Сіз ертеңге сенесіз бе? немесе қорқыныш синдромы

Сіз ертеңге сенесіз бе? немесе қорқыныш синдромы
ашық дереккөз
Сіз ертеңге сенесіз бе? немесе қорқыныш синдромы
«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін...». Бас кейіпкері Қайрошты осылай алақ-жұлақ еткізіп, алқындыра жүгіртіп басталатын шығарма естеріңізде ме? Иә, бұл – Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы. Бұл – жетімдік пен жоқшылық қанша зардап шектіріп, кедейлік қолын байлағанымен, жолын байлай алмаған Қайрош. Соңғы күшін жинап, бір табын сиырды тастап, ауылдан соңына қарамай зытып, қалаға қашатын себебі ол білім алып, қараңғылықтан құтылғысы келеді. Түнектен шықсам дейді. Қорқынышын жеңіп, одан қорытынды шығарып, өміріне өзгеріс енгізуге ұмтылу Қайроштың қолынан жақсы келгенін автор тамаша суреттейді. Түрлі ойға жетелейді, әркімнің ой түйіні – әрқилы ғой. Бірақ жалпы қорқынышпен күн кешу адамды селқостыққа, енжарлыққа ұрындырары анық. Ол түбі ертеңге деген сенімді өлтіреді. Сөйтіп, адам ол жолдан шығудың жолын тапқанша үрейдің тұңғиығына қалай батқанын өзі де байқамайтын болса керек. Сананы бейбіт күнде үрей билеп алса, жұмыр бастының барлығы өзінің ертеңіне деген арман-мақсатын жоғалтып қоятыны анық.  width= Бүгінгі мың құбылып, сан тербелген қоғамда әрбір жүректі қорқыныш билеп-төстеп алғандай көрінеді маған. Себебі, жұртшылық бір-біріне сенуден қалып барады. Алдау, арбау, алаяқтық, қарап отырып қазынасын жоғалту, күдік-күмән әр жүректі діріл қақтырып тұр. Мәселен, сізге бейтаныс нөмірден телефон шалса, бірден тұтқаны көтеруге қорқасыз. Таныс жағдай ма?! Өйткені, ол алаяқ болуы әбден мүмкін. «Банк қызметкерімін» деп таныстырып, алдап-арбап, одан әрі майда тілімен баурап, санаңызды жаулап, сізді жиған- тергеніңізден айырады. Кез келген таксиге отыра салудан да қорқасыз. Бұл да сізге таныс жай. Күн сайын әртүрлі жантүршігерлік оқиғаларды құлағымыз шалады. Көзіміз де көріп жүр. Қорықпағанда қайтеміз?! Балаңызды алаңсыз аулада ойнатып қоюға да қорқасыз. Ұрлап кетуі мүмкін. Немесе бірдеңеге ұрынып, жазым болса, ата-ананың өзі жауапқа тартылады. Оларды үйге тастап кету де бір уайым. Терезеден құлап кетсе, газ жанып қалса, тағысын тағы... Балабақшаға алаңсыз апарып тастасаң да көңілің жайланбайды. Ертеңерте сау кеткен бүлдіршін кешке қанжоса болып келсе де, бұрынғыдай жаға ұстамайсыз. Өйткені көз үйренген жайтқа айналған. Жайбарақат отырып, шай ішуден де қорқамыз. Себебі оның құрамында денсаулығыңызға зиянды заттар сөзсіз табылады.  width= Сонда деймін, біз өзі неден қорықпаймыз?! Шыныңызды айтыңызшы үнемі ішіңізде бір үрей тұрады ғой. «Қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» деген соң, не зорық?» демекші, әлемдік пандемия да үрейге қамшы басты. Таза ауаны кеуде керіп жұтуға да қорқамыз. «Вирус шашылған» болуы мүмкін. Екпе алып сақтануға тағы батылымыз жетпейді. Өйткені, оның пайдасынан зияны көп дегенге сенеміз. Адамдар бұрынғыдай бір-бірімен емен-жарқын, құшақ жая амандасуға да батылы жете бермейтін күйге түсті. Аңқылдақ ақ пейіліңізден ертең ауру табуыңыз мүмкін. Қазір қазақ бір-бірінің есігін себепсіз ашуға да қорқады. Біреу шақыра қалса, «той ма, туған күн бе?» деп тағы ойланады. «Қанша апарып, қандай сыйлық жасаймыз» деп тағы көңіл алаң. Ал анау... Жыл басындағы үрейлі күндер ше?.. Қаңтар оқиғасынан кейін әлі күнге дейін беймезгіл уақытта далаға шығып, алаңсыз жүруден де қорқатын болдық. Ең басты мәселе адамдардың бір-біріне деген мейірімі жоғалып, оның орнын үрей мен қорқыныш жайлап алды. Біреу қиындыққа тап болса да, көмектен бұрын «әдейі жатқан жоқ па?» деген күдікті ой бірден ойымызға оралатын болған. Неге?! ...Түскі үзілістен соң, жұмысқа қарай аяңдап келе жатқанмын. Аялдамаға жақындап қалғанда 4-5 жастар шамасындағы бүлдіршіннің «Апа, тұршы!» деп шырқырап жылап жатқанын құлағым шалып қалды. Аялдамада тұрған бес-алты адам міз бағатын емес. Ары-бері өтіп жатқан адамдар да балаға көз тоқтатып қарамайды. Мен жүрісімді жылдамдатып жылап тұрған баланың қасына келдім. Сол кезде арғы жақтан екі студент қыз да бұрылды. Бала жылауын қояр емес. Жерде жасы алпыстан асқан әйел есінен танып құлап жатыр. Әлгі бүлдіршіннің апалап шырылдап тұрғаны сол екен. Екі қыздың бірі алдымен апаның қолындағы ұялы телефонды алмақшы болып еді, саусағын ажырата алмады. Үш жақтап апаны қозғалтуға ұмтылып едік, қолымыздан келмеді. Жедел жәрдем көлігіне телефон шалмақшы болғанымызда, аялдама тұсына тоқтаған машинадан бір келіншек ентелей түсіп жүгіріп: «Тиіспеңіздер, мен ол кісінің қызымын жедел жәрдем шақырып қойдым, өзім алып кетемін» деп айқайлады. Аңтарылып тұрып қалған кішкентай бүлдіршін қуанып кетіп, келіншекке қарай «мамалап» жүгірді. Артынша жедел жәрдем де келді. Кейін сұрап білсек анасы басы айналып, құлап бара жатқан мезетте осы маңға жақын тұратын қызына хабарлап үлгеріпті. Ұялы телефоны сол күйі қолында қосулы қалса керек. Екі студент қызбен жолымыз бағыттас болған соң тілдесіп қалдым. «Шынымызды айтсақ, көмектесуге қорықтық. Бізді тонап кетейін деп өтірік жасап жатқан жоқ па деп ойладық. Алдында бір сондай жағдайға тап келгеніміз бар», – дейді екі бойжеткен. Біз бір-бірімізге деген сенімді қашан, қайда жоғалттық? Қорқыныш синдромы жүрегімізге қалай орнығып ұя салып алған? Бұлай қашанғы жалғасады? Сіз ертеңге сенесіз бе? Жауап беруге де қорқатын сияқтысыз ба?! Бәлкім, бізге де сөз басында мысалға алған кейіпкеріміз Қайрош секілді жақсылыққа, жарқын болашаққа ұмтылу үшін қорқыныштан арылу қажет шығар?!  

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Ұқсас жаңалықтар