- Advertisement -

Өрттің алдын-алу әрқашан өзекті

83

- Advertisement -

Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектар, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2,3 миллион гектар. Облыстың жер аумағының 30,8 пайызын орман қоры жерлері, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «2022 жылы мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қауіпі бар маусымды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес облыста өрт қауіпі бар маусым

24 наурыздан басталды. Осыған байланысты мемлекеттік орман қорындағы орманшылықтарда 34 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтіріліп, өрт қауіпті аумақтардағы 63 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылды.

Облыстың орман қорын маусым бойы Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» РМК-нің бір ұшағы мен бір тікұшағы арқылы әуеден бақылау-мониторинг жұмыстары жүргізілуде (1 сәуір-15 қараша аралығында). Қазіргі уақытта мекемелер бойынша құрылған өрт сөндіруші топтарда 557 адам жұмыс істейді. Өрт сөндіру жасақшылары 100 пайыз нысаналы формалармен қамтамасыз етіліп, арнайы оқудан өткен.

Облыс әкімінің 2022 жылғы 5 сәуірдегі «2022 жылдың өрт қауіпті маусымында Жамбыл облысы аумағында өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №71 қаулысы қабылданып, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар өртке қарсы оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру қолға алынған. Әрине, бұл облыс аумағында дала және орман өрттерінің алдын алуға, мемлекеттік орман қоры жерлеріне табиғи өрттердің таралуына тосқауыл қоюға өз септігін тигізері сөзсіз.

Биылғы өрт сөндіру оқу-тәжірибелік жаттығу облыстық төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып барлық аудандарда 28-29 сәуірде жоспарға сай өткізілді. Оқу-жаттығу жиынында орман және дала өрттерінің алдын алу, бірлесе іс-қимыл жасау, өрт оқиғасы орын алған жағдайда жедел әрекет ету, техника және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі жан-жақты қамтылды. Сондай-ақ орман шаруашылығы мекемелерінің қатысуымен 13 және 20 мамыр күндері күрделілігі әртүрлі санаттағы трансшекаралық аймақта орман және дала өрттерін сөндіру қызметтерінің өзара іс-қимылын жасау мәселесінде көршілес Қырғызстан Республикасымен бірлескен жиындар ұйымдастырылды. Меркі және Жамбыл аудандарының орман қорында өткен жиынға айырқалпақты ағайындардың Талас, Шу облыстарының төтенше жағдайлар мамандары, облыстық және аудандық төтенше жағдайлар қызметкерлері, аудан әкімдіктері мен орман шаруашылықтарының өкілдері қатысты. Ал 24 мамырда Түркістан облысының төтенше жағдайлар мамандары мен облыстық төтенше жағдайлар мамандарының қатысуымен оқу-жаттығу жиыны өтті. Шараға басқарма мамандары қатысып, өртті сөндіруде жаңа технологияларды өндіріске енгізу жөніндегі пікірлері мен ұсыныстар талқыланды.

Орман қорында өрттің алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шара жоспары бойынша 11154,5 шақырым минералдандырылған жолақтарға күтім жасау жұмыстары толығымен орындалды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруге бағытталған үгіт-насихат шаралары жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, өрт қауіпсіздігін сақтау мәселелері бойынша парақшалар таратылды, жиналыстар мен дәрістер өткізілді. Орманды күзету және қору жұмыстарына, өртті өшіру мен зерттеуге 193 мың литр бензин және 68 мың литр дизель отыны әзірленді.

Жалпы орман қорындағы өрт оқиғаларына талдау жасасақ, өрттің 70 пайызы найзағайдан орын алған. Осыған байланысты найзағай жиі түсетін қауіпті аумақтарға найзағай отын бұру нысандары орнатылды. 2020 жылы Байзақ, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Ақкөл орман шаруашылығы мекемелерінің орман қорына 5 найзағай отын бұру нысаны орнатылған болатын. Бұдан өзге Байзақ және Ұланбел орман шаруашылығы мекемелеріне 2 өрт бақылау мұнарасы тұрғызылды. Өткен жылы 6 найзағай отын бұру нысаны және 6 өрт бақылау мұнарасы қосымша орнатылды. Нәтижесінде 2020 жылмен салыстырғанда 2021-2022 жылдары өрт оқиғалары 79 пайызға төмендеді.

Сонымен қатар мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушыларға 55 хаттама толтырылып, оларға 811,5 мың теңге айыппұл салынып өндірілді. Аталған іс-шаралар өрт қауіпті маусымда тұрақты жүргізілуде. Өрт қауіпті маусымында ауылдық әкімдіктер мен орман шаруашылығы мекемелері арасында бірлескен өртті сөндіру бойынша келісімшарттар жасалған. Облыс бойынша ауылдық әкімдіктерде 411 адамнан құрылған ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылып, 26 дана трактор және 54 дана автокөліктермен қамтамасыз етілген. Орман шаруашылығын дамыту үшін IТ-технологиясы бойынша климаттық зоналарда және мемлекеттік орман қоры жерлерінде сынақтан өткізілген «CarryMAP» платформасының (орман өрттерін анықтау және басқа да орман шаруашылығы жұмыстарын ұйымдастыру үшін) жаңа геоинформациялық мобильді қосымшасы барлық мекемелерге орнатылып, жұмыстар жүргізілуде.

2020 жылы облыс бойынша 19 орман өрті тіркеліп, өртенген жер көлемі 41777 гектарды құрап, 15,8 миллион теңге шығын келтірілген болса, өткен жылы Байзақ орман шаруашылығы мекемесінің орман қорында 2 орман өрті тіркелді, аумағы 392,6 гектарды құрап, шығын 211,8 мың теңгені құрады. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 2 өрт оқиғасы тіркелді. Қосқұдық орман шаруашылығында бір орман өрті тіркеліп, аумағы 110 гектарды құрады. Меркі орман шаруашылығында да аумағы 146 гектарды құраған бір өрт оқиғасы орын алды. Өрттердің шығу себептері анықталуда.

Облыста тиісті мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша біршама жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, бұл үшін жергілікті бюджеттен 2018-2022 жылдар аралығында 1 миллиард 72 миллион теңге бөлініп, осы қаражаттың есебінен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 41 пайыздан 78 пайызға дейін көтерілді. Биыл мекемелердің техникаларын жаңартуға 87 миллион теңге бөлініп, оған 2 трактор, 23 дана агрегат алынды. Мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша «Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған ормандарды молайту және өсіру» кешенді жоспарында бекітілген жоспарға сәйкес жыл сайын қаражаттар бөліну арқылы мекемелер қажетті техникалармен қамтамасыз етіліп отырады. Міне осындай жүйелі жұмыстардың барлығы облыстағы орман алқаптарындағы өрт қаупінің алдын алуға септігін тигізері сөзсіз.

 

Айбар ӘДІЛБАҚОВ,

облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу

басқармасы басшысының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support