- Advertisement -

Көк куәлік неге керек?

52

- Advertisement -

Қалың қалай, батыр ана?

Қазақ отбасылық өмірді есеп-қисапқа салмаған. Баласының санын айтпаған. «Біреуді көріп бүкір боп, біреуді көріп шүкір боп» жүретін жүрісінен де жаңыла қойған жоқ. Байлардың мұңы әу бастан аз. Ал жалақысы жанбағысына жетпейтін, жәрдемақыға қараған жұртты кім елеп жатыр? Мұндай мұқтаж топтың мүддесін қорғайтын түрлі бағдарламалар, әлеуметтік қолдаулар елімізде жоқ дей алмаймыз. Бірақ олар біркелкі емес. Тараздық бір топ ана осы мәселемен редакциямызға арнайы келді.

Тараз қаласының тұрғыны Мәдина Әбс ат «Күміс а лқасын» ба ласы екіге толуға жақындағанда алыпты. «Алтыншы баламды туғанда «Мен күміс алқалы анамын» деп қатты қуандым. Бірақ олай болмай шықты ғой. Баламның тура 1 жасқа толғанын күттім. Сосын барып, қалалық әкімдікке келіп өтініш жаздым. Одан тағы 6 айдан астам уақыт күттік. Міне, мен оған енді ғана шын қуанып отырмын. Бала өмірге келе сала осы атағымызды неге бермейді? Көк куәлік пен алқамызды үйге әкеліп іліп қойдық. Оның біздің өңірімізде түкке де пайдасы жоқ екен. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Маңғыстау, Алматы сынды қалаларда көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүріп, жылына бір рет шипажайда демалуға жолдама алады екен. Мұндай көмектер біздің облысымызда неге жоқ?», – дейді ол.

Облыстық мәслихаттың депутаты Жұмахан Тәнкебаев бұл көмекті көпбалалы отбасыларды бөліп- жармай беруін қолдайтындардың қатарында. «Әрине, барлық көпбалалы отбасылардан бұл көмекті аянып қалуға болмайды. Біздің аймағымыз бойынша да жүзеге асыруға болады. Егер қоғамдық бірлестіктер бас көтеріп, аналар тарапынан осындай қолдау, ұсыныстар түсіп, мәселе көтеріліп жатса онда оның оң шешімін табуға депутат ретінде атсалысамыз», – дейді.

Аналарымыздың да өтініш- тілегі осы. «Шыны керек, көпбалалы отбасыларда аналардың дені үйде, бала күтімімен отырады. Бір айлықпен күнкөру қиын. Сондықтан мұндай отбасыларға қандай көмек көрсетілсе де артық емес. Қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік берсін. Әйтпесе менің көршім Нұр-Сұлтанда тұрам деп кетіп қалды. Еліміздің барлық өңірінде бірдей болуы керек қой. Бөліп жаруға болмайды», – дейді көпбалалы ана Дана Дәулетназарова.

Аймағымызда 30 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Еліміз бойынша үшінші орынға табан тіреп тұрмыз.

Өзге елдің әлеуметтік қолдауына көз қыздырмаймыз. Десек те, дамыған елдердің демеуі мен біздегі айырмашылықтың аражігі қандай? Мәселен, Францияда көпбалалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында 1921 жылы қабылданған «Үлкен отбасы» мемлекеттік бағдарламасы табысты жұмыс істейді. Бала саны көбейген сайын салық азая береді. Мысалы, төрт баласы бар отбасы салықтан мүлде босатылады. Бұл жеңілдік бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел таралған. Ал Швецияда бұл топтағы отбасыларды пәтерақы төлеуден босатып, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне тегін қатыстырады. Сондай-ақ азық-түлікті тегін алуға арнайы талон беріледі. Біріккен Араб Әмірлігінде шаңырақ көтерген жас отбасына елдің неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсімсіз несие беріледі. Бұл қаржыны қайтару міндет емес, себебі тұңғыш бала туған бойда бұл қарыз бірден кешіріледі.

Дегенмен жәрдемақысы жоғары елдерде бағаның қаншалықты төмен екені бізге белгісіз. Бірақ Финляндия, Корея секілді елдерде, әсіресе, Қытайда бала туғанға мүлдем жәрдемақы берілмейтінін білеміз. Тіпті, бала санын шектеп отырған елдер де бар.

P.S. Білгенге, біздің елдің демографиялық саясаты – нағыз пәрменді саясат. Үш баласы бар ана көпбалалы ана атану үшін тағы бір бала туады. Көпбалалы ана зейнетке ерте шығамын ғой деп ойланып, тағы бір қадамға барып көреді. Бес баласы бар ана күміс алқамды алып алайын деп алға жылжиды. Күміске жеткен соң, енді алтын алмаған нем қалды дейді де, батыр ана атанып шыға келеді. Солай ма? Бұл рас па? Рас болcа, бұл халықтың әлеуметтік жағдайының тым төмендігін көрсетпей ме?! Бұл мәселенің мән-жайын алдағы сандарымыздың бірінде толыққанды талқылайтын боламыз.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support