымдар вирустың заттардың бетінде қанша уақыт тіршілік ететінін анықтауда. Вирус бір сағаттан бірнеше күнге дейін өміршеңдігін сақтай алады деген болжам бар. Сондықтан вирусты өлтіру және олардың адамға жұғуына жол бермеу үшін қарапайым дезинфекциялаушы заттарды қолдануға болады. Ол үшін қолды әр жарты сағат сайын 20 секунд бойы сабындап жуу, түшкіргенде және жөтелгенде мұрын-аузыңызды қағаз майлықпен не шынтағыңызбен жабу, жөтел, жоғары температура және тыныс алу мүшелері ауруларының басқа симптомдары бар адамдардан аулақ жүру, адамдармен қол алыспай, қашықтықтан амандасу, үйдің терезесін жиі ашып, ауаны тазартып тұру, табиғат пен фермалардағы жануарлардан аулақ жүру және ең бастысы, екпе алу сынды қарапайым қағидаларды ұстансаңыз болғаны.

Камшат АМИРЕЕВА,

аудандық орталық аурухананың профилактика бөлімінің медбикесі. Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар