- Advertisement -

Пошта қызметіне көңілі толмайтындар көп

180

- Advertisement -

Пошташы десе ойға лезде хат пен газет толы дорбасын арқалаған елге сыйлы мамандар еске түседі. Өйткені пошташы келетін уақытта шаруасын шетке ысырып, газеттің жаңа санын үздіге күтетін ауыл тұрғындарының бейнесі естен кетпейді. Осыдан шамамен он-он бес жыл бұрын ғана ойын балалары пошташыны көре қалса, құтты қонағын айнала қоршап, мекенжайын айтып, газетті үйіне апарғанша асығатын. Сол заматта пошташының мәртебесі туралы мәселе көтеріп, шырылдаған бірде-бір азаматты естімеппіз. Бәлкім содан болар, кейін ғаламтор пайда болып, жаңа технологиялар өркен жая бастағанда ғалымдар пошташы мамандығын жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған мамандықтың тізіміне қосып қойған.

Бірақ дәл қазір ауылдағы ағайынның әлі күнге дейін пошташының қызметіне зәру екенін ескерсек, мәртебесі зор мамандыққа мықтап көңіл бөлінсе екен дейсің. Неге десек, пошташылардың әлеуметтік жағдайы оңалса, мамандыққа сұраныс артар ма еді деген ой келеді. Бірақ әзірге осы мәселені қаперге алып, бас ауыртып жатқан ешкім жоқ тәрізді. Демек, ауылдағы ағайынның «пошташылар хат пен газетті уақтылы әкелмейді» деп шағымдануына қарағанда осы салада түйінді мәселенің бары анық. Мысалы, Меркі ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Насыр Махмұтов ауылдарға газет апталап келмейтінін айтады. Ақсақалдың сөзін аудандағы ардагерлер кеңесіне мүше басқа да қариялар қуаттап отыр.

– Ардагерлер кеңесінің мүшелері елдегі, өңірдегі, аудандағы жаңалықтарды газеттен оқып, біліп отыруды дұрыс көреді. Бірақ, газет уақтылы келмеген соң, кейбір өзекті мәселелерді кеш біліп жатамыз. Кеңес мүшелері мерзімді басылымдарға осы келеңсіздік үшін жазылғысы келмейді. Орталықтағы ауылдарға пошташы аптасына бір рет барса, Аспара, Тілеміс сынды басқа да шеткі ауылдарға екі жұмада әзер жетеді. Бізде орталықта аптасына бір мәрте әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, поштаның жұмысына көңіл толмай тұр. Ардагерлерлер кеңесінің мүшелері де осыны айтып отыр. Былтыр бір пошташыдан жалақысын сұрап, айына 18 мың теңге алатынын естігенбіз. Сонда әлгі әйел айына тым құрығанда 80 мың теңге төлесе, газет шыққан күні апарамыз деп айтып қалды. Бір жағы оларды да түсінуге болады. Осы қордаланған мәселелерді аудандағы поштаға барып айтудан шаршадық, – дейді ақсақал.

Аудан, ауылдарда пошташылардың жұмысына сын көзбен қарайтындар көп. Әсіресе, шалғай ауылдарға басылымның уақтылы жетпей жататыны бар. Ауыл мейлі, ал облыс орталығы Тараз қаласындағы оқырмандарды да осы жайсыздық алаңдатып отырғанын біліп, қайран қаламасыңа шара жоқ. Қалада осындай келеңсіздіктің әлі күнге дейін назарға алынбағанын дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының профессоры, газет оқырманы Сағындық Ордабеков те ашып айтып, пікір білдірген еді…

– Жыл басында «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры баспасөз бетінде берген сұхбатында «барлығын ретке келтіреміз, сапасын дұрыстаймыз» деп көпшілікке уәде берген болатын. Бірақ, одан өзгеріс болғанын әзірше ел сезіп отырған жоқ. Өкінішке қарай, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде өзгеріссіз қалып отыр. Жыл сайын үзбей республикалық «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттеріне, жергілікті «Ақ жол», «Арай», «Жамбыл-Тараз», «Ғұмыр-Дария», «Денсаулық әлемі» басылымдарына жазыламын. Солармен қатар республикалық «Денсаулық», «Ординатор» журналдарын да жаздырып алып жүрмін. Олардың басым көпшілігін үй мекенжайыма жаздырып, 2-3-еуін қызмет етіп жүрген орынға алдырамын. Одан басқа өзімнің де көп жылдар бойы газет-журналдарға мақала жазатын ескі әдетім бар. Осыншама мол жазылымдарды алатыныма еш өкінбеймін. Өкінетінім, олардың дер кезінде қолыма жетпеуі, кейде жоғалып кетуі. Қалада, облыс орталығында отырып, поштаның қазіргі қызметіне көпшіліктің өкпесі қара қазандай. Ол жүйе қашан ретке келетіні әзірше белгісіз. Егер пошта қызметкерлері осылай сылдыр, баяу қызметін жалғастыра берсе, заман талабына сай жандандырмаса, келе-келе оқырмандар саны азая түсетініне күмәніміз жоқ, – дейді Сағындық Ордабеков.

Расында, «Қазпошта» туралы бұған дейін талай айтылып, талай мақала жазылды. Бірақ жазылған жайдың жаңғырығымен мәселе оң шешілгенімен, кейін пошташылардың жұмысы байырғы қалпына түсетін көрінеді. Пошта қызметі мен пошташылардың жайын зерделей келе «Қазпошта» АҚ облыс бойынша филиалындағы пошта логистика және өндіріс бөлімінің басшысы Гүлмағиза Кервеневадан жауап алған едік. Бөлім басшысы бірден қаладағы көпқабатты үйлерге газет қалдыруға қолайлы орын жоқ екенін айтты. Ол поштада 25 жылдан бері еңбек етсе, бөлім басшылығына келгелі бес жылдың жүзі болыпты. Оның айтуынша, қазір газетті үйме-үй жеткізу міндеті курьерлерге жүктелген. Ал курьерлер қаладағы көпқабатты үйлердің домофонын аша алмай қиналады. Олар амалын тауып, үйге кіргеннің өзінде үй егелері есікті ашпаса, газетті амалсыз есікке іліп кетуге мәжбүр.

– Пошта туралы заңға сай пошта жәшігін тұрғындар өздері орнатуы керек. Бұрындары осы шаруаны үйді жөндеуден өткізген мердігерлер қалт жібермейтін. Себебі, құрылыс компанияларына солай талап қойылатын. Өкініштісі сол, қазір бұл мәселені ешкім назарға алып отырған жоқ. Ереже бойынша курьерлер газет апарғанда бірінші қабаттан ары көтерілмеуі керек. Тек арнайы тапсырыс берген тұрғындардың заттары үйіне төте жетеді. Өйткені олар тиісті затты алғаны туралы растап, қол қоюы тиіс. Подъезге пошта жәшігін қоюды көздеген 6 көпқабатты тұрғын үйдің халқына пошта жәшігін сататын дүкендерді нұсқадық. Осылайша, олар өздеріне қажетті дүниені өздері орнатып алды. Бізде қазір газет апаратын 64 курьер бар. Олар әр барған үйін бағдарламаға енгізіп отырады. Бұл да болса цифрландыру бағытында іске асқан тиімді жоба деп айтуға негіз бар. Сол бағдарлама арқылы қай курьердің қандай тапсырма орындағанын біліп отырамыз. Егер тапсырысты курьер немесе пошташы белгіленген кестеден кешіктірсе, тұрғындардан шағым түссе, тиісті затты кешіктіргені үшін біз айыппұл саламыз. Курьерлер табысын еңбегіне сай алады. Сондықтан олар барынша көп тапсырыс орындауға пейіл. Сол үшін де курьерлер пошташылардан екі есе жақсы жалақы алады. Біз Құмшағал алқабына пошташы таппай жүрміз. Неге десеңіздер, 28 саяжайға біз заң бойынша қызмет көрсетпесек те болады. Бірақ біз артық жұмыс істеп жүрміз. Орталыққа жеткен газеттер ауылдарға күнделікті жеткізіледі. Тек газет аудан орталығынан ауылдарға аптасына төрт рет барады, – дейді Гүлмағиза Кервенева.

Бөлім басшысы пошташылардың қызметіне тұрғындардан шағым түссе, жедел реттеуге әзір екенін айтуда. Соған қарағанда ауылдағы ағайынның мәселесін орталықтағылар білмейді.

Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында 22 жылдан бері пошташы болып еңбек етіп жүрген Валентина Стукченко да жалақысының жетпейтінін айтуда. Жұмысын уақтылы істеуге машықтанған ол тапсырманы күнделікті орындауға асығады екен. Көпқабатты үйлерге пошта жәшігі болмаған соң, жоғары қабатқа көтерілу көп уақыт алатынын Валентина да растап отыр.

Қарап отырсақ, технологиялар дамыған заманда бұрындары жеткізу қызметімен тәп-тәуір айналысқан «Қазпошта» АҚ өңірдегі филиалында кемшіліктер жоқ емес. Себебі, газеттердің қала мен аудандарға кеш жететінін тұрғындар растап отыр. Қаладағы курьерлер еңбегіне сай 100-150 мың теңгенің көлемінде табыс тапса, аудандағы пошташылардың жайын кім ойлайды? Ол аз десеңіз, ауылдағы пошташылар жалақысының аздығынан ұялды ма, әйтеуір қолына нақты қанша қаражат тиетінін айтудан жалтарғаны көңілге күдік ұялатады. Осындайда аз жалақы алатын пошташыларға жоғары талап қою қаншалықты орынды деген сұраққа тап келеміз. Осындай мәселеге «Қазпошта» АҚ өңірдегі филиалы қазірден назар аудармаса, бірер жылда пошташы болуға ниетті жан қалмайтын тәрізді.

Сәндібек ПІРЕНОВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support