- Advertisement -

Таласта жүрген бір талант

46

- Advertisement -

Жаһанның тең жартысын аралап, жүздеген халықтан құрмет көрсе де, адам баласына туған жерінен артық ыстық мекен жоқ. Шерхан Мұртазаның «Түсіме тек туған жерім Мыңбұлақ кіреді» деп толғанатыныда бекер емес. Қандай жағдай болса да табан аудармай, туған жерде өркендейтін азаматтар болады. Жаннар Молдабеков міне осындай көшелі де көркем ойлы жандардың қатарында.

Оның әкесі Смағұл Молдабеков – бірқатар мектептерді басқарған, ауданға кеңінен танымал кісі. Баласының есімін «Жаннар» деп қоюы да бекер емес. Шамасы «Өмірге келіп жатқан «Жан» «Нар» болсын, нардай азамат болсын» деген тілектен туса керек. Әке тілегі қабыл болды ма, Жәкең нардың жүгін көтерген, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасты. Әншілігі, композиторлығы, аздап өлең жазатыны өз алдына бір төбе.

Біздің қолымызға Жаннар Смағұлұлының «Туған жерге сағыныш» атты кітабы түсті. Анығын айтқанда, әндер жинағы. Бұл еңбекте Жаннардың студенттік күндерден осы уақытқа дейін шығарған әндері мен өлеңдері енгізіліп, жып-жинақы дүние болып шыққан. Кітап барша қазаққа белгілі ақын Исраил Сапарбаевтың «Туған жерге сағыныш» өлеңімен ашылыпты. Серік Томановтың сөзіне жазылған «Ауыл жайлы айт», әні мен сөзін өзі жазған «Ойығым», «Ауылымды сағындым» әндері де Жәкеңнің туған жеріне деген ыстық ықыласын білдірсе керек. Елде тұрып, туған жерге қызмет етудің бір үлгісі Ж.Молдабековтың тағылымды ісінде жатқаны анық.

Бұл кітабы арқылы Жәкеңнің ауылда тұрып-ақ бірнеше ақынмен байланыста болғанын байқаймыз. Оның көш басында елдің еркесі атанған Нарша Қашағанұлы тұр. Нарша ақынның Дінмұхамед Қонаевқа арналған «Армысың, Алты алаштың ақсақалы», «Амантай ағаға хат», «Қазақпын деп айтпай-ақ қой» өлеңдеріне жазылған әндері әсерге толы. Таласта туғанымен Алматыда ғұмыр кешкен ақын Зернебек Шілдебайұлының «Алматы – ару қалам», «Сарғайған сағынышым санамдағы» атты өлеңдері Жаннар жазған әнмен жандана, әрлене түсіпті. Серік Томановтың сөзіне жазылған «Хор қызы», «Алматының арулары» және Баймаханбет Ахметтің сөзіне жазылған «Бақытымның бастауы» әндері де сыршылдығымен қандай ортаға да ғажап әсер сыйлайтыны рас. Болат Бекжановтың сөзіне жазылған «Ауыл әні», «Табиғат» әндері де тыңдағанға таусылмас сезім сыйлайтыны жасырын емес. Ақын Бекен Досалиев өмірден ерте кеткен дарын иесі. Ол азаматтың Жаннармен шығармашылық байланыста болуы өмірдің әдемі сәтінен естелік болып қалды. Бекеннің сөздеріне жазылған «Асыл арман», «Ғайып-бейне», «Таласыма еркелеймін», «Тойдағы тілек» әндері қазіргі таңда сыйлы орталарда айтылып жүр.

Бұл күнде туған жер топырағында тіршілік кешіп жатқан ақын азаматтармен де Жаннардың байланысы жақсы екен. Дәулетхан Бәзіловтың «Ерке гүл», Шыңғыс Иманбаевтың «Ағатайым» өлеңдеріне ән жазғаны сөзімізге дәлел. Таластан шыққан тағы бір талант иесі Азамат Есалының «Періште» атты өлеңіне де Жаннар әсерлі ән жазған екен. Таластан шығып, бұл күнде Алматыда тұратын Төрехан Қайранбекұлының оннан астам өлеңдеріне ән жазғаны да – оның нағыз еңбеккештігін көрсетеді. Атап айтқанда, Төрехан Қайнарбекұлының «Арбатас», «Сағыныш», «Еркем», «Ақбота» атты өлеңдері тыңдаған көңілді бейжай қалдырмайды.

Жаннардың әндері ауыл, аудан төңірегінде тұншығып қалған жоқ. Әйгілі «Нұр-Мұқасан» тобы оның әндерін республикалық телеарналардан әуелетіп орындады. Ләззат Байырбекова, Бақытқали Қонысбаев, Ғани Мәтебаев, Санат Қонарбаев секілді әнші-композиторлар да Жаннардың әндерін орындаудан жалыққан емес. Жаннардың еңбегі «Д.А.Қонаев» мерекелік медалімен және облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатымен бағаланып отыр.

Сонымен қатар Жаннардың сөзі мен әнін өзі жазған әндері де отызға жуықтайды екен. Оның ішінде «Қиял сезім», «Күндер қайда?», «Ұстазыма», «Той әні», «Достарға», «Алматы шақырады» әндерін ерекше атап өтуге болады. «Адалдық туын желбіретіп…» атты өлеңінде 30 жыл мектеп басқарып, ауданға құрметті ұстаз атанған Ділдәкүл Қабылбекова туралы:

Шәкірттер шабыттанған сөзіңізден,

Ұстаздар үлгі алады өзіңізден.

Тізгінді қатаң ұстап жүрсеңіз де,

Бір жылылық сезіледі көзіңізден, – деп ағынан жарылады. Төрт аяғын тең басқан жыр болмаса да, ұстаз болмысын ашып тұр деуге негіз бар.

Жаннар кітабының соңына қарай өзінің бірқатар өлеңдерін бір бөлімге топтап беруді де ұмытпапты. Өлеңдерінің көпшілігі жақсы- жайсаң азаматтарға, айналасына шуақ шашқан кісілерге арналған. Көңілін тербеген жайды, жақсыларды шамасы келгенше жырға қосу да Жаннардың жүрегінің шындығы болар. Жаннар Ойық ауылында су шаруашылығында, орман шаруашылығында еңбек етті. Кейіннен Тараз институтын сырттай мамандықтар бойынша бітіріп, Дінмұхамед Қонаев атындағы Ойық орта мектебінде мұғалім болды. Қазір жұмыссыз жүр деп естиміз. Өзі ол жайлы айтпайды. Елін, туған жерін сонша сүйген азаматтың жұмыссыз жүргені қалай деген де ойға қалдық. Мүмкін, бұл жайлы Талас ауданының білім саласын басқарып отырған азаматтар ойланар. Таласта тамыр жайған талант, туған жерін әнге бөлеген Жаннар Молдабековтың «Туған жерге сағыныш» атты кітабы мектептің музыка мамандары үшін, өнер адамдары үшін ең қажетті дүние. Бір жағынан Жаннардың бойынан табылған ұқыптылық екінің бірінің қолынан келе бермейтіні және рас. Жаннардың нәзік те сыршыл жүрегінен тамаша туындылар жарыққа шыға беретініне күмәніміз жоқ.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support