Жақсы әке балаға қырық жыл азық

Жақсы әке балаға қырық жыл азық
ашық дереккөз
Жақсы әке балаға қырық жыл азық
Әке – асқар тау дейміз. Баланы жағадағы құраққа теңейміз. Бүгінде желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақтың бой түзейтін құбыласы сол асқар тау болса, өмірдің түрлі өткелдері арқылы бала бойындағы қалыптасатын мінез бен әрекет әкенің тәрбиесінен алыстатпаса дейсің. Әркімнің аласармайтын арманы, биік шыңы, тау тұлғасы өзінің – әкесі. Әке балаға жол көрсетуші жарығы. Тасынғанда басатын, құлазығанда еңсені көтеретін де әке. Әкесі барларға ешқандай кедергі қорқынышты емес. Менің әкем де анам екеуі бізді махаббатқа бөлеп, тәлім-тәрбие берді. Осы үшін де әрбір бала ата-анасына қарыздар деп ойлаймын. Әрбір ата-ана өнегелі ісімен перзенттеріне үлгі көрсетуі керек. Сол секілді мен сіздердің көрсеткен адалдық жолдарыңызбен жүріп келемін. Мен үшін сіздердің жүріп өтіп келе жатқан сара жолдарыңыз үлгі, өнеге. Әке мен баланың арасында айрықша айтылатын, аса көзге көріне бермейтін байланыс болады. Әкенің балаға берері ең көп мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Сол мұраңызды қадірлеп, қастерлеп, келер ұрпаққа жеткізу біздің борышымыз деп білемін. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауы керек. Сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті. Міне, осы міндетіңізді орындау арқылы бізді келешек өмірге қанатымызды талдырмай жетелеп келесіз. «Қуансаң қуана бер, әкетайым, мен сенің өміріңнің жалғасымын» деген ән шумағында айтылғандай, біз ата-анамыздың отбасында бес бала тәлім-тәрбие алдық. Мен қанша биікке шықтым десем де, сол биікке көзімді ашқалы мені қанаттандырған ата-анамның еңбегі. «Атымды адам деп қойған соң, қайтіп надан болайын?» деп Абай атамыз айтқандай, сіздей өр тұлғалы азаматтан туған біздің жаман болуға еш хақымыз жоқ. «Адамның бақыты – білімде» деп ылғи айтып отыратын әкемнің сөздерін жадымнан шығармаймын. Әкенің жүрген ізімен, үлкен өмірге қадам басып, ілгерілеп келеміз. Бұл дүниенің бақыты мен ләззаты, қуанышы мен шаттығы тек ата-ананы құрметтеу арқылы ғана баянды болмақ. Әке-шешеге деген сый-құрмет, олармен жақсы қарым-қатынас күмәнсіз үй-ішіне береке кіргізеді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегендей балалары үлгі тұтып, мақтаныш етіп отырса, ата-ана үшін ол үлкен бақыт. Әке – ұрпақтың қамқоршысы, үйдің тірегі, үйдің басшысы. Әке әркімге қымбат. Ата-анам балалары үшін жақсылықтың жаршысы бола білу керек. Демек әкені ренжітпей, оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің, яғни жас ұрпақтың парызы.   Ақерке БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар