Көпбалалы ананың еңбегі көпке үлгі

Көпбалалы ананың еңбегі көпке үлгі
ашық дереккөз
Көпбалалы ананың еңбегі көпке үлгі
Көпбалалы ана Əлима Аметованың кеңсе тауарлары дүкенін ашып, жұмыс істей бастағанына сегіз ай болыпты. Бұл кəсіпті ол бесінші нəрестесін дүниеге əкеліп, бала күтімі демалысына шыққан соң қолға алған. Негізгі мамандығы мұғалім. Көктөбе ауылындағы Көктөбе орта мектебінде математика пəнінен сабақ береді. – Əрбір баланың өз нəсібі бар. Мемлекетіміздің бала күтіміне берілген қаражатын ойға алған мақсатымды жүзеге асыру үшін кəсіпке салдым. Өзім мұғалім болғандықтан балалардың кеңсе тауарларын қалай пайдаланып жүргенін көріп жүрмін ғой. Ал көпбалалы ана ретінде балаларымның ойыншыққа деген қызығушылығы маған таңсық емес. Бұл идеяны менің ойыма салған оқушыларым мен өз балаларым десем де болады, – дейді Əлима. Əңгіме барысында оның жоғары оқу орнын тəмамдаған соң «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 2011 жылы Жуалы ауданындағы Көктөбе орта мектебіне жұмысқа орналасқанын білдік. Бұрын атын естіп-білмеген елді мекенге жұбайы Жарылқасын Орынбаев екеуі Тараз қаласынан көшіп барған. Жұбайы да мұғалім. Екеуі бір мектепте жұмыс істейді, жұбайы педагог-психолог. «Жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың көп көмегі тиюде. Соның шапағатын біз де көрдік. Атап айтсам, «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы жұмысқа орналастық. Жоба аясында пайызсыз 2,5 миллион теңге несие алып, жұмысымызға жақын Қосбөлтек ауылынан баспана сатып алып, орналастық. Енді он жылға алған несиемізді жабуға алты ай қалды», – дейді ол. Əлима мен Жарылқасынға қатты ұнағаны ауданның ерекше табиғаты екен. Еңбек жолдарын осы елді мекенде бастаған жастар осында тұрақтап қалуды ұйғарған. Алдағы уақытта баспаналарын үлкейтіп, уақыт талабына сай салуды жоспарлап жүр. Бала күтіміндегі көпбалалы ана үйде құр қарап отырмай кəсіп ашып, жұбайына қолғабыс етуді жөн көріпті. Сөйтіп, ойындағы мақсатын жүзеге асыру үшін батыл қадамға барып, баласының жөргекпұлын игі іске жұмсап, Б.Момышұлы ауылындағы «Аяла» сауда орталығынан сауда орнын жалға алады. – Кəсіп бастарда көп адам қалай болар екен деп қорқады. Қорқудың еш қажеті жоқ. Тек талап қылсаң болды. Қалғаны өз ретімен жолға түседі. Мен табиғатында «көпбалалы анамын, маған Үкімет көмек беруі керек» деп қарап отыра алмайтын жанмын. Ондайдан аулақпын. Біздің ел Конституциясында айтылғандай құқымыз тең. Осы ретте өзім сияқты көпбалалы аналарға айтарым, талап етіп, алға ұмтылу керек. Сол кезде ғана нәтижеге жетесің. Абай атамыз айтқандай, «Талап, еңбек, терең ой, қанағат рақым ойлап қой...» демекші, талап болса болды. Қазір əлеуметтік желі арқылы да сауда жасап, табыс табуға мүмкіндік бар. Тек сол мүмкіндікті дұрыс мақсатта пайдалана білсең, кəсібіңді дөңгелетуге көмегі тиеді, – дейді Əлима. Бүгінгі таңда дүкенінде кеңсе тауарларымен қатар балалардың сүйікті ойыншықтарын кәсіпкер 10 пайыздық жеңілдікпен жаңа оқу жылына байланысты өткеріп жатыр екен. Бұл да болса балалар мен ата-аналар үшін айтарлықтай жеңілдік болуда.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар