- Advertisement -

Ауылдағы ағын су мәселесі шешілмей келеді

82

- Advertisement -

Ала жаздай маңдайының тері табанына тиіп, нәпақасын Жер- Ананың төсінен ажыратып жүрген Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тұрғындары бүгінде егіні қурап, су тапшылығының зардабын тартуда. Аядай ауылына жаны ашымаған ауылдық округ әкімінің бұл әрекетін қалай түсінуге болады?

Анығын айтқанда, ауыл халқы сөйлесін:

– 3 жарым гектарға қарбыз, 4 жарым гектарға картоп ектім. Су бермей жатыр. Біреу 60 гектар жерді алған. Судың барлығы сол жақа кетіп жатыр. Суымызды, өзенімізді экскаватормен жауып тастаған. Қарбызымыздың үлкені әңгелектей, қалғаны алмадай ғана. Осы жерден жүз гектардан аса қарбыз аламын деп жоспарлаған едім. Қайдағы жүз гектар. Оның жартысын да ала алмай отырмыз. Осыдан екі апта бұрын да суымызды жауып кетті. Ауыл әкімі: «ковшпен жабуға мен рұқсат берген жоқпын», – деп ақталып отыр. Солай ауыл әкімі бес-алты адамды жинап ашып берді. Екінші рет тағы да судың басын байлап тастап отыр. Қарбызымыздың барлығы қурап қалды. Осыншама өнімімді өндіріп берсін. Ала жаздай еңбегіміздің нәтижесін көрсеңіздер, адам жылағысы келеді. Ел алмайды мынадай қарбызды. Әкіміміз бар, барлығының істеп жүрген тірлігі осы. Көлден матормен тартып жатыр, сізге су жоқ деп тұр дәл егін пісетін уақытта. Су болса әрбірі 8-10 келіге дейін баратын қарбыздар еді. Картобымыздың сыртқы қабығы да жоқ. Барлығы түйін күйінде қалды.

Шаруа қожалықтарынан бөлек ауылдағы 360 үйді қолдап қуратып отыр. Аукционмен біреуге алпыс гектар жерді беріп қойған. Су соған кетіп жатыр. Жылда 3 рет су ішетін үйлер бар жоғы екі-ақ рет су ішті. Жаздай бір жарым ай суды ауыл халқынын аузынан жырып, соған қарай айдады. Екі ортада халық қурап отыр, – дейді Сейітжан Шымырбеков.

Су жоқ жерде мұң көп. Жалпы адам ағзасының сексен пайызы судан тұратынын ескерсек, онда осы ауыл халқының тынысын тартылтып отырған кім?

– Жасым сексенде. Осымен ауылдағы алғашқы шаруа қожалығын 1996 жылы аштым. Содан бері осындай қиындықтармен келе жатырмыз. Ауыл маңындағы шаруа қожалықтардың жасап жатқаны үлкен жұмыс. Оларды ешкім қолдап жатқан да жоқ. Барлығын өз қаражаттарымен жасауда. Ауылда тек мектеп, балабақша және медициналық пункт бар. Азғантай халық соған алданады. Басқа жұрт осындай жерімен, малымен күн көріп отыр. Ал бізде оған қажетті ағын судың жайы шешілмей келеді. Шұңқырәуітке 3 жарым миллион куб су жинайды. Соның 2 миллион кубы халыққа жіберілуі керек. Әуіт 350 гектарға есептелінген. Бұрын шаруа қожалықтары болмаған кезде совхоз білгенін істеп, суды айдап жіберген. Бір адам үшін бүкіл ауылды судан қысып отыр. Бір өзі алпыс гектар жерді алған адамның қайдан келгенін білмейміз. Бұлай жалғаса берсе ауылдың келешегі қалай болады? Жанайқайымызға билік тарапынан құлақ асатын ешкім жоқ. Ауылда жүзге жуық малы бар үйлер де бар. Оларға да жемшөп керек. Ал шөбіміз қурап кетті. Өзімнің 16 жарым гектар жерім бар. Бір-ақ рет су іштік. Ауылда іс бастап, егін салған азаматтардан обал болып тұр. Қыруар шығын шығардық. Шұңқырәуітті ата-бабаларымыз өз қолымен жасаған. Кімнің қандай құқысы бар оны техникамен жауып тастауға. Сонда ауыл халқы адам емес па? Ауылда жалпы шаруа қожалықтар мен аула қожалықтарды қосқанда суға мұқтаж төрт жүз гектар жер бар. Олардың барлығы қазір ағын судың азабын тартып отыр. Ал ауылдың суын алып қойған адам ешкімді елеп отырған жоқ, – дейді «Мұрат» шаруа қожалығының төрағасы, ауыл ақсақалы Алдаберген Байпақов.

– Картоптың да жағдайы өте қиын. Павлодар тұқымын алдырғанбыз. Көлемі де үлкен болуы керек еді. Өкінішке қарай, судың болмауынан қазір қойдың құмалағындай-ақ болып қалды. Су болмағаннан кейін өнім болмайды. Асқабақ та ектім. Барлығы қурап, сарғайып кетті. Енді ол асқабақтар су келген күннің өзінде өнім бермейді. Төккен тер мен еңбегім зая кетейін деп тұр. Егісімнен күдерімді үздім, – дейді шаруа Ғани Рахманбаев.

«Тура өнім алатын кезімізде судан сорлап қалдық. Тіпті бала кезден ағып жатқан суымызды бәзбіреулер келіп жауып тастады. Бұрын пәленбай гектар су ешқандай айқай-шусыз суғарылатын. Ол кезде халықа кезекпен берілетін. Қазір мұндай тәртіп жоқ», дейді ауыл ақсақалы Байбосын Жорықпаев.

Бұрындары дәл осы Шұңқырәуіттен ауылдықтар қаншама гектарды суғарып, ешқандай тапшылық көрмей егін алатынын айтты. «Қазіргі жағдайда бір адам үшін бүкіл ауылды құрбан етіп отыр. Неге олай істейді? Қаншама есік алдындағы талдарымыз қурап қалды? Ауыл әкімі басында жерді, суды бөлгенде халықпен неге санаспайды? Барсаң су жоқ дейді. Өзіміз күшімізбен сол суды батпақ кешіп жүріп тазалап алатынбыз. Қазан айына дейін су алатынбыз. Қазір су қыркүйекке жетпек түгілі, тамызда тамшы су таппай отырмыз. Биыл барлығына айтарымызды айттық. Егін қурап кетті. Енді келесі жылы тура осылай болатын болса, суды жабатын техникасының алдына қаз-қатар жатып аламыз», – деді ауыл тұрғыны Тілеубай Үсеев.

Біз орын алған мәселеге орай ауыл әкімінің уәжіне де құлақ түрген едік.

– Ауылда қазір шаруа қожалықтары да, егістік көлемі де ұлғайып жатыр. Соған байланысты су тапшылығы мәселесі туындап отыр. Осыған байланысты біздің алдағы уақытта қосымша су қоймаларын саламыз деген жобаларымыз бар. Тек қаржы бөлінуін күтіп отырмыз. Экосистема шаруа қожалығы 60 гектар жерге жүгері еккен. Ол жер телімін Дәулет Егемберидев есімді азамат 2020 жылы конкурспен заңды түрде алған. Биыл «Әлия» деген өзінің селекциялық асыл тұқымды жүгерісін егіп отыр. Көлден алшақта, яғни он шақырымдай болғандықтан сол жерге суды насостармен, моторлармен алып отыр. Суды мотормен айдап жатқан қожалықтың мұрабы ауылға кететін құлақтардың барлығын бекітіп кеткен. Ол азамат моторларды өз қаражатыммен қойдым, егер ауыл халқы, басқа да шаруалар су аламын десе дәл солай матор сатып алып орнатып, ала берсін деп отыр. Ондай жағдайда суға қазіргідей талас болмайды. Ал қазір өзінің маторы ғана су айдап жатқандықтан ешкім таласпасын деп отыр. Басында құлақты жаппай екі, үш күн су айдаған екен. Бірақ су егін басына жетпепті. Сол үшін де құлақтарды жапқан. Көлдің суы сарқылғандықтан табанындағы суды солай насоспен тартуда. Ауылда су қоймасы салынбай бұл мәселеден құтыла алмайтынымыз анық. Тек қаражат бөлінсе ғана мәселе оң шешілмек, – дейді ауылдық округ әкімі Ғарифолла Бакенжиев.

Халық – Құдайдың 99 есмінің бірі. Һәмнің хәл ортасында бір адам үшін 330 үйді және шаруа қожалықтарын қашанғы сорлатып қояды?! Егіні қурап, есі кеткен ауыл тұрғындарының ендігі үміті облыс басшылығында.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Талас ауданы,

Қызыләуіт ауылы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support