Өлеңдерімен тәнті еткен Әшірбай Есмұрзаев газетімізде өз қолтаңбасын қалдырған майдангер журналист еді

Өлеңдерімен тәнті еткен Әшірбай Есмұрзаев газетімізде өз қолтаңбасын қалдырған майдангер журналист еді
ашық дереккөз
Өлеңдерімен тәнті еткен Әшірбай Есмұрзаев газетімізде өз қолтаңбасын қалдырған майдангер журналист еді
Ғасыр жасаған басылымымызда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, от пен оқ бораған майданнан аман оралған журналистердің бір тобы еңбек етті. Олар – Әшірбай Есмұрзаев, Мәдіәзім Мәдіыбырайымов, Рахмет Омаров, Әкпарбек Доспамбетов, Тоқтарбек Дүрімбетов, Сырайыл Керімбаев, Смет Ағысов, Райхан Сапабековтер болатын. Қаруды қаламға айырбастағандардың бірқатары уақыт өте келе облыстық мекемелерге, радиоға, аудандық газеттерге ауысты. Ал редакцияда көп жыл жемісті қызмет етіп, зейнеткерлікке де осы жерден үлкен құрмет, қошаметпен шыққандары біздің білуімізше Әшірбай Есмұрзаев, Әкпарбек Доспамбетов және Сырайыл Керімбевтар еді. Бұл үшеуінің ең жасы үлкені Әшірбай Есмұрзаевпен журналист болмақ талаппен жазғандарымды облыстық газетке жолдап, ара-тұра редакцияға да ат ізін салып тұратын кезде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында таныстым. Ол әдеби қызметкер болып істейтін мәдениет және тұрмыс бөлімі жас талапкерлердің жазған тырнақалды туындыларын жиі жариялап тұратын. Бөлім меңгерушісі Әлдихан Қалдыбаев ағамыз болатын. Менде «Еңбек туының» 1971 жылғы 13 қазандағы санында берілген «Әдебиет беті» сақтаулы. Мұнда жас талапкерлердің өлең, әңгімелерімен бірге поляк ақыны К.Галчинскийдің орыс тілінен өзім аударған «Алдамшы даңқ» өлеңі де жарияланған. Бет Талас ауданының Үшарал ауылының тумасы, сол кезде-ақ үш жыр жинағы шығып танылып қалған ақын Әбдірахман Асылбековтің «Жамбыл ұрпақтары» деген толғауымен ашылады. Онда жыр алыбы Жамбылдан бастап өлкемізден шыққан ақындарға бір-бір шумақ арналған. Өзіндей талай жастың талабын ұштаған Әшірбай Есмұрзаев туралы: Алпысқа келмей ақын ашылмайды, Аптығы от жүректің басылмайды. Ақылшы артындағы інілерге, Ардақта ақ сақалды Әшірбайды, – деген жолдар бар. Кейін басылымға «Еңбек туы» кезінде аудандық газеттен ауысып келіп, «Ақ жол» атанған тұсында 85 жылдығына орай шежіресін түзумен айналысқанда Әшірбай Есмұрзаевтың редакцияда еңбек еткен ширек ғасырдан астам уақыт ішінде журналистердің бірнеше буынына ақылшы-кеңесші болып, алғыстарын алғанына, құрметіне бөленгеніне көз жеткіздім. Газетті басқарған кезінде республикадағы ең айбынды басылымдар қатарына қосқан Арғынбай Бекбосын ағамыз кітапша етіп шығарып, 80 жылдығына тарту еткен «Ақ жолдағы» ақжолтай жылдар» естелік-эссесінде Әшірбай Есмұрзаевтың қиыншылыққа толы болған өмір жолын, бойындағы жақсы қасиеттерін аз ғана сөзбен дәл жеткізе білген. Сол естелігінен үзінді келтіре кетейік: «...Көпті көрген, өлеңдерімен тәнті етіп жүрген бір қария «Еңбек туының» өзінде де бар еді. Ол – Әшекең, Әшірбай Есмұрзаев болатын. Сонау отыз жетінің сұмдығынан бастап, беріге дейін бұл кісінің басын будақ-будақ бұлт торлаумен болған. Дауыл өзі торғайдай ғана адамның оңынан да соққан, солынан да соққан. Кейініректе күн ашылып, бұлт сейілгеннен соң ғана редакцияға қызметке орналасып, шығармашылық іске ден қоюына мүмкіндік туған. Дімкестігіне қарамастан бұрқыратып көп жазады, әсіресе, өлеңді. Көбі ұрланып кеткен уақытының қалған азында берекелі іс бітіргісі келгендей барын салады. Соған қоса көп заман ішке толған зар-запыранның уытын әзілмен шығарғысы келе ме, қайдам, қалжыңы қалмайды. ...