ДІНИ СЕНІМ: сауабы мен зияны қандай?

ДІНИ СЕНІМ: сауабы мен зияны қандай?
ашық дереккөз
ДІНИ СЕНІМ: сауабы мен зияны қандай?
Таяуда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Облыс аумағындағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстық тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары» мәселесі қаралды. Әрине, бұл мәселе кімді болсын толғандырады. Балалар мен жастар тәрбиесі күн тәртібінен ешқашан түспеу керек. Өйткені жастар біздің болашағымыз, еліміздің келешегі. Қазақ атамыз «Не ексең, соны орасың» деп бекер айтпаған. Жергілікті полиция қызметкерлерінің мәлімдемесіне сенсек, бір қуаныштысы, облыс көлемінде балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыс көлемі жыл өткен сайын төмендеп келеді. Бірақ байқап жүргеніміздей, жастар арасында дінге бет бұрғандар аз емес. Жұма күндері мешітке қарай ағылған топ-топ жастарды көріп, кейде еріксіз ойға кетесің. Базбір мәліметтер бойынша, бүгіндері мешітке келетін жамағаттардың 60-70 пайызы жастар екен. Олардың арасында әлі кәмелет жасына жетпегендер де бар. Ой таразысына салсақ, бұл – Ресей империясынан, коммунистік державадан егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз тілімізді, өз дінімізді, өз ділімізді қайта қалыптастыра бастағанымыздың нәтижесі. Халқымыздың басым көпшілігі имандылық жолына түсіп, ауылдар мен қалаларда сандаған мешіттер бой көтеріп, діни білімдікті көтеру мақсатында діни университет пен колледждер, медреселер ашылды. Діни жоғары білім алам деген жастар Түркия, Аравия, Египет және де басқа мемлекеттердің ЖОО барып, сауаттарын жетілдіріп қайтты. Егемендіктің алғашқы жылдарында абайсызда діннің басқа ағымдарына ілесіп кеткен жастар, әртүрлі радикалды діни секталарға еніп кетіп, ел ішіне іріткі салғандары да есімізде. Тіпті, әр өңірде бірнеше террорлық ұйымдар ұйымдастырып, елімізді дүрбелеңге салғаны да белгілі. Теріс пиғылды біреулердің арбауына түскен, өзге жұрттан «бақыттарын» іздеген, қияли рахат дүниеге сенген біраз жастарымыз қан төгіске бөгіп жатқан Сирия, Ауғанстан сияқты елдерге қоныс аударып, бала-шағасын, отбасы мен жақындарын қиын жағдайға ұрындырып, өздерін «Құдай жолында» шейіт еткендер жайлы мәліметтер аз емес. Әлі де сол үрдіс, өкінішке қарай, бірең-сараң болса да орын алуда. Сол ойсыз, пәтуәсіз фанат жандарды, олардың берекесіздікке, қиындыққа ұрынған отбасын көз алдыңа келтіріп, жаның ашиды, жүрегің сыздайды. Әрине, еліміздің басшылары өз азаматтарын әркез қорғап, қамқорлық көрсетуде. Сол үшін өткен жылдары арнайы «Жусан» операциясын ұйымдастырып, Сирияға діни радикалдық уағыздаушыларының «қармағына» ілініп, қиындықтарға тап болған, босқынға айналған бірнеше жүздеген жас балалар мен әйелдерді елімізге ұшақтармен кері жеткізді. Біразы сол бөтен елде «пейішке барамыз» деген ниетпен көзсіз өлімге барып, мүлдем басқа елдің топырағы бұйырғаны өкінішті. Толқынды толқын қуады, ойдан ой туады... Әлгі мешітке барып жүрген жастардың ой өрісі, түйсігі қандай? Ол діннің қандай ағымында жүр? Жан-жағындағылар қандай уағыз айтып жүр? Шындығында көпшілік оған онша мән бере бермейді. Ислам дiнi – әлемдегi ең таза дiн екенi жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Басқа дiндермен салыстырғанда, адам бойына рухани нәр құятын, тәрбие беретiн, тазалыққа, имандылыққа, жақсылыққа, игi iске жетелейтiн ислам дiнi екен. Сондықтан болар жаһанда ислам дiнiн мойындап, оған бас иетiн, мойынсұнатын жандар саны басқаларға қарағанда неғұрлым басым көрiнедi. Дiн дегенiмiз – адамды имандылыққа баулу, жақсылыққа шақыру, өмiрдi жақсы көру, сүйiспеншiлiкке, бауырмалдыққа тәрбиелеу. Қазiр елiмiздiң дiни қызметкерлерi арасында медреседен дәрiс алып, дiни орта бiлiм оқу орындары мен ислам-дiни университеттерiн тәмамдаған, терең, жан-жақты бiлiмдi, сауатты имамдар баршылық. Бiрақ дiн жолына «жолдан қосылған» кейбiр шала, сауатсыз жандар бiлiмi мен ой-санасы, қарымы мен түйсiгi жетпей жатып, арасына түсiнбеушiлiк пен iрiткi салып, миын улап, тiптi терiс жолға түсiрiп жүргендерi де өмiрдегi шындық. Дiннiң әртүрлi бағыттары iшiмiзге дендеп ене беретiн болса, түбiнде қазақ бiр-бiрiмен жауласады» деген екен. Иә, қазiргi қауiп – дiни экстремизм, дiни фанатизм екенiн өмiрден көрiп, жүрекпен сезiнiп жүрмiз. Фанатизм деген өте қауіпті жазылмас дерт екендігін өткен ғасырдағы ұлттық фанатизм дертімен ауырған фашистік германияның тағдыры анық көрсетіп берген еді. Жалпы, нәсілдік, ұлттық немесе діни фанатизм бола ма, қайсысы да оңып тұрған жоқ. Олардың бәріне ортақ қасиет – бізден артық ешкім жоқ, басқаларын таптап езу, құрту керек деген астамшылық пиғылдың болуы. Діни фанатизмге еліккен жандардың бойында психологиялық жағынан өзгешіліктер болады. Мысал үшiн алысқа бармай-ақ, әр елде кездесіп жатқан террорлық қайғылы оқиғаларды еске алайық. Дiни секталардың кейбiр жандардың санасына қатты әсер етiп, ойын улайтыны, тiптi психикасы мен мiнезiн адам танымастай өзгертiп, «миын» терiс айналдырып жiберетiнiн өмiрден көрiп жүрмiз. Мысалы, дiни секталардың шырмауына iлiккен бiр танысымның әйелi бала-шағадан, үйiнен безiп, әлгi, дiни топқа қосылып, жүгенсiз қала-қаланы аралап кеткенiн бiлемiн. Сөйтiп, әп-әдемi отбасы нiлдей бұзылып, шаңырағы ортасына күл болып түстi. Тал түсте үкiдей жас балалар көздерi жәудiреп анасыз, тепсе темiр үзетiн әке жарсыз қалды. Осындай оқиғалар бұл күндерi әр аймақтан кездесетiнiне күмән жоқ. Имандылық жолынан тайып басқа дiндi қабылдап, қаптаған сансыз секталарға (вахабтар, иогов куәгерi, баптистер, кришнаиттер т.с.с.) кiрiп алып, солардың қолшоқпары, орындаушысы болып жүргендерi қаншама? Жаның түршiгедi емес пе… Соңғы кезде орта мектеп бағдарламасына «Дiнтану» пәнi енгiзiлгенi, базбiр мектептерде оны бастап кеткенi жайлы хабардармыз. Айтушылардың сөзiне сенсек, бiр-екi «Дiнтану» оқулықтары баспадан шығыпты. Олардың авторлары белгiлi ғалымдар мен дiни қызметкерлер көрiнедi. Әлгi оқулықтармен танысқандар, оқулықтардың төмен деңгейде жазылғанын айтып жүр. Не дегенмен кiтап авторлары бұрын-соңды дiни оқулықтар жазбаған, бұл iсте тәжiрибесi жоқ мамандар. Сондықтан да олар дайындаған оқулықтарда «әттеген-айлар» кездесiп жатуы заңдылық. Тiптi, пайдасынан зияны басымырақ болуы да ықтимал. Нашар оқулықпен дiни танымдылықты дұрыс ұқпаған, сауатын шала ашқан жеткiншек ертең өмiрде тегiс жерде сүрiнiп, кiбiртiктеп, қателiк жiберерi де түсiнiктi. Сондықтан «Дiнтану» оқулығын сауатты, дiни бiлiмi мен танымы мол, тәжiрибелi ғалымдар мен дiни қызметкерлер бiрiгiп жазғандары орынды. Ресми ақпараттардың мәлiмдеуiнше, Қазақстан бұл күндерi дiни экспансия алаңына айналған секiлдi. Бiзде қазiр қандай дiни ағымдар жоқ? Олардан аяқ алып жүре алмайсыз. Христиан миссионерлерi, шоқындырушы-үгiтшiлер (олардың басым көпшiлiгi АҚШ-тан арнайы жолдамамен жiберiлгендер) ортамызға батыл енiп, ел арасына рухани ыдырау туғызып, миссионерлiк әрекет жасауда. Олар арнайы психологиялық дайындықтан өтiп, тиiстi ақпаратпен, мәлiметтермен жарақтандырылғандар (осындай миссионерлiк шiркеулердiң саны елiмiзде 20-дан асып жығылады екен). Көпшiлiк ортаға енiп, олар жергiлiктi халықты (қазақтарды) христиандыққа кiргiзу бағытында аянбай тер төгуде. Кейде олар ризашылықпен жеке адамдардың басындағы проблемаларын шешiп те бередi. Тiптi, қажет болса материалдық көмек беруге дайын. Мысалы, қаржыдан қиналып жүрген студенттерге қосымша шәкiртақы, жұмыссыз жүргендерге жәрдемақы төлейдi. Христиан (әсiресе иогова куәгерлерi) дiнiн уағыздаушылар түрлi түстi кiтаптар мен кiтапшаларды халық арасында көптеп таратып, көшеде тоқтатып, мүмкiншiлiгiнше әңгiмеге тартып, сiздi өздерiнiң дiни қоғамына тартуға тырысып бағады. Базбiр аңқау, босбелбеулер олардың насихатына иланып, сол бөтен дiнге енiп жатқаны да қазiр өмiр шындығы. Осындай әрекеттердiң арқасында миссионерлер ой-санамызды улап, өз iс-әрекеттерiне қол жеткiзуде. Бүкiл отбасы болып басқа дiнге кiрiп, солардың сойылын соғып, көрiгiн басып жүргендер де ортамызда қазiр аз емес. Жүректе үрей туғызған бүгiнгi күннiң ащы шындығы осы. Осындай қауiп барда елiмiздiң дiни экспансия алаңына айналмауына көпшiлiк болып атсалысуымыз керек. Қазақ ислам дiнiн қабылдағанына 1250 жыл болыпты. Сол дiнге берiктiлiгi соншама, қазақ халқы моңғол шапқыншылығы кезiнде қанша қысым болса да олардың дiнiн қабылдамады. Қайта олар керiсiнше қазақтың салт-дәстүрiн қабылдап, түркiлендi. Жоңғарлар, тiптi, қаһарлы Кеңес үкiметi де бiзге өз дiнiн енгiзе алмады. Сөйтiп, қазақ халқы дiнге берiктiгiн, қайсарлығын, табандылығын көрсеттi. Бұл мысалдарды қазiргi жастарға, ой-санасы толқып жүрген замандастарымызға сабақ болсын деген оймен келтiрiп отырмыз. Расын айтқан жөн, көптеген имамадар көпшілік бас қосқан сәттерде (жаназада, астарда, Құдайы тамақтарда) жұмақ пен тозақ, о дүние, кәпірлік жайлы сөз қозғайды. Оларды тыңдап отырсаңыз барлық қиындық, ауыртпалық, бақытсыздық мына дүниеде, о дүние жайнап тұрған жұмақ ретінде суреттелінеді. Оларды тыңдаған толқып жүрген жастар, жасөспірімдер мына ауыртпалығы мол беймаза өмірден түңіліп, тезірек о дүниеге – жұмаққа аттанып кеткенді жөн санайды. Сөйтеді де өздеріне қол салып, өмірмен қоштасып кете барады. Ортамызда суициттің азаймай тұрғанының (әлем елдері арасында үшінші орын алуымыздың) бір себебі осы емес пе екен? Ойланатын жай... «Жақсылық та, жамандық та – Құдайдан. Бiрақ жақсы болу, жаман болу – адамның өзiнен», – дейдi данышпан Абай. Ал ендi бiр сөзiнде «Көп айтса болды, жұрт айтса көндi. Әдетi жаман адамның» деп налиды ол. Бұл сөз дiни фанатизмге шалдыққан, қате ағымдардың жетегiмен құрбандық болуға дайын ойсыз жандарға айтылған сөз сияқты. Дiни нанымның байыбына бармай, оны өзiне қарсы қою барып тұрған қатiгездiк емес пе?  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.

Тараз қаласы.

     

Ұқсас жаңалықтар