Алатау - адам асқақтай түсті

Алатау - адам асқақтай түсті
ашық дереккөз
Алатау - адам асқақтай түсті
Халық сүйген перзент – бақытты перзент. Аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев ақсақал бұл бақытты көзінің тірісінде сезінгені анық. Тіпті, алып тұлға өмірден өткеннен кейін де қалың жұрттың оған деген құрметі еш басылған емес. Қонаевтың тағы бір бақыты осы болар. Мұндай бақ пен бақыттың кез келгенге бұйыра бермейтіні күннің шығыстан шығатынындай шындық.  width= Таразда қазақ халқының біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қоладан құйылған еңселі ескерткіші бой көтерді. Астындағы тұғыртасы 4 метр, ескерткіштің биіктігі және 4 метр. Тұлғасымен де, елге басшылық жасаған қызметімен де аса биік болған Қонаевтың болмысына айқын келетіндей ғажайып құндылық осы. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовте бұл ескерткіштің еңселі болып тұрғызылуына мән беріп, тиісті көмекті көрсетті. Осылайша айналасы да жап-жасыл боп ретке келіп, ескерткіштің де еңсесі биіктеп, үйлесімді жұмыс жүзеге асты. Ескерткіштің ашылу салтанатына жиналған жұрт көп болды. Барлығының жүзінде қуаныш пен шаттық ойнайды. Бәрі де осындай игі шараның жүзеге асқанын құптайтын секілді. Олардың арасында министрден бастап, ҚР Сенат депутаттары, белгілі ақын жазушы, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бар. Ескерткішті ашу құрметіне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, генерал Амангелді Шабдарбаев, КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ие болды. Мұнан соң елімізге белгілі тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, Құрметті ардагерлер және жастар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.  width= Ескерткіштің ашылу іс-шарасына жиналған көпшіліктің алдында әйгілі театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов сөз алып, алып тұлғаның жанашыр болған сәттерін жылы ілтипатпен еске алды. Сол кезде қырық жастың төңірегінде едім. Дінмұхамед Ахметұлы қолдау, көмегін аяған жоқ. Бірде «Известия» газетінен Қасым хан туралы материалды оқып, Шәкен Аймановқа фильм түсіруге тапсырма берген екен. Жылға жеткізбей фильмді түсіріп, Қонаевқа көрсеттік. Үлкен кісі өте риза болды. Мәскеу қаласында аталған фильмнің тұсаукесерін өткізіп берді. Димекеңнің ұлылығын айта берсек, сөз таусылмайды. Біраз жылдар кішкене аз айтылып қалып еді. Міне, бүгін Дінмұхамед Ахметұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Қонаев міне қайта құрметке бөленді. Қонаев енді мәңгілік жасай береді», – деді ол тебіреніп.  width= Келесі кезекте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров сөз алып: – Халқымыздың дара перзенті Дінмұхамед Қоневтың 110 жылдығы биыл ерекше жоғары деңгейде, халықтың үлкен қолдау-ықыласымен аталып өтуде. «Анам да – туған ел, данам да – туған ел. Мен халқыма сүйендім» деген Қонаевты біз тарихтан оқыдық. Қонаев өте жоғары деңгейдегі мемлекетшіл тұлға. Дінмұхамед Ахметұлы қашанда елім, халқым деді. Елді аралап халқының арасында жүрді. Қарапайымдылығынан танбады. Сондықтан халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Бүгінгі құрметтен де сол ықыласты аңғаруға болады. Құтты болсын!», – деді. Содан кейін халықаралық «Қонаев қорының» президенті Элдар Қонаев: «Бүгін өте қуанышты күн. Таразда Дінмұхамед Ахметұлына арналған ескерткіші бой көтерді. Ол кісі биік қызметте жүргенде Жамбыл облысына оң көзқараспен қараған. Зейнетке шыққан кезінде де Таразға, Қаратауға келіп кетті. Талас ауданы халқына арнайы сәлем беріп, атажұртын ұмытпады. Сол кезде Димаш атама ілесіп мен де келгенмін. Сол кезде де халықтың ол кісіге деген шексіз ықыласын көрген едім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағай қаласын Қонаевтың атына беру туралы ұсыныс білдіргенде халық қолдады. Сол кезде халықтың ықыласын көріп таңданған едік. Міне, бүгін Қазақстандағы ең биік ескерткіш Таразда ашылып жатыр. Міне, осы ескерткіш бойымен де, ойымен де Димаш Ахметұлының деңгейін, болмысын аша түскендей, – деп, лебізін білдірді.  width= Мұнан соң генерал Қонаевтың қасында болған азамат Амангелді Шабдарбаев та сөз сөйледі. – Қонаев ақсақал – тазалықтың үлгісі болды. Барлық салаға көңіл бөлді. Дүние жинамады. Таза келіп, таза кетті. Ескерткіш құтты болсын! Бірліктеріңіз бен ынтымақты тірліктеріңіз арта берсін! – деді. Мұнан соң Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына арналған салтанатты жиын Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасын тапты. Әуелі «Aulieata-Media» ЖШС-на қарасты «Jambyl info» ақпарат агенттігі түсірген Қонаевқа арналған шағын деректі фильм көрсетілді. Шағын болғанмен бұл деректі фильмде бәрі қамтылған. Қонаевтың тұсында Қазақстанның жеті рет бір миллиард пұт астық бергені, студент жастар саны 70 мыңнан 270 мыңға артқаны, оның ішінде студент қазақ азаматтарының саны 151 мыңға жеткені айтылады. Ұзындығы 35 шақырым ең ұзын көшенің де Қонаевтың атында екенін, Дінмұхамед Ахметұлының Талас ауданына келгендегі сәттерін фильм арқылы көз алдымыздан өткіздік. Бұл орайда ақын-журналист Нұржан Қадірәлінің еңбегі жоғары екені көрініп тұрды. Жалпы, фильмге жиналған көпшілік ерекше назар аударып, әсерге бөленді. Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мінберге көтеріліп, сөз сөйледі. – Құрметті жиналған көпшілік! Іс-шараның арнайы қадірлі қонақтары! Ел жадында ерекше сақталатын ерен тұлғалар болады. Ондай ірі тұлғалар тарих бетінен орын алады. Дінмұхамед Қонаев – қазақ халқы үшін ерен еңбек сіңірген тұлға. Ол кісінің басшылығы кезінде 68 жұмысшы кенті, 43 жаңа қала пайда болды. Елдің экономикасы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі дамыды. Әлемде өндірілетін мыстың отыз пайызы, мырыштың қырық пайызы Қазақстанда өндірілді. Алматы ауыр машина жасау зауытының өнімдері әлемнің қырық мемлекетіне жіберілді. Фосфор өндіру ісі де ерекше дамыды. Қонаев ғылым саласына да ерекше назар аударды. Өзі жүзден астам ғылыми еңбектер жазды. Сондықтан дара тұлғаның еңбегі айтыла береді. Таразда Қонаев атындағы орталық ашылып отыр.Келген қонақтардың баршасына, көрші облыстардан келген өкілдерге зор алғысымды білдіремін, – деді Нұржан Молдиярұлы. Мұнан соң аймақ басшысы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін таластық Лесбек Жаншораевқа табыстады. Сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Бостан Әбдиев, Жапарбек Күздеубаев, Амангелді Шабдарбаев марапатталды. Мұнан соң Элдар Қонаев сөйлеп, Мемлекет басшысына, облыс әкіміне және дара тұлға Қонаевты ұмытпаған халыққа рақмет, алғысын жеткізді. Сондай-ақ Қонаевтың 110 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен халықаралық «Қонаев қоры» Жамбыл облыстық филиалының директоры Әлімбек Жұмабаев, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, құрылыс саласының үздігі Марат Рахымбердиев, Тараз қаласының Құрметті азаматы Қыстаубай Сағынтаев марапатталды. Содан соң Амангелді Шабдарбаев сөз алды. «Мен өте қуаныштымын. Ерекше толқып тұрмын.12 жыл бұрын «Менің таңдауым» деген кітап жаздым. Сол еңбегімде Қонаев жайлы көбірек айттым. Елбасына да айттым. Бірақ Дінмұхамед Ахметұлын биіктете жаздым. Анау бір ауыр жылдарда халықтың Қонаевты ұмытуы мүмкін еді. Ол кісі жайлы көп айтылмады. Бірақ Қонаевты халық жақсы көрді. Сондықтан ұмытылмады», – деді толғана сөйлеп. Мұнан соң қоғам қайраткері Амалбек Тшанов та сөз сөйледі: «1992 жылы мен Шымкент қаласының әкімі едім. Сол кезде Шымкентке Қонаев келді. Төлепбек Назарбеков деген азаматтың жеке саяжайында демалып жатқан кезінде сәлем беруге бардық. Димаш Ахметұлы спорттық киіммен отыр екен. Біздің кім екенімізді білген соң: «Азаматтар келіп қалған екен. Бұлай жарамайды» деп, басқа бөлмеге барып, қызмет жағдайындағыдай киініп келді. Ол даналығы деп ойлаймын. Онан соң: «Аға, менің 81 жастағы анам бар. Сол анама ертең сәлем беріп шықсаңыз», – дедім. Ертеңіне уақытының тығыздығына қарамастан, уәдесінде тұрып, анама сәлем беріп келді. Жақсы, көңілді отырды. Дінмұхамед Ахметұлы ешқашан ұмытылмайды», – деді ол. Қонаевтың жеке дәрігері болған Ахат Әминұлы: «Дінмұхамед Ахметұлының басына іс түсіп, тергелгенде Зухра жеңгей Мәскеуде ота жасатып жатқан. Зухра апайдың көңілін сұрауға барып: «Мен Дінмұхамед Ахметұлының қасында боламын» дегенімде, жеңгей: «Мен де қайтамын. Димекеңнің қасында боламын» деді. Сонда Қонаев жарының денсаулығы аса қауіпті болса да: «Жолаушылар тасымалдаған рейспен келіңдер. Жеке ұшақ алмаңдар» деді. Жеке ұшақ алғанда тергеуге алынатын еді. Бұл – Қонаевтың даналығы», – деді.  width= Халықаралық «Қонаев қоры» облыстық қорының директоры Әлімбек Жұмабаев сөз сөйлеп, ескерткішке үлес қосқан 500-ден астам азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ Элдар Қонаев, Батырбек Құлекеев марапатқа ие болды. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы «Қонаев жұлдызы» атты өлеңін оқыды. Жиын соңында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетті. Оңал Азаматова «Жайлауың осы» әнін, Бақыт Шағырбаев «Димаш аға» атты әнді шырқады. Елімізге танымал эстрада жұлдызы Мұхасан Шахзадаев әннен шашу шашты. – Осылайша, Қонаев тойы үлкен деңгейде тойланды. Соңында ұлы тұлғаға арналып ас беріліп, рухына құран бағышталды.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар