- Advertisement -

«Қарызға алынған сөздер» қашан қайтады?

88

- Advertisement -

Шомылық деген ванна, жемелек – лента, ғаныш кәдімгі гипстің аудармасы екенін білдіңіз бе? Мұны аспаннан алып айтып отырғанымыз жоқ. Бұл – біздегі терминологиялық комиссия бекіткен, оқулықтар мен өзге де ресми құжаттарда қолданылып жүрген сөздер.

Ағылшындар өз тіліндегі кірме терминдерді «қарызға алынған сөздер» деп атайды екен. Бүгінде бірде-бір сөзді сырттан кіргізбейтін мемлекеттер бар. Мысалы, қытайлар термин сөздерді түгел аударып, өз иероглифтеріне салады да қытайша сөйлейді. Кезінде шетелдік тіл мамандарының бірі қазақ тілі туралы мақаласында «10 сөзден тұратын сөйлемнің жеті сөзі Еуропаның сөзі, тек дық-дік, тық-тік деген жалғаулары ғана сендердікі. Мұндай жағдаймен қазақ тілін қалай байытпақсыңдар?» деген екен. Шындығы сол, қазақ тілі орыс тілінің қазақи нұсқасына айналып барады. Термин тізімдерін бекітуде жауапты саналатын бірден-бір орган Терминологиялық комиссия ұсынысты қабылдай салады, мақұлдаса бекіте береді. Талқыға салмай-ақ, тасқа басады.

Тілдің табиғатын бұзбас үшін, терминдердің ары кетсе 20-30 пайызын ғана шет тілдерінен алған жөн. Ал 70-80 пайызы қазақтың төл сөздері болуы керек екен. Бізде бүгінге дейін 21 мың термин аударылыпты. Оның 40 пайыздайы ғана өз тілімізден алынған, өзгесі кірме сөздер.

Ал ұлт тіліндегі терминологиялық қордың негізін қалаған алаш зиялылары кезінде нақты қағидаттарды ұстанған. Ең алдымен ұлт тілінің ішкі мүмкіндігін пайдалану, яғни, сырттан келген терминдердің мүмкіндігінше қазақ тіліндегі баламасын табу, таппаған жағдайда туыстас түркі халықтарынан алу, ал екеуі де болмаса, шеттен енген сөздерді қазақ тілінің заңдылығына икемдеп пайдалану. Термин жасаудағы ең сәтті баламалардың да көбі осы кезде туғанын айту керек. Алайда алаш зиялыларының көзі кеткен соң жаңа ереже күшіне енді. Ол шет тілінің сөздерін қалай жазылса солай жазу. Содан кейін председатель, бұрын төраға боп келсе енді аудармай алу керек, кеңес деп келген сөзді совет деп, алаштың қайраткерлері кәмөнес деп келсе, оны коммунист деп дәл орыс тіліндегідей жазу керек деп енгізілді.

Ақыр соңында оны тіліміздің дамуы деп түсіндірдік. Шын мәнінде бұл тіліміздің бұзылуы.

Тіпті, әліпбидегі таңбаларды 42-ге жеткізудің де саяси астары болды. Яғни ц, ё, я, ю секілді дыбыстар осындай кірме сөздерді орыс тіліндегідей өзгертпей жазу үшін енгізілген еді. Бұл дерттен енді біз бір айықсақ, латын әліпбиіне көшу арқылы ғана айығуымыз мүмкін» дейді тіл маманы Айнұр Бақыт.

Жалпы, сырттан енген сөздерді сындырып жазу тәжірибесі бізде бұрыннан бар. Мұндай сөздердің тілімізге сіңіп кеткені соншалық, бөгде екені байқалмайды. Мысалы, қазақтың бөкебай шәлісі орыстың «пуховой» сөзінен шыққан, әміркен етік кәдімгі америкалық етік. Самаурынымыз «самовар», кереуетіміз «кровать» сөзінен шығып отыр.

Термин сөздерді қолданысқа енгізуде бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше. Өйткені, халық заң-зәкөнді оқымағанымен, газет қарайды, теледидар көреді, радио тыңдайды. Демек, халықтың санасына жаңа сөзді бұқаралық ақпарат құралдары сіңіретіні анық. Бірақ қалам ұстағандардың көбі термин сөздерді қолдануға келгенде тосылатынын мойындайды.

– Өйткені бірізділік жоқ. Өзімізді шатастырады. Ана сөздік анандай деп аударады, мына сөздік мынандай деп аударады. Сөздің қадірін білмейтін, журналистикаға жолдан қосылғандар осындайда шатасады. Сөйтіп бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Сөз бізге келеді. Менің ойымша терминком термин бекітерде жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал. Сосын ол сөздерді қолданысқа енгізе алатындай құзірет болу керек дейді, – «Eqemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Табиғат Абаилдаев.

Кеңестік кезеңде қалыптасқан шет тілдерінің талай сөзін әлі күнге дейін сол күйінде айтып-жазып келеміз. Терминдерді шет тілдерінен өзгеріссіз ала беруден жалпыұлттық тілге келетін ешқандай зиян жоқ деп түсінетіндер де бар. Бірақ алаш қайраткерлері өз заманында-ақ, мұндай сөздерге «жат сөздер», «кірме сөздер», «бұратана сөздер», «бөгде сөздер», «қотыр сөздер», «бұралқы сөздер» деп лайықты бағасын берген болатын.

Өзге тілдерден енген сөздерді төл сөздеріміздей көрмей, оларды бөтенсініп жат, кірме, бөгде, қотыр, бұралқы, бұратана деген анықтауыштармен беру тіл тұтынушыларының, зиялылардың бұл сөздерге деген сол кезеңдегі көзқарасын білдіреді. Ал 30 жылдардан бастап бұл атауларға «интернационалдық терминдер», «халықаралық терминдер» деген ат беріп, мұндай атаулардың көптеген халықтардың тілдеріне ортақтығын, ғылым-білім саласындағы қарым-қатынасты жеңілдететіндігін баса айта бастадық.

«Соқыр көргенінен жазбайды» демекші, кеңес заманында орысша нұсқадағы сөзді бұлжытпай жазып келген біздер әлі сол ұстанымнан құтыла алмай келеміз. Кірме сөздерді сол қалпымен тоғыта беру ұлттық санамызға селкеудің түскені емес пе? Тәржімаға көніп тұрса аударған дұрыс-ақ, бірақ жөні осы екен деп, аударуды қажет етпейтін терминдерді оңды-солды қазақшалап, тағы да қателікке ұрынып жүрміз…

 

Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support