- Advertisement -

Қайырымдылықтың қайыры болады

64

- Advertisement -

«Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Он жылдан бері үзілмей келе жатқан қайырымдылық шарасы аясында биыл да тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Арнайы акция 1-тамыздан 30-қыркүйекке дейін «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық!» ұранымен өтуде.

Дәстүрлі түрде өткізілген акция аясында он жылдан астам уақыт ішінде демеушілер мен қайырымдылық жасаушылар тарапынан да қаншама балаға көмек көрсетілген. Биылғы шара аясында 18-25 тамыз аралығында аудандар мен Тараз қаласында жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер мектеп формасы мен кеңсе тауарларын 10-20 пайызға төмендетілген бағамен сатты.

Сонымен қатар Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас аудандарының шалғай елді мекендерінде, Тараз қаласының саяжай алқаптарында көшпелі автодүкендер ұйымдастырылды.

Қаржылай көмек ең әуелі аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен ерекше жағдайды қажет ететін балаларға берілді. «Мектепке жол» акциясы аясында жергілікті бюджет есебінен 45 036 балаға 1 миллиард 463 миллион 670 мың теңге ата-аналардың жеке шоттарына аударылса, демеушілер есебінен 6 068 балаға 80 миллион 283 мың теңгеге көмек көрсетілді.

Игі істің атқарылуына облыс, қала әкімдіктері, облыстың білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы, жастар саясаты жөніндегі басқармасы, қоғамдық бірлестіктер, ішкі істер басқармасының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ата-аналар қоғамдастықтары және тағы басқа ұйымдар атсалысады.

Тағы бір айта кетерлігі, жасаған жақсылығын жұртқа жариялап, соның есебінен өзіне жарнама жасағысы келіп тұратын адамдардың әрекетінен кейін көптеген ата-аналардың реніші туындайды екен. Балалардың да намыстары келіп, көмек алудан бас тартатын болған. Осы акция аясындағы қайырымдылығын жариялы түрде жасаған оқиғалардың әсерінен биылғы акцияның өтуіне өзгешеліктер енді. Енді қайырымдылық көмек ешқандай салтанатты түрде немесе мектептегі сап түзеуде тапсырылмау жөнінде өңірлерге нұсқау хат жолданыпты.

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып ер жетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support