- Advertisement -

Ашық турнир мәресіне жетті

54

- Advertisement -

Спорт күні қарсаңында және ағымдағы жылды Мемлекет басшысы Балалар жылы деп жариялауына орай және Алмаз Байзақовты еске алуға Шайдана ауылында екі кезеңді қамтитын кіші футболдан облыстық ашық турнир өтіп, оған бас-аяғы 40 команда, 300-ге жуық спортсүйер азамат жиналды.

Доп додасын аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев ашып беріп, аудан әкімінің қолдауымен аталған «Алмаз» спорт алаңы 1 миллион 800 мың теңгеге жөнделгенін айтып, командаларға сәттілік тіледі.

Келесі болып сөз алған кәсіпкер Әділ Байұзақ та ауылға деген сүйіспеншілік пен адалдық адам баласының жүрегінде орнауы керектігін айтты.

Турнирдің алғашқы күнінде 16 жасқа дейінгі жасөспірім 13 команда сынға түсті. Алғашқы ойындарда шапшаңдығымен көзге түскен «Пионер» командасы ақтық сынға сүрінбей жетіп, тараздық «Дос-Нар» командасынан басым түссе, екінші және үшінші орын «Қаракемер» мен «Шайдана-Алмаз» командасына бұйырды. Көрермендер таңдауымен Алихан Бадан (Пионер) «Үздік сұрмерген», Заңғар Аманалыұлы (Шайдана) «Үздік ойыншы», Қадырбек Амангелді (Шайдана) «Мәдениетті ойыншы» номинациясының жеңімпазы атанып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ал ересектер арасында өткен турнирге 27 команда қатысты. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған доп шеберлерінің кім мықтыны анықтауы оңайға соқпады. Дегенмен Байзақ ауданынан «Қостөбе» командасы ақтық сында тараздық «Омеганы» 2:1 есебімен ұтса, үшінші орынға тұрақтаған «Шайдана-Алмаз» командасы «КГИ» командасынан басым түсті. «Сәтбай ата» мешітінде марқұмның рухына бағышталған құранға қол жайды. Облыстық ашық біріншілікте Қайсар Абдиев (Омега) «Үздік қақпашы», Ерікжан Досымов (Шайдана) «Үздік қорғаушы», Рахат Саттаров (КГИ) «Үздік шабуылшы», Санжар Сейсенғалиев (Омега) «Үздік жаттықтырушы», Арман Сеңгірбай (Қостөбе) «Үздік гол», Анушервон Муртозозада (Шайдана) «Мәдениетті ойыншы», Бағдат Пірімқұловтар (Шайдана) «Шебер гол» номинациясының жеңімпазы атанды. Барлық жүлде алған командаға қаржылай қоржын, бағалы сыйлықтар үлестірілді.

 

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support