- Advertisement -

Данияр Шамшаев – Азия чемпионы

55

- Advertisement -

Жеңімпазды жамбылдықтар зор қуанышпен қарсы алды

Еліміздің астанасында ересектер арасында дзюдо күресінен өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Данияр Шамшаев барлық қарсыластарын еркін ұтып, Азия чемпионы атанды. Данияр былтыр жастар арасында Азия чемпионы атанған болатын. Арада жыл өткенде ересектер аламанында да топ жарып отырғаны – барша жамбылдықтар үшін зор мақтаныш. Мерейімізді өсірген спортшының жеке бапкері Рахымжан Қожатаев.

Жасөспірім кезінде Медет Есболлаев деген жаттықтырушының алдын көрген Данияр қай кезде де қайсарлығымен, табандылығымен биік шыңдарды бағындырып келеді. Қазір бар қамқорлығын, шеберлігін аямай баптап жүрген Рахымжан бапкері екеуі көпшіліктің үмітін талай додада ақтап, әнұранды талай рет шырқатты.

Азия чемпионын қарсы алу іс-шарасы даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтті. Әуелі ардагер спортшылар қуанышты көңілмен қарсы алса, қазақы дәстүрмен шашу да шашылып, жиналғандар мәре-сәре болып жатты.Чемпионды қарсы алу жиынын облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков ашып, құттықтады. «Даниярдың бүгінгі жеңісі – елдің жеңісі. Енді алдағы қазан айында дзюдо күресінен Әлем чемпионаты өтеді. Сол жаһан үздіктері жиналған додада, онан соң Олимпиадада алтыннан алқа таға беруіне тілектеспіз. Осы жолда қолдау, көмегімізді көрсете береміз», – деді басқарма басшысы. Мұнан соң спорт саласы бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Қайшыбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ахмет Жұмағұл сөз алып, ел сенімін ақтаған оғланға алдағы додаларда да жеңіс тіледі. Ал халықаралық Тараз инновациялық институтының өкілі Роза Нуркина сөз сөйлеп, Данияр Шамшаев аталған институттың студенті екенін айтып, институт атынан чемпионға сыйлық табыстады. Мұнан соң чемпионның жеке бапкері Рахымжан Қожатаев қолдаған барлық жанкүйерлерге, аталған басқарма басшылығына, өзге де бапкерлерге алғысын білдіріп, алдағы уақытта да жеңіс жолында тер төгетіндерін айтты. Іс-шара соңында Азия чемпионы Данияр Шамшаев сөз алып, «Баршаларыңызға құрметім бөлек. Жеңіс оңай келмейді. Алдағы уақытта да сенімдеріңізді ақтауға бар күшімді саламын. Алланың қалауымен осындай жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын. Барлықтарыңызға көп рақмет», – деді. Жиыннан соң жасөспірім балалар чемпионды ортаға алып, құрметтерін көрсетті.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support