Отбасыңа ие бол, отағасы!

Отбасыңа ие бол, отағасы!
ашық дереккөз
Отбасыңа ие бол, отағасы!
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында ала дорбасын арқалап, сауда жасаған, таңертеңнен кешке дейін еңбек етіп, балаларын аяқтан тұрғызған қайсар аналарымыз екенін білеміз. Оның бергі жағында, әсіресе, қыз-келіншектер, әйелдер тек үйдің ғана тірлігіне емес, саясатқа, кәсіпкерлікке белсенді түрде араласа бастады. Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 40 пайызын әйел азаматтар басқарады екен. Қызықты қараңыз, жалпы жұмыс істейтін әйелдер үлесі бойынша Қазақстан әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Осылай еңбек күшінің едәуір бөлігін басқарып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған аналарға рақмет айтасың. Бірақ, оның да «бірағы» бар. Қазақ қоғамы әйелді алалап отырған жоқ. Барынша аялап отыр. Алайда бұл қамқорлықтың отбасылық құндылықтардың құлдырауына кәдімгідей ықпалы болған сияқты. Отбасылық өмір салтының құлдырауы – әлемдік тенденция десек, біз бүгінде сол тенденцияның төрінен бір-ақ шықтық. Әлем бойынша ажырасудан алғашқы ондықтың ішінде тұрмыз. Орта Азияда алғашқы орындамыз. Осыдан кейін қазіргі қоғамда отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап жатқан жоқ деп қарсы уәж айта аласыз ба? Қазақ үшін отбасы құндылығының басында үйдің отағасы тұрған. Алайда ажырасудың салдарынан әкесіз тәрбиеленіп жатқан ұрпақ көбейді. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы еліміздегі отбасылардың қай түрі ажырасуға бейім екенін зерделегенде көбіне 10 жылдан көп некеде тұрған отбасылардың екіге бөлінетіні анықталыпты. Үш және одан көп балалы отбасылардың мұндай қадамға баруына не себеп? Психологтар бұның негізгі себебін осы уақыт ішінде отбасылық өмірдегі жинақталған белгілі бір проблемалардың ақыры ажырасуға әкелетінін айтса, әлеуметтанушылар әйелдердің отбасын өзі-ақ асырай алатын күшке ие болатын кезеңі дейді. Отбасындағы бала саны некені құтқарып қалуға құзіретті деп ойлауымыз мүмкін ғой, бірақ дәл қазір көпбаламен ажырасудың үлес салмағы тұрақты түрде өсіп отыр. Бұл дегеніміз, отбасындағы бала санының көптігі де некені сақтап қалуға қауқарсыздығын көрсетіп, әкесіз балалардың өте көп өсіп жатқанын дәлелдейді. Тіпті, қазіргі нарықтық қатынастар заманында отбасындағы бала санының артуы қаржылық қиындықтар туғызып, ақыры ажырасуға әкелуі де мүмкін екен. Осындайда Құнанбай мен Абайдың дауласып қалғандағы «Сен мықты болсаң, өзіңдей ұл тудырып ал» деген әкенің сөзі еске түседі. Осы бір-ақ ауыз сөзде Құнанбайдың барлық арман-мұраты жатқандай. Біздің қоғамның әкелері баласын Абайдай етіп тәрбиелеуге құлықты ма? Жауапкершілікті сезіне ала ма? Аналар ше? Ақылды аналар балаларын үнемі әкесін сыйлауға, құрметтеуге баулиды. «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөзден әр бала өзіне керекті ала білген. Отбасындағы әкенің орнын бір ғана сөзбен айқындап берген қазақы тәрбиеміздің іргесі неге сөгілді? Отбасын сақтай алмай, ажырасып жүрген азаматтардың дені баласын бауырына басуға мұқтаж. Оған бір қателіктің соңынан туған баласының жүзін туғанынан көрмей жүрген әкелерді қосыңыз. Арасында баласының барын біле тұра, бұрылып қарай қоймайтын әкелер де бар. Ажырасу мен некесіз туған балалардың жағдайы әртүрлі оқиғалармен байланысты болғанымен, олардың өмір сүру тағдырлары бір. Әке мейірімі, әке қамқорлығы, әке тәрбиесінің жеткіліксіздігі. Отбасында ер азаматтың мысынсыз береке де орнай қоюы екіталай екенін ескеретін естіліктің де ауылы алыстап кеткендей. Психологтар әкесіз өскен ұрпақ жасық, жасқаншақ, өсекке жақын болып өсуіне бейімділігін айтады. Бірақ әр үшінші отбасының біреуі ажырасып жатқан дәл қазіргі біздің қоғамда баланың тәрбиесі аналардың мойнына жүктелуде. Әкенің рөлі туралы әңгіме айтылмайды да. Тіпті қыз-келіншектер арасында «әкесіз де баланы тәрбиелеуге болады» деген қасаң қағида қалыптасып үлгерді. Ілкіде «ажырасамын» деп келген қызын ата-анасы өзінің құтты шаңырағына қайтадан апарып тастайтын болса, бүгінде «ішіме сыйған бала сыртыма сыяды» деп сөзін сөйлей жөнелеміз. Қасіреті сол, еліміз бойынша орын алған ажырасулардың тағы бір үлкен бөлігі үйленген отбасылардың алғашқы төрт жылында тіркеліпті. Бұл уақыт жаңадан отау құрған жастар үшін сынақ кезеңі емес пе? Екі жақтың ата-аналары кінәліні іздеп, кішіреймей, балаларына тоқтау салмай жүргенде бұл мәселенің соңы ортада пайда болған баланың әкесіз өсуіне алып барады. Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 60000-нан асып отыр. Бұл – дәл қазіргі біздің халқымыздың санымен салыстырғанда өте күрделі жағдай. «Мен де әкесіз өстім. Ештеме жоқ, ол да әкесіз өседі» деген пәлсапаның жалғасы болғаны жақсылыққа апармайды. Қазақстанда тіркелген әрбір 100 некенің 34-і отбасы болып қалыптасып кете алмайды екен. Бұл жағдай елімізде жетім балалар мен жалғызбасты аналардың санын күрт көбейтіп жібергені белгілі. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді» деген. Бала тәрбиесіне әке тәрбиесінің ықпалы ерекше. Ендеше, неге біз қаншама баланы отағасы жоқ отбасында өсіруіміз керек? Неге әр балаға өз әкесінің жауапкершілігі болмауы керек? Заң тұрғысынан алғанда, неке қию еркек пен әйелдің, ал осы некені тоқтату – ерлі-зайыптылардың өз еріктері. Бірақ кез келген мемлекеттің саясаты ажырасуға қарсы. Бірақ өмір болған соң әртүрлі жағдай болады. Белгілі бір жағдайларда ғана, отбасы мүшелерінің, өміріне, денсаулығына қауіп төніп тұрғанда ғана ажырасуға болады. Өкініштісі сол, біздің қоғамда болмашы сылтаулармен ажырасып жатқандардың саны көп болып отыр. Тағы бір айта кетер жайт, бұрын отбасы құрудың жауапкершілігі жоғары болатын. Ажырасқандар партиядан шығарылып жататын. Ол кездері партиядан шығу кәдімгідей үлкен жаза болатын. Ал қазіргі қоғамда ештеңенің құндылығы қалмады. Ол кездегі жас отбасыларға жасалған жағдай ерекше еді. Оқуды бітіре салысымен, жолдамамен жұмыс табатын. Барған жерінде баспанасы дайын тұратын. Қазіргі жастар үшін баспана да, жұмыс та – бәрі проблема. Аз ғана жалақысымен не үй ала алмай, не толық отбасын асырай алмай қиналып қалатын кездері көп. Міне, осы жетіспеушіліктің соңы ұрыс-керіс, оның соңы ажырасуға дейін апарып отыр. Жас отбасыларға арналған қолжетімді жатақханалар салу керек. Әрбір мекеменің өз отбасылық жатақханасы болса, тіпті керемет. Бүгінгі күні ажырасушылардың денін шаңырақ көтергендеріне бес жыл толмаған ерлі-зайыптылар құрап отырғандықтан, жастардың осындай жатақханаларда, үйлерде 5-10 жыл тұруларына мүмкіндік беру керек. Жас отбасыларға қамқорлық жасалса, бұл мәселенің іргесі сөгілер еді. Оның алдын алу шаралары біздің қоғамда мүлде жоқ деп айтсақ та болады. «Жас отбасыларды қолдау орталығы», «Отбасы институты» деген сынды қоғамдық ұйымдар, институттар, түрлі ұйымдар құрып, жүйелі түрде жұмыс жасауға кіріспесек, мына түрімізбен біз өзіміздің отбасы құндылықтарымызды қорғай алмай қаламыз. «Қымбатты, Милләтжан, бір үйге бір ер азамат керек қой» деп мұртын сипалап, Қожаның шешесін айналсоқтап жүретін Қаратай кімнің есінде? Ал қазір өзге түгіл, өз «қаратайын» қуып, әкесіз бала тәрбиелеуден қорықпайтын қоғамда отырмыз. Қасірет деген-ә!  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар