Шындықтың шырақшысы

Шындықтың шырақшысы
ашық дереккөз
Шындықтың шырақшысы
Жарылқасынмен облыстық «Знамя труда» газетінің Жаңатас және Қаратау қалаларындағы меншікті тілшісі кезінде 1989 жылдың соңына таман Жаңатаста таныстым. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің түлегі көрінеді. Журфакты бітіргендердің талайын танимын, көбімен аралас-құралас жүрдім дегенім бекер екен, бұл азаматты кеншілер қаласынан тынымсыз жазып жататын мақалалары арқылы танығаным болмаса, бетпе-бет кездеспеппін. Оның үстіне орыс бөлімінде оқыған. Содан да шығар абитуриенттік немесе студенттік жылдарда араласа аламағанымыз. Әйтпесе Талас ауданының Тамды ауылында 1959 жылы, 20 тамыз күні дүние есігін ашып, Қаратау қаласында онжылдықты бітіріпті. Екеуміз іргелес жатқан екі ауданнанбыз. Жасымыз да сонша алшақ емес, жылымыз бөлек болғанымен бар-жоғы он-ақ айдың шамасы. Кеңес одағы ыдырамаған кез, орыс тілі үстем. Оның үстіне кеншілер қаласындағы білім беру мекемелерінің дені жас жеткіншектерді орыс тілінде тәрбиелеп, осы тілде оқытады. Кәсіпорын, мекемелердегі іс-қағаздары болса да ресми тілде жүреді. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы жергілікті ұлт өкілі болғанымен идеология жөніндегі хатшысы, қалалық атқару комитетінің төрағасы «ұлы ұлттан». Жаңатастағы аса іргелі кәсіпорын – «Қаратау» өндірістік бірлестігінің бас директоры, басқа да ірілі-ұсақты өндіріс орындары мен мекемелердің көбінің бірінші басшысы да қазақ емес. Сол 1989 жылы қалалық «Қазақ тілі» қоғамы мен артынша «Азат» қозғалысы құрылады. Жарылқасын Нұралиев жергілікті ұлттың тілін көтеруге, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттауға құлшына кіріскен ұлтжанды азаматтардың жұмысын облыстық ресми басылымда жазып, көрсетуде белсенділік танытты. Тау-кен жұмыстарында жергілікті ұлт кадрларының тапшылығы, өндіріс орындарының өзекті мәселелері, тау-кен жыныстарын ашық әдіспен өндірген кезде ауаға көтерілетін шаң- тозаңның адам денсаулығына тигізіп жатқан зияны, экология тақырыбын да қозғаумен болды. Жаңатастың да, Қаратаудың да өзекті мәселесі өткір жазатын журналистің қаламынан қағыс қалмады. Орыс тілі салтанат құрып тұрған жылдары ол екі шағын қаланың тұрғындары үшін ғана емес, Сарысу және туған мекені Талас ауданы үшін де өзі еңбек етіп жүрген басылым арқылы үлкен еңбек сіңірді. Редакция аппаратына ауысқанда облыстың он ауданын аралап, тынымсыз тер төкті. Шалғайдағы Мойынқұм, көрші облыстармен шектесіп жатқан Сарысу, Қордай, тоғыз жолдың торабындағы Шу және басқа да аудандардағы жылдар бойы шешімін күткен өзекті мәселелерді көтерді, оны жазып қана қоймай дер кезінде назарға алынбай жатса, қайта айналып соғып, тағы да қозғайтын. Облыс орталығының да тыныс-тіршілігі, түйткілі қырағы көзінен, ұшқыр қалам ұшынан тыс қалмады. Сол кезде ғой газет оқырмандары арасында «Жазса, Жырылқасын жазсын!» деген сөз шыққаны. Жарылқасын Сайлаубекұлы қазақтың даңқты перзенті Дінмұхамед Қонаев бастаған Хасан Бектұрғанов, Қаратай Тұрысов, Әбдір Сағынтаев, тағы басқа мемлекет және қоғам қайраткерлері, ауыл шаруашылығы саласының іскер ұйымдастырушылары, атақты ғалымдар мен өнер адамдары туралы да журналистиканың әртүрлі жанрында кесек- кесек дүниелер жазды. Облыстың белгілі азаматтары, қарапайым еңбек адамдары туралы жазғандарының өзі бірнеше кітапқа жүк болатын дүние. Бір ғажабы, бүгінде «Знамя труда» газетінде шолушы болып еңбек етіп жүрген Жақаң «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сынды іргелі шығармашылық ұжымда бірге еңбек етеміз ғой, илеп отырғанымыз бір терінің пұшпағы» деп біздің «Aq jol»-ға да жамбылдық белгілі жерлестеріміз туралы және өңірдегі көкейкесті мәселелер жайлы жазғандарын ұсынып тұрады. Оның облыстағы алғашқы тәуелсіз журналист екенін бүгінгі жастар біле бермес. Аға буын мен біздің замандастар облыстан шыққан тәуелсіз басылымдардың алғашқыларының бірі – «Шит» газетін ұмытпайды. Басылымның құрылтайшысы елге белгілі бизнесмен, кейіннен Парламент Сенатының бірнеше шақырылымының депутаты болған Шамсат Исабеков еді. Осы басылымға редактор болғанда шындықты шығарта жазатын талантты журналист кері тартатын кімді де, тірлігі тұралап қалған қай саланы болмасын «сойып салатын». Кейіннен «Южный экспресс» газетіне басшылық жасағанда да ақ жолдан айнымай, қолында асқан билігі, қалтасында миллионы бар талтаңдаған талайды тәубәсіне түсірді. Шындықтың шырақшысына айналған Жарылқасынның үстінен он рет сотқа шағым түскен. Соның тоғызы журналист- редактордың жеңісімен аяқталса, біреуінде ғана шағымданушы жақтың пайдасына 10 мың теңге айыппұл төледі. Республикалық «Юридическая газета» басылымының оңтүстік өңірдегі меншікті тілшісі болды. Мемлекеттік және тәуелсіз басылымдарда еңбек етіп, шыңдалу мектебінен өткен Жарылқасын Нұралиев 2006 жылы жеке өзі «Тараз Times» апталық газетін шығарады. Бір өзі пәлен беттен тұратын тәуелсіз басылымды шығару үшін қанша күш- қайрат, жігер, іскерлік керек. Мұның бәрі талантты журналистің бойынан табылды. Осы басылымды Астанадан, Алматыдан, Шымкенттен арнайы алдырып оқитын оқырмандары болды. Тараз қаласын айтпағанда, әр ауданда да «Тaраз Times» газетіне жазылушылар жүздеп саналатын. Азуын айға білеген небір алпауыттарды да, өңірді уысында ұстаған облыс басшыларын да аямайтын басылым кейіннен ресми тілмен қатар қазақ тілінде де шыға бастады. Қағаз бағасы аспандап, баспа қызметі шарықтап кеткенде мемлекеттік басылымдардың өзі күнін әрең көре бастаған ана бір жылдары оқырманынан біршама уақыт қол үзіп қалды. Дегенмен бүгінде газеттің сайты жұмыс істейді. Жақаң өзінің төл басылымын әл де болса тұрақты шығарып тұруға ниетті. Айтпақшы, ол облыстан шыққан белгілі және әр жылдары өңірде басшылық қызмет атқарған азаматтар туралы үш рет «Кто есть, кто в Жамбылской области» атты кітап шығарды. Төртіншісін дайындау үстінде. Бұл да оңай шаруа емес, қайбір жылы еңбек демалысында дүниеге белгілі кісілер туралы дерек жинап, кең-байтақ қазақ елін шарлап шыққанын білеміз. Ол кез әлеуметтік желі дамымай тұрған шақ еді. Бүгін зейнет жасқа толып отырған әріптес-доспен әңгімеміз қашанда журналистиканың бүгіні мен ертеңіне келе береді. Тағы да сол. «Жақа, жазудың машақатымен бала жастан «ауырдың ба», жоқ әлде мектеп бітірген соң ба? Әлі де тұғырдан түсіп тұрған жоқсың, алдағы арман-мақсат қандай? Бүгінгі, ертеңгі журналистика туралы не айтасың?» дедім. – Мен о баста мектеп бітірген соң Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебіне түсуді армандайтынмын. Өзің білесің, біздің жастық шақ, жігіттік кезде орысша білмеген адам екінші «сортты» адам болды ғой. Қаратаудағы орыс мектебінде оқып, бітірдім. Әкемнен анамның құрсағында қалғанмын. Ана тәрбиесінде болдым. Жарықтық өзінің саналы ғұмырын сауда саласына басшылық қызметке арнады. Өте таза, зиялы кісі болды. Қатар-құрбыларымнан кем қылмай өсірді. Әділдікке, шындыққа тәрбиеледі. Соның әсері шығар, жас кезімнен темірдей тәртіпті ұнатып өстім. Милиция болам деген арман сол бала кезде келді-ау санама. Бірақ, мектепте оқып жүрген кезде шатып- бұтып бірдеңе жазып қоятыным болды. Ол кезде қалада газет жоқ, оны қалай жарыққа шығарасың. Өстіп жүріп, мектеп бітірдік. Қазақстан бойынша Алматыда ҚазМУ-де журналистер дайындайтын жалғыз факультет бар екенін білдік. Сол Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түстік. Жоғары оқу орнынан кейінгі өмір жолым көз алдыңда. Рас, біз басымыз қосылған сайын журналистиканың болашағына алаңдаймыз. Ертең қалай болады? Кешегі даңқты декан Темірбек Қожакеев бастаған ұлы ұстаздардың дәрісін тыңдап, тәрбиесін алған шәкірттерінің өзі жылдан жылға азайып барады. Аман-сау жүргендеріміз зейнет жасына жетудеміз. Қазір білікті журналист тапшы. Әр облыста, тіпті кейбір қалалардың өзінде жоғары оқу орындарында журналистер даярлайтын бөлімдер бар, қайда соның түлектері? Енді үйде жатып, бірыңғай шығармашылықпен айналысайын десем, басшылық тағы бір жыл жұмыс істеп беріңіз деп қолқа салуда. «Ақ жолға» Мақұлбек Рысдәулет ағамыз басшылық жасап тұрған 2005 жылы бір топ жастар келді. Сол жас қыз-жігіттердің көшін бастап келген өзің де өкшемізді басып, келіп қалдың. Біздің «Знамяға» ондай толқынның қашан келгені есте жоқ. Алдағы уақытта мерзімді басылым тағдырының қалай боларын дөп басып айта алмаймын, бір-ақ мәселе – халыққа газет керек. Ертеңгілік шыққан газетті бояуы кеппей жатып, айқара ашып жіберіп оқығанға не жетсін!, – дейді ол. Әріптес-достың Құдай қосқан асыл жары Райханның да Анаркүл аналарына деген құрметі ерекше еді. Қабағына кірбің түсірмеді, үстіне қылау жолатпады. Оны өзіміз де талай көрдік. Тоқсанға жетіп, кәрілік қанша меңдесе де аналық асыл қасиетінен айнымай «Жақаным, Райханым» деп өтті. Ал енді үш немереге дегенде кейуананың шығарға жаны жоқ еді. «Біздің алаңсыз жұмыс істегеніміз, бірінші анамыздың арқасы» дегенді ерлі-зайыпты жандардан талай естідік. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген. Рас қой, бір қыз, екі ұлды бағып-қағып, ата-анасы жұмысқа кеткенде қарау үлкен кісінің мойнында болды. Жарылқасын Нұралиев Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалын ұзақ жылдар жемісті басқарды . Журналистер конгресі атқару комитетінің мүшесі болды. Ресми тілде жазатын әріптесіміз осындай қоғамдық негіздегі қызметте жүріп, қазақ журналистикасының өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі де зор. Ол ұзақ жылғы журналистикадағы жемісті еңбегінің арқасында Журналистер одағының лауреаты атанды. Облыс әкімінің, түрлі басқарма, мекемелердің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын иеленді.  

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар