- Advertisement -

Көзін тапқанға кәсіп көп

39

- Advertisement -

Шалғайдағы ауылда тұрып-ақ, шаруаға шырай бітіріп, содан табысын айырып отырған жандар аз емес. Көзін тапқанға кәсіп көп. Бастысы, іске ниет танытып, еңбектене білуің қажет. Тамабек ауылының тұрғыны Бақыт Мұратбеков осылай дейді.

Бақыттың үй іргесіндегі жерді пайдаланып жатқанына да көп болмаған. Соңғы екі-үш жыл аралығында тұрғын жай ауласындағы 50 сотық жерге көкөніс отырғызып, адал еңбекпен келген өнімді табысқа айналдырып отырған жайы бар.

Ерте көктемде егілген қияр мен картоп қазір шетінен жемісін беріп жатыр.

– Осыған тәубе. Картоп пен қиярды сәуірдің басында отырғыздым. Қазір өнімді жинап жатырмын. Негізінен ауыл тұрындарына саудалаймын. Өзімізде де сұраныс аз емес, тапсырыс берушілер де табылады. Тұрғындар да қаладан жеткізгенше, ауыл ішінен жергілікті өнімді алуды жөн көреді. Қияр 200-250 теңге аралығында болса, картопты 200 теңгеге өткеремін. Қияр ресейлік сұрып. Баптай білсең, жер деген береке ғой, – дейді Бақыттың өзі.

Бақшада бұдан бөлек, жүгері, қауын егілген. Қызанақ та пісіп жатыр. Етті, қызғылт қызанақ күнделікті тұтынатын өнім болғандықтан сатып алушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Бақыт сондықтан көкөністің осы түрін отырғызуды жөн деп тапқан. Бақшадағы жүйек үйдегі тартылған құдық арқылы суғарылады.

Шағын аумаққа шырай бітіріп отырған шаруаның алдағы жоспары да үлкен. Ол алдымен 3 сотық жерге жылыжай тұрғызып, іс бастамақ. Қазір бұл мақсатта жауапты сала мамандарынан кеңес алып, келісіп жатқан көрінеді. Сәтін салса, жылыжайда қызанақ, аскөк өсіріп, саудаға шығармақ ниетте.

Иә, шаруаның өзі айтқандай, «көзін тапсаң, кәсіп көп». Үлкен жұмыс ұсақ тірліктен басталады.

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support