Сөйткен қайран Әшекең көп ұзамай «Бозторғай» атты жинағы шығар-шықпаста өтті де кетті дүниеден. Артында әлі жарық көрмей жатқан мұралары бар да шығар-ау деп ойлаймын. Шіркін, осындайда қамқор болар кісілер шығып жатса ғой!». Тағы бір редакторым Әлдихан Қалдыбаев ағамыз 2002 жылдың 1 мамырында газетте жарияланған «Ақ жолдың» асулары» мақаласында өзімен қызметтес болған аға буын журналистер қатарында Әшірбай Есмұрзаевты екінші етіп атап, барлық жанрда жазатын шебер болғанын айтыпты. Сондай-ақ газеттің 1944-1946 жылдарғы жауапты хатшысы Тұрсынбала Әбдіраманова, «Колхозшы» атанған кезінен бергі байырғы авторы болған, педагогика ғылымдарының кандидаты Ыдырыс Сағынтаев және басқалардың естеліктерінен де Әшірбай Есмұрзаев жайлы жылы лебізге толы жолдарды ұшыраттық. Қаламдас інілері «біздің Әшекең» деп құрметтеген майталман журналистің қалам іздері мұрағатта сақтаулы газет тігінділерінің уақыт сарғайтқан беттерінде сайрап жатыр. Барлық тақырыпқа қалам тартқан. Облыстық қазақ драма театры туралы мақаласында өнер ордасының шығармашылық өсу жолы жан-жақты, шебер баяндалса, «Жарысты ер бастаған, ел қостаған» деген жолжазбасында Қазақстан мен Қырғызстан қызылшашыларының еңбек бәсекесін қыздырғандары туралы кестелі сөздер төгілткен. Ал «Агроном-аспирант» очеркі сол кезгі Луговой, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданының «Восток» ұжымшарының бас агрономы Тұрсынбек Есіркепбаевтың ізденістері мен жетістіктері туралы. Келтіре берсек мұндай мысал көп. Ел өміріндегі елеулі оқиғаларға арнау өлеңдері де шығып тұрған. Қазіргі түрленген Тараз Әулиеата қаласы болып тұрғанда 1912 жылы дүниеге келген, ес білгелі осы шаһарда өткен талай оқиғалардың куәсі болған Әшірбай Есмұрзаевтың өзінің әр жылдарда «Еңбек туында» жариялаған естеліктерін оқығанда қаламгерлік қабілетімен ерте танылғанын, өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдары алып күш иесі, әлемге аты таралған балуан Қажымұхан Мұңайтпасовты бірнеше рет көзі көріп, күресін тамашалағанын, сол кезде кеңінен танылған әдебиетшілермен жақын араласқанын білуге болады. Айталық, «Алғашқы кездесу» («Еңбек туы», 17 сәуір 1974 жыл) естелігінде 1937 жылдың қыркүйек айында Талас аудандық «Екпінді колхозшы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде қызмет істеп жүргенінде Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған ақын-жазушылардың екі айлық курсына шақырылғанын, Алматыда өзін Қалмахан Әбдіқадыровтың қарсы алып, үйіне қондырғанын, курста айтыс ақындары Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбеков, жазушы Жәрдем Тілеков, Меркі ауданының тумасы, Жазушылар одағының мүшесі, жыр жинағы шыққан, соғыста ерлікпен қаза тапқан Рахымбай Құлбаевтармен бірге оқығанын баяндайды. Қазақ әдебиетінің тарихынан белгілі, Қалмахан Әбдіқадыров 1936-1938 жылдары Жамбыл Жабаевтың қасында жүріп, жазғандарын жазып алып отыратын әдеби хатшысы болған. Оның және Жамбылдың жақсы көретін шәкірті, айтыс ақыны Саяділ Керімбековтің көмегімен Әшірбай Есмұрзаев Жамбыл ғана емес, сол шақта атағы дүрілдеп тұрған Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтармен танысқан. Араға жыл салып Қазақстан Жазушылар одағына қызметке алынған. Осында істеп жүргенінде Жазушылар одағы басшыларының тапсыруымен Жамбылдың үйінде болып, өлеңдерін жазып алып отырған. Батыста соғыс басталғанда Жазушылар одағында қызмет істеп жүрген әскер жасындағы қаламгерлер өздері тіленіп майданға алынып, оларды ұрыс даласына шығарып салу Жазушылар одағында өткені, оған Жамбыл мен Қажымұқан қатысқаны Құсайынбек Әміровтің «Үш кездесу» естелігінде («Дастан ата», Жамбыл Жабаев туралы естеліктер), Алматы, «Жазушы» баспасы, 339-343 беттер) жазылған. Осы ақын – жазушылар қатарында Жамбыл өлеңдерін орыс тіліне аударып жүрген Павел Кузнецов пен көмекші болған Әшірбай Есмұрзаев та соғысқа аттанған. Өз облысымызда 2009 жылы шығарылған «Зерде» кітабында Әшірбай Есмұрзаевтың Алматы қалалық әскери комиссариаты арқылы алынғаны жазылуының осындай сыры бар. Адамзат тарихындағы ең алапат шайқасқа басынан аяғына дейін қатысса да Әшірбай Есмұрзаевтың от пен оқ астында жүрген жылдары туралы естелігін ұшыратпадық. Жазу былай тұрсын өңіріне майданда алған орден, медальдарын тақпаған да болар деп ойлаймыз. Тағы бір таңғаларлығы саяси қызметкер немесе майдандық газетке тілші болуға әбден лайық адамның 14-ші гвардиялық әуе-десант бригадасы құрамында шайқасқаны. Мұндай әскери құрамада дайындығы өте жоғары, ұшақ арқылы шайқас қызып жатқан майдан шептеріне, түн ішінде жау тылына жеткізілетін, парашютпен жерге түсірілетін жауынгерлер қызмет еткен. Осындай сыннан Әшірбай ағамыз аман өткен. Қай бір жылы ғаламторда Қостанайлық қарулас досы Қасымхан Алдабергеновпен Венгрия астанасы Будапеште бірге түскен суреті де жарияланған. Майдандас достар Батыс Еуропа, Венгрия, Австрияда небір шайқастарға қатысып, соғысты Чехословакияда аяқтайды. Жасына қарай Әшірбай Есмұрзаев елге қайтады да, одан бір мүшел кіші Қасымхан Алдабергенов әскери қызметін жалғастырып, елге елуінші жылдары ғана оралады. Бейбіт дәуірде Қасымхан Алдабергенов Қостанай өңіріне ақын, жырау, журналист ретінде танылған.Бірнеше кітап шығарған. Әшірбай Есмұрзаевты «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы іздеп тауып, хат жазысып тұрған. Қайтыс болғанын естігенде: «...сол асыл азамат өмір «ақысын» өтепті. Алғаны көп болмаса да, бергені көп күйінде дүниеден өтті. Ұлы Жеңіске қолына қару алып, қан кешіп қосқан үлесі не тұрады? От ішінде ойнаған қайран досым, әз-аға, Әшекем! Өлең оққа ұшпайды, хаттар ескірмейді. Айтарым көп. Аз да болса, осы жазғандарым сенің рухыңа бағыштаған дұғам болсын» деген сөздерді қағазға түсірген. Майдандас досы жазғандай қан кешіп Жеңіске зор үлес қосқан Әшірбай Есмұрзаев бейбіт дәуірде қалам қайратын танытқан, әсіресе, өмірінің соңғы жылдары өлеңді өндірте жазып, жаңа жыр жинағын баспаға әзірлеумен болған екен. Дімкес жүрегі жиі мазаласа да, зейнеткерлікке шығысымен де шығармашылығын жалғастырғаны қаламдас інілерінің назарынан тыс қалмапты. Сол, 1972 жылы «Еңбек туы» газеті КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, осы қуанышты оқиғаға арналып мерекелік нөмір шығарылған. Оның бесінші бетінде Әшірбай Есмұрзаевтың «Құрмет қуанышы» деген өлеңі жарияланған. Ал он алтыншы бетіндегі «Еңбек туының» зейнеткерлеріне арналған достық әзілде мынандай жолдар бар: Тақпақтап өлең, жырларын, Әшекең ақын сайрады, Өлең оқып болған соң, Домбырасын күйледі. Достық әзіл авторлары – ақын Жақсылық Сәтібеков пен ол кез бөлім меңгерушісі Бақытяр Әбілдаев ағаларымыз. Менде көзі тірісінде 1971 жылы «Жазушы» баспасынан, он мың дана таралыммен шыққан «Арман ағысы» өлеңдер жинағы сақтаулы. Алматыда білім қуып жүргенде сатып алып, қолтаңбасын қойдырып аламын деп қуанғаным есімде. Бірақ, бұл ойымды жүзеге асырудың сәті түспеді… Көлемі шағын болса да, айтары көп жыр жинағы «Туған жер туралы толғаныс», «Арман ағысы», «Достық сырлар», «Ойлар, жолдар, өкініштер, бекіністер», «Көктем саздары», «Сонеттер», «Тоқсан толғау» («Жеке шумақтар») деген аттарының өзі көп жайды, үнемі ізденісте болғанын аңғартатын жеті тараудан тұрады. Өлеңдеріне ақыл мен сезімнің жарасымынан туған ой түйіндері өзек болған:   Көктемде гүлдер шеңгел де, Гүлдемей өмір өрлер ме. Бірақ та шеңгел гүлдерін, Раушан гүлге теңгерме.   Қарға кеп қонар шеңгелге, «Сайрайды» зауқы келгенде. Бірақ та қарға қарқылын, Үніне бұлбұл тең көрме.   Жанады отқа шеңгел де, Жалынсыз жүрек тербер ме. Бірақ та шеңгел шаласын, Сексеуіл шоғы дей көрме. Немесе табиғат құбылысынан сыр түйіп, жастық шағын аңсаған қарттың жай-күйін жеткізетін, астарлы ойға құрылған мына жолдар: Бұлбұл кетті гүл бақтан, Бұлбұл кетті. Бұлбұлмен сол ілесіп бір гүл кетті, Күз де түсіп, сарғайды тал-дарақтар,   Қыс та қысып, қасіретте бір жыл өтті. Бір жыл өтті, Жарқылдап бір жыл жетті, Бар гүл кепті бақтарға,   Бар гүл кепті. Бұлбұл да жоқ сайраған, Бір гүл де жоқ, Кім торға сап,   Кім гүлді жұлып кетті. Бұлбұл жетті, Бұлбұлдар гүлге қонды. Бақтың іші гүл, бұлбұл үнге толды.   Бірақ сүйген жарым жоқ, гүлім де жоқ, Толмайды екен еш кезде жоқтың орны. Ақынның өлеңдеріне сазгерлер ән де шығарған. Сол әндердің орындаушысын тауып, ел ішінде, радиода шырқалып жүргендері бар деп пайымдаймыз. Өйткені, қай бір жылы Қазақ авторлар қоғамының орындалған шығарма авторының мұрагерлерін іздеп ғаламторда жариялаған тізімінде Әшірбай Есмұрзаевтың да аты-жөні көрсетілгенін көзіміз шалып қалғаны бар.Өмірдің небір қиын өткелектерінен өткен, соғысты бастан кешкен қаламгердің шығармашылығы өз зерттеушісін күтіп жатқаны анық. Жүз жасаған газетімізде жемісті қызмет атқарған тағы бір майдангер журналист Әкпарбек Доспамбетов «Қаламмен жазылған лұғатты сөз ұрпақтан ұрпаққа өте береді» деп жазған. Басылымымызда өз қолтаңбасы, артында жақсы аты, өсіп өнген ұрпағы қалған Әшірбай Есмұрзаевтың жазба мұрасы туралы да осылай деуге болар.  

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

ардагер журналист, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Суреттерде: Әшірбай ЕСМҰРЗАЕВ, «Арман ағысы» кітабының мұқабасы,

«Еңбек туында» жарияланған естелігі

Ұқсас жаңалықтар