- Advertisement -

Қазақ әдебиетіндегі құбылыс

161

- Advertisement -

Қазақ прозасында ерекше қолтаңбасымен көрінген қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлының туған күні 1947 жылдың 30-желтоқсаны болатын. Ол өткен жылдың тамыз айының 29-ы күні кенеттен өмірден озды. Көзден кетсе де көңілден кетпеген Несаға туралы естеліктерді, жылы пікірлерді әріптестері, оның қамқорлығын көрген жас қаламгерлер, жалпы оқырман қауым үлкен ілтипатпен еске алып, үзбей айтып жүр. Талантты, шебер суреткер, әлі де берері мол интеллектуалды жазушыдан кенеттен көз жазып қалғанымыз өкінішті.

ҚАЛАМЫ ҚУАТТЫ ҚАЛАМГЕР

Н.Дәутайұлы әдебиетке көп дайындықпен келген, қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі терең тамырлы құбылыстарды жете зерттеп, жіті зерделеп, заман мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынастарды биік эстетикалық-философиялық өлшемдер тұрғысынан бағалап, романтика мен реализмді шебер қиюластырып, оқырманның жан-дүниесін байытатын, көңілінің айызын қандыратын тамаша әдеби тәсілді жете меңгерген қазіргі заманның қаламгер-қайраткері болатын. Жазушы өз кейіпкерлерін қалың жұрт арасынан іздеп тауып, жаңа заманның жаңа сипатты адамдарының болмыс-бітімін өзінше өрнектеп, өзіндік көзқараспен қисынын тауып көрсетуге шебер-ақ еді. Суреткердің кейіпкерлері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, олардың образдары, қызметтері де, мінездері де, көзқарастары да, іс-әркеттері де, тыныс-тіршілігі де, тағдырлары да әралуан жандар.

Оның «Алма ағашының бұтағы», «Ақ көгершін» және «Жол» хикаяттары әр жылдары таңдаулы көркем шығармаларға арналған республикалық бәйгелердің жүлделерін иемденген. «Көкмойнақтан шыққан көкжал» әңгімесі Ғ.Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуына орай өткізген республикалық конкурста ең үздік шығарма ретінде бас жеңімпазы атанды. «Құдірет пен қасірет» романы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының «Ең үздік роман» байқауында жүлдегер атанды. Ол «Әнім сен едің», «Алма ағашының бұтағы», «Көгілдір көйлекті келіншек» (2006), «Ойынды еті он бөлек» (2008) және де басқа ондаған кітаптардың авторы.

2000 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген Несіпбектің «Құдірет пен қасірет» романы Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин және басқа да көрнекті жазушылар мен белгілі сыншылардан жоғары бағасын алды.

«Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған оның «Батыр» әңгімесі көпшілікті тың ойымен елең еткізді, жақсы пікірлер айтылды. Оның прототипі Маңғыстау өңірінде өмір сүрген айтулы Сүйінғара батыр. «Ол – ерліктің, мәрттіктің, тектіліктің көлденең ұстасаң да, көтеріп ұстасаң да көкте ойнап тұратын көксүңгісі», – дейді автор газетке берген сұхбатында.

Мемлекеттік сұраныспен «Жазушы» баспасынан жарық көрген Н.Дәутайұлының «Көгілдір көйлекті келіншек» (2006) атты кітабы негізінен әлеуметтік әңгімелерінен тұрады. Кітаптағы осы аттас әңгімені СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов жоғары бағалады. «Сөйлемдері шымыр, шебердің қолымен өрген кірпіштей мінсіз. Бұл әрине талантқа тән қасиет», – деп жазды. Кітаптағы «Мәкеңдер, Малсекеңдер, заман» әңгімесімен жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша 2007 жылғы лауреаты атанды. Ал 2008 жылы қазақ ұлттық әдебиетіндегі ерекше жетістіктері үшін Н.Дәутайұлы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. 2010 жылы Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері атағы берілді. Мұндай жетістік әркімнің басына келіп қона бермейтін бақыт, сый-абырой!

Бір байқағанымыз, Несіпбек әрбір шығармаларына бүгінгі заман үрдісіне сай, уақыт шындығына таза суреткер көзімен қарап, көркем зерделеп, одан белгілі ой түйіп, бір мерзім аясында туындайтын әлеуметтік астарын дәл байқайтын бүгінгі күннің білгір сарапшысына айналғанына көз жеткіземіз. Басты мәселе шығарманың көлемінде емес, оның көркемдік салмағы мен өмір, дәуір шындығын ұтымды, тартымды, әсерлі баяндауында ғой. Қаламгердің қай шығармасын алмаңыз, олардан туындайтын ой-тұжырымдар бүгінгі оқырмандар үшін өзекті болып қала береді.

Қалың оқырмандар іздеп жүріп оқитын кітаптар адамдардың ой-өрісін кеңейтіп, тың көзқарасқа, биік парасатқа жетелейтіндігімен ерекшеленеді. Жазушының сырбаз да сыршыл әңгімелері философиялық ойларға тұнып тұр, олардың қайсысы болмасын өміршеңдігімен, актуальдылығымен құнды. Сырғып өтіп жатқан мына өмірдің таза шындығын, қарапайым кісі бұл күндердегі дәуір мен уақыттың кейбір көлеңкелі тұстарын зерделеп байқай бермейтін, жай адамның ойына түспейтін, қаперіне ілмейтін сырлы дүниені көз алдыңа бүкпей жайып салады. Жазушының суреткерлік шеберлігі, ой зергерлігінің негізі осында болса керек.

2009 жылы Қазақстан Жазушылар одағының «Ан-Арыс» баспасынан екі томдық (бірінші кітабы «Айғыркісі», екіншісі, «Мінез» деген атпен шықты) таңдамалысы жарық көрді. Көпшілік бұрын-соңды әдебиетте кездеспеген тың детальдар мен сюжеттерге бай роман мен қызықты әңгімелер, хикаялармен ұшырасып, оқушысын еріксіз басқа бір сырлы әлемге жетелеп кете береді.

Қаламгердің қолтаңба ерекшелігі сол, оның кез келген шығармасы қоғамда болып жатқан кесір-кесапаттың құбылыстарын көлденең тартып, оқырманды содан ескертеді.

«Айғыркісі» атты әңгімесінің жөні бөлек, бұрын-соңды жазылмаған тақырып. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев: «Мен өз басым, бұл әңгімені әдебиетімізге келген соңғы жылдардағы үлкен жаңалықтың бірі деп есептеймін» деп ағынан жарылады («Қазақ әдебиеті», 2008 жыл, №13).

Келесі бір қаламгер, Қытай халық республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Тұрсынәлі Рыскелдиев «Жас Қазақ» (2009) газетінде: «…Жылқы баласында дәл осындай ақыл-естің кездескені тек Несіпбек Дәутайұлының жасампаздығы дегім келеді», деп жазды. Жазушының еңбегіне берілген орынды баға. Жылқы образында берілген қаратөбел «Айғыркісі» қасиетті, киелі адам символы деп айтуға болады. Шығарманың лейтмотиві – қазіргі қитұрқы заманның жетегіне ілесіп кейбір пенделердің адамдық кейпін жоғалтып алу алдында тұрғаны. Автор өз кейіпкерлері Жалғас пен «Айғыркісі» арқылы заманның ащы запыранын, қазіргі өмір шындығын алдымызға жайып салады. Қаратөбел жылқы образына оқушы алғашқыда сенімсіздікпен, базбірі күдікпен қараса, бірте-бірте әңгіме желісіне еніп, ондағы келтірілген сюжет пен детальдар тайталас, тартыс оқиғалармен күрделеніп жүрегіңді жаулап алады. Азғындау мен мәңгүрттену алдында тұрған болашақ ұрпақ жайлы ой тастап, оқырманын қатты ойландырады. Шығармада селкеулік, солғындық жоқ. Замана ауқымына, уақыт мүддесіне орай тіршілік етіп жатқан ортада, қоғамда адами қасиеттер де өзгеріске ұшырап, адамның бет-бейнесі, ой-өрісі де өзгеруге ұшырайды екен. Тәсілқой, жаңашыл автордың бұл шығармасы бұрынғы туындыларынан ерекше дүние екенін атап өткен жөн.

Мойындауымыз керек, бұл екі кітапқа енген әрбір әңгіме шағын-шағын романдар жүгін көтеріп тұр. «Шал», «Көрбай», «Қанқызыл жалқын», «Дударай», «Мінез», «Архитектор», «Құмға қашқан құйын», «Аты жоқ әңгіме», «Тілалшақ», «Репитиция» әңгімелері тағылымы мол, кесек-кесек дүниелер. Ізгілік пен зұлымдықтың арасында ғұмыр кешетін пендені әр қырынан – шым-шытырық оқиға ортасындағы пейілі, мінезі, іс-әрекеттері тамаша суреттелген ойлы, астарлы, қатпарлы туындылар. Оларды қиял-ойдан шығарылған, қолдан жасалған хикаяттар деуге аузың бармайды. Түгелдей алғанда, олардың әрбірінде шындық, ақиқат оты маздап тұр.

Оның «Жалғызілік» деген әңгімесінің басты кейіпкері – барлығын ұмытып, өмірін тек дүние жинауға, қорасындағы малының санын өсіруге арнаған жан. Әлгінің жанын қинап көпшілік ел-жұрттан жырақта – құлан түз далада жыл он екі ай жалғыздан-жалғыз тұрып, тірнектеп жинаған малы, еш рахатын көрмеген байлығы кімге керек? Не үшін, кім үшін тірлік етіп жүр? Өмірдің бар рахаты тек мал, дүние жинау ма? Қалың ойға қаласың…

«Мінез» атты әңгімесі де қызықты жазылған. Иә, мінезсіздік, ойлап отырсаң, адамға – қасірет. Адам болғаннан кейін әркімнің өз ойы, өз пікірі, байламы, түйсігі болғаны жөн. Егер олай болмаса, өз ойы, пікірі жоқ, аузында сөзі жоқ адам айдауда жүрген пендеге тең. Біреудің аузына қарап, айтқанын орындап, «ләппай!» деп жалпақтап, жігерсіз тіршілік ету – бейшаралық, мүсәпірлік.

Оның тағы бір шығармасы «Өнеш, Комбинатор және алжапқыш» әңгімесі. Заман ағымына байланысты өмірде болып жатқан қулық пен сұмдықты, жақсылық пен жамандақты барынша бадырайтып көрсеткен, уақыт тынысын тамыршыдай тап басқан, қоғамның әлеуметтік өміріндегі өзгерістерді, кеселді құбылысты шебер суреттеген шығарма. Біреулерді алдап, арбап, өзінің тымысқы ісіне барынша пайдаланып, соңынан оны «лақтырып» кету бