- Advertisement -

Ер ерлігі – ел есінде

53

- Advertisement -

Былтыр Байзақ ауданындағы №28349 Қайнар әскери бөлімдегі қару-жарақ қоймасында болған жарылыстан 17 отанқорғаушы мен өрт сөндіруші қаза болып, талай отбасының қабырғасын қайыстырған еді. Есте болса, сол жарылыстан 108 азамат зардап шегіп, 1 жауынгер із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Міне, кеше араға жыл салып сол қайғылы жағдайды байзақтықтар еске алып, боздақтардың құрметіне ескерткіш монумент тақта орнатып, батырлар рухына тағзым етті.

Батырлардың құрметіне арналған еңселі ескерткіш монумент тақта әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің оң жақ бүйіріндегі алаңқайға қойылған. Еңселі монумент тақтаның ашылуына батырлардың ата-аналары, туған-туысқандары, бауырлары, жұбайлары мен ұл-қыздары, аудан жұртшылығы қатысты. Ескерткіш тақтаның жамылғысын облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, №28349 әскери бөлім басшысының орынбасары Орынбек Керімханов, Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков және аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесінің басшысы Болат Әмралиев шешті. Ескерткіш тақтада Қайнар әскери бөлімшесінде болған жарылыста ерлікпен қаза тапқан 8 боздақтың суреті бейнеленіп, есімдері қашалып жазылған.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, сын сағатта тәуекелге барып, жерлестері Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Суханбаев пен Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігін қайталау тек нағыз ерлердің қолынан келетін іс екенін айтты. Батырлардың ерлігін қайталаған Батыр ұлдардың рухына тағзым етті. Онда өздерінің ізгі тілегін еңбек ардагері Қыдырхан Оралов, №28349 әскери бөлім басшысының орынбасары Орынбек Керімханов, марқұм жауынгер Марат Мешінбайдың ағасы Есен Кенебаев сөз алып, байзақтық батыр ұлдардың ерен ерлігін тебірене, толқи отырып жеткізді.

Осыдан кейін ескерткіш маңына жиналған жұрт батырларын үнсіздікпен 1 минут еске алды. Рухтарына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Бұдан кейін аталған шара Қайнар әскери бөлімшесінде жалғасын тапты. Мұнда да жауынгерлер мен өрт сөндірушілерге арналып, қырдың төбесіне еңселі ескерткіш тақта орнатылыпты. Мұндағы жиынға қаза болған жауынгерлердің туған-туысқандары қатысты. Ескерткіш тақтаның жамылғысын марқұмдардың ата-аналары ашты. Жауынгерлер көкке оқ атып, құрмет көрсетті.

Ескерткіш тақтаның төбесіне «Ер ерлігі – ел есінде» деген жазу түскен. Оның төменгі жағында өртті ауыздықтауға қатысқан әскери құрылымдардың белгілері орналастырылып, әрқайсысының тұсына қаза болған жауынгерлердің есімдері қашалып жазылған.

Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, запастағы генералдар Қайдар Қарақұлов пен Әлімжан Ерниязов, қаза болған жауынгерлердің аналары, бауырлары мен жарлары тебірене тілек айтып, ерлік жасаған батыр ұлдарын ұмытпай ұлықтап жатқан Қарулы Күштер құрылымы мен билік өкілдеріне алғыс айтты.

Ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батыр ұлдарының рухтарына тағы да тағзым етті. Құран бағыштады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support