Шешімін таппаған мәселелер де бар

Шешімін таппаған мәселелер де бар
ашық дереккөз
Шешімін таппаған мәселелер де бар
Бүгінде мемлекеттік қолдаудың әсерінен ауыл шаруашылығына деген бетбұрыс түзеліп, көптеген фермерлік шаруашылықтар, ет және сүт өңдеу кәсіпорындары, мал сою пункттері ашылып, жұмыс істей бастады. Жалпы, соңғы жылдарда ветеринария саласына көп көңіл бөлудің нәтижесінде, әсіресе жұқпалы ауруларға қарсы жұмыстар жүйелі атқарылуда. Осы бағытта нендей жұмыстар қолға алынып отырғаны туралы облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы «Жуалы ауданының ветеринария станция» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ғабитбек Кебеевпен сұхбаттасқан едік. – Ғабитбек Ақылбекұлы, бүгінгі таңда аудандағы ветеринариялық ахуал қандай? – Ветеринария саласының негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, ауруларды диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта жоспарланған іс-шаралар атқарылуда. Сондай-ақ аудан көлемінде ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша вакцина егу және диагностикалық ветеринариялық іс-шаралар жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Өңірде ветеринариялық іс-шараларды 14 ветеринариялық пункті бар 1 ветеринариялық станса атқаруда. Бұл мекемелерде арнайы орта және жоғарғы білімді 83 ветеринар маман жұмыс істейді. Олар мемлекеттік тапсырыс бойынша қан сынамаларын алып, ветеринариялық зертханаға жеткізу, жануарларға вакцина егу жұмыстарын орындайды. Сонымен қатар олар халыққа мал емдеу, залалсыздандыру, ота жасау тәрізді ақылы қызмет түрлерін, ветеринариялық анықтама рәсімдеу, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, бірдейленген мал туралы үзінді көшірме беру тәрізді мемлекеттік қызмет түрлерін де көрсетеді. Аудандық ветеринариялық нысандар бойынша бір мал сою пункті жұмыс істейді. Мал өлекселерін залалсыздандыратын 4 биотермиялық шұңқыр, мал өлекселерін өртейтін 1 стационарлы, 1 жылжымалы, барлығы 2 инсинератор іске қосылған. Өңірде 45 сібір жарасының ескі қорымдары бар. Олардың барлығының картасы жасалып, автоматтық жүйеге енгізіліп, талапқа сай қоршалған. Жыл сайын топырақ сынамалары алынып, зертханада тексеріліп тұрады. Бүгінге дейін ауру қоздырғышы анықталған жоқ, айналасына қауіп төндіріп тұрған жоқ. Аудандағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. – Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру жұмыстары туралы айтып өтсеңіз... – Бірдейлендіру бойынша іс-шаралар тұрақты түрде мал иелерінің өтініші негізінде жүзеге асырылады. Мүйізді ірі қара мен ұсақ мал төлдегеннен кейін 7-10 күн аралығында мал иесі мал дәрігеріне қайырылып, ол төлді сырғалатуы тиіс. Ал жылқы төлі 4 айға дейін бірдейлендіруге жатады. Бірдейлендіру рәсімі құлақ жапсырмасын сала отырып, деректер базасына енгізіліп, мүйізді ірі қара мен жылқының әр басына, қой-ешкі мен доңыздың тобына ветеринариялық төлқұжат беріле отырып жүргізіледі. Сырғалар тегін, жылқы чиптері ақылы түрде салынады. Ветеринариялық төлқұжат тегін беріледі. 29 шілде күні ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қорында 57302 бас мүйізді ірі қара, 284 000 бас қой-ешкі, 16000 бас жылқы, 179 бас доңыз тіркелді. – Өзіңіз басқарып отырған салада шешімін күткен қандай мәселелер бар? – Шешімін таппаған мәселелер де бар. Қазір сол бойынша жұмыстар атқарудамыз. Атап айтсақ, Көкбастау, Күреңбел, Б.Момышұлы ауылдық округтерінде ветеринариялық пункттердің ғимараттары жоқ. Б.Момышұлы ауылдық округіне уақытша қаңғыбас иттерді ұстайтын питомник, Билікөл ауылдық округіне беккери шұңқырын салу жоспарға қойылған. Ауданда мал санының 30-40 пайызын Билікөл ауылдық округі құрайтын болғандықтан, ветеринариялық станса 2019 жылы Билікөл ауылдық округіне биотермиялық шұңқырды соғуға құжаты әзірленіп, өтінім жасалған. Алайда осы күнге дейін құжаттар қаралмаған, жауабы берілген жоқ, қаражаттың болмауына байланысты жылда кейінге қалдырылып келеді. Ауданда қаңғыбас иттерді уақытша ұстайтын орынның жері анықталған, құжаттары әзірленбеуде. Осы жұмыстар алдағы уақытта шешімін тауып жатса, мамандардың жұмысы бұрынғысынан да жеңілдей түскен болар еді. – Әңгімеңізге рақмет.  

 Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар