Шалғайдағы ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді
- author «Ақ жол»
- 4 қараша, 2014
- 187
Кеншілер қаласынан тауға қарай бастайтын тас жол ирелеңдеген бойда көсегенің көк жонына апарады. Жолдың сол қапталында әр жерде томпайып жатқан темір бағаналар «ЕуроХим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінікі. Оны электр жүйесінің мамандары құрастырып жатыр. Қаладан «Кесіктасқа» дейін осы биік бағаналар тұрғызылып, желі тартылған соң, электр қуатын тасымалдайды. Әрі қарай Әшір Бүркітбаев ауылына қарай бұрылатын тас жол асфальтталыпты. Биіктен асып түссең алдыңды тағы бір қатқыл тас жол кесіп өтеді. Ол «Аралтөбені» «Кесіктасқа» дейін жалғастыратын жол. Техника, күш қойсын ба, үш айдың ішіндегі тынған тірлік, артық кемі жоқ жиырма үш шақырымдық жол.
Әшір Бүркітбаев – осы өңірдің тумасы. Қазақ политехникалық институтының тұңғыш ректоры болған, 1937 жылы жала жабылып, «халық жауы» атанып, атылып кеткен азамат, қоғам қайраткері. Өткен ғасырдың елуінші жылдары тыңды игеру ұранымен ұйымдасқан бұл ауылдың бұрынғы атауы Түркістан. Олай аталатыны «Түркістан» әскери округі сарбаздары осы жерге палаткаларын тігіп, шаруашылықтың қазығын қағысқан. Алғашқы директоры Струков деген мәскеулік орыс екен. Колхоздың үш мың ақ бас түйесінің тұқымын құртқан Струков орнына соншама бас сиыр әкеліп, тауарлы-сүт фермасын ұйымдастырып, жерді игерген, егін еккен. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Түркістан осылай туған» деп аталатын очеркіне негіз болған ауыл. Тәуелсіздіктің арқасында ауыл есіл ер Әшір Бүркітбаевтың есімімен аталды. Кешегі қиын қыстау кезде бұл ауыл да тозып, сәнінен айырыла бастаған-ды. Көшетін ел көшіп, «суы ағып, тасы қалған» ауыл қайта өркендей бастапты. Соның бірі – жаңадан ғана пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік пункт. – Ауылдың инфрақұрылымын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында,– деді Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек жаңа нысанның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде, – елді мекенде биылғы жылдың өзінде М.Әуезов атындағы орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілді, ауылдық әкімдік үйінің құрылысы аяқталуға таяу. Ал мына емхана халықтың игілігіне ұсынылып отыр, – деді. Жиырма адамға арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысын «Нұрбек» ЖШС (бастығы Оңалбек Нұрбек Оралбекұлы) жүргізді және мерзімінде пайдалануға берілді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, ауылға «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» бағдарламасы аясында облысымыздағы түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын біріктіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Л.Лысова да ауыл халқын жаңа емдеу орталығының ашылуымен құттықтады. Оған бұл өңір таңсық емес, кезінде ауданда жауапты қызметтер атқарған азаматша. Алқызыл лента қиылған соң, келген қонақтар мен ауыл тұрғында-ры емдеу нысанын аралап көрді. Мұнда науқастарды қабылдау бөлімі, акушерлік, зертхана, фельдшерлік бөлмелер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, күндізгі стационарда емделушілерге төрт төсек қойылған. – Емханада, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Рәт Мұқашев, – жетекші дәрігер бастаған 6 маман жұмыс жасайды. Олардың ішінде социологтың болуы бізді қызықтырды. Осы төңіректегі 4 ауылға жаңа үлгідегі амбулаториялық пункттер салыныпты. Жауапты дәрігер Алтынай Оразбаева – жас маман. Акушерка Рабиға Қалдыбекованың еңбек өтілі 32 жыл. – Біз жас аналарды тексеріп, есепке алып, денсаулығын бақылауда ұстаймыз, – дейді ол,– ал олар аудандық аурухананың перзентханасында босанады.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді