- Advertisement -

Жаңа оқу жылы: дайынсың ба, оқушы?

157

- Advertisement -

Азық-түлікті айтпағанда, Қазақстан ТМД бойынша киім-кешек бағасының қымбаттығы жағынан Ресейден кейін екінші орында. Биыл елімізде киім-кешек пен аяқкиім бағасы 10 пайызға өскен. Мұның салқыны мектепке дайындық науқанына тиіп отыр. Бұл уақытта саудагерлер өз мүмкіндіктерін жібермей, тауар бағасын өсіріп қояды. Оған инфляцияны қосады. Ал сосын жыламай көр. Қай ата-ана баласының сапалы киім кигенін қаламайды. Өзінен аяғанды өзегін жарып шыққан перзентіне алып бергісі келеді. Бірақ нарық қарық қылмаса қайтеді? Мәселе – сонда.

 «AMANAT» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат Институты шілде айында оқушыға ең қажетті деген құрал- жабдықтар мен киім-кешектің бағасын есептеп шығарды. Зерттеуге «ABDI», «Glasman » дүкендерінің онлайн және бөлшек саудадағы киімдері мен оқу құралдарының баяғасы алынған. Институт оқушыға ең қажетті кеңсе тауарларының бағасы 13 885 теңге болатынын есептеген. Бұл бағаға баланың оқуына қажет 22 зат кірген, оның ішіндегі ең қымбаты – рюкзак (6 800 теңгеден басталады), ал ең арзаны – қарындаш пен ұштағыш (50 теңгеден басталады). Ал мектеп формасы мен спорттық костюм орташа есеппен 69 980 теңге тұрады. Қыздардың киімі сәл қымбаттау – 71 980 теңге. Нәтижесінде, бір мектеп оқушысын мектепке дайындауға 83 865 теңге керек.

Біз де аймақтағы ахуалды бір шолып, оқушылардың мектепке қажетті заттарына зерттеу жүргізіп көрген едік. Тараз базарларынан «Ажар», «GLASMAN», «Сымбат» ірі тігін фабрикаларының топтамаларын кем дегенде 25-30 мың теңгеге алуға болады. Оның ішінде ақ жейделері бөлек есептеледі. Олардың сапалы дегендері 6 мыңнан басталып, 10 мыңға дейін барады. Бірінші сыныпқа баратын баланың формасына (1 пиджак, 1 жилет, 1 шалбар) 20000 теңге жұмсайсыз. Егер отбасында үш-төрт бала болса, шығынның көлемі екі-үш есе артады. Сауда нүктелерін аралау барысында бұдан төмендеу бағадан керегін алуды іздеген ата-аналарды көптеп кездестірдік.

«Бұл қарапайым, көпбалалы отбасыларына ауырлық етеді. Сондықтан базарда сандалып жүрміз. Қытайдікін балаларыма 11 мыңнан алып тұрмын. Ақшамыз аз ғой. Әйтпесе кім жақсыны кигісі келмейді? Бір жыл ғана киеді ғой деп өзімізді алдап тұрмыз», – дейді Тойгүл есімді апай. Оның айтуынша, формадан бөлек, мектеп құралдарына – 10 мың, сөмкеге – 8 мың, аяқ киімдеріне – 12 мың, спорт киіміне – 9 мың, футболкасына 2 мың кетіпті. Бұл – Тойгүл апайдың қаланы шарлап жүріп тапқан дүниесі.

Ал өзіңіз «ABDI» кеңсе заттарынан оқу құралдарын алып, «Спорт мастер» дүкенінен спорт киімдерін, отандық фирмалардың киімдерін алсаңыз, бұдан екі есе қаржы жұмсайсыз. Аяқ киімдердің де бағасы аспандап кеткен сияқты көрінді бізге. Оның орта бағасы – 15000-20000 теңге, арзанырақ іздесеңіз, Қытайдан келетін аяқ киімдердің өзі 8000 теңгеден тұр екен. Айта кету керек, баға әлеуметтік топтарға қарай бөлінген. Ақшасы барлар «Mart»-дан бастап, түрлі жабық базарлардан бір балаға 100-150 мың теңгені шығарып, киіндіріп ала алады. Ал қала сыртындағы «Орталық базар», «Ауыл-Береке», «Бек» сынды базарлардан киіндіруге орта есеппен 60-100 мың теңгеңізді дайындай беріңіз. Қалам-қағаз жинақтауға 10-15 мың теңге жеткілікті. Спорт формасының құны 10 мың теңгеден басталады.

Мектепке керек киім-кешек пен құрал-жабдықтың ең төменгі бағасын есептегеннің өзінде біршама шығын болады екен. Айта кетерлігі бүгінде мектеп формасын дайындайтын отандық өнеркәсіптер жетерлік. Өкініштісі, олардың  тауарларын алуға екінің бірінің шамасы келе бермейді. Оның қасында қытай мен қырғыздың, тіпті түріктердің тіккен мектеп формалары отандық өндірушілердің шығарған киімінен арзанырақ. «Биыл азық-түлікпен қатар киім-кешек бағасы да өсті. Өйткені нарықта матаның бағасы қымбаттады. Қазақстан матаны шетелден алдыртады, ал импортқа тәуелді болу, доллар бағасына тікелей байланысты. Біздің тігін фабрикасы мектеп формасының матасын шетелден тоқытып аламыз. Былтыр мектеп формасының бағасы биылғыдан 20 пайызға арзан болған.

Биыл мектеп формасының бағасы қымбаттап, ата-аналардың қалтасына ауыр тиіп отыр. Ата-аналар тығырықтан шығудың жолын іздеп, kaspi red, бөліп төлеу қызметтеріне жүгініп отыр. Оларда басқа амал жоқ, өйткені баласын оқу жылына дайындап, қатарынан қалдырмау керек», – дейді «Гаухар» тігін фабрикасы директорының орынбасары Құралай Борашқызы.

Дерек пен дәйек

Статистикаға сенсек, соңғы бір жылда футболка 12,8 пайызға, шұлықтар мен гольфилер 10,9 пайызға, мектеп жасындағы балаларға арналған маусымдық күртешелер 10,5 пайызға, қысқы комбинезондар 10,3 пайызға қымбаттаған. Бұдан бөлек, мектеп жасындағы балаларға арналған қысқы күртешелер 9,7 пайызға, джинсы 9,3 пайызға, шалбар 9,1 пайызға, колготки 8,6 пайызға, ұл балаларға арналған жейделер 8,5 пайызға, спорттық костюмдер 7,9 пайызға көтерілген. Балалар аяқ киімінің бағасы да қымбаттаған. Балалардың қысқы етігі мен бәтеңке 15,9 пайызға, кроссовкалар 15 пайызға, жазғы сандалийлер мен туфли 13,4 пайызға, балалар маусымдық аяқ киімі мен қысқы аяқ киім 13 пайызға, қыздарға арналған туфли 9,7 пайызға өскен. Кеңсе тауарлары бағасы 9,9 пайызға қымбаттаған.

P.S: Еліміз бойынша төрт және одан да көпбалалы 487,6 мыңға жуық, облысымыз бойынша 30 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар екен. Ал көпбалалы отбасындағы әр балаға берілетін жәрдемақы мөлшері 12 252 теңге ғана. Бұл ақша бір баланың кеңсе құралдарын алуға да жетпей қалады. Сондықтан кредитке киім іздеген ата-ананы да түсінуге болатын шығар.

 

Гүлжан РАХМАН

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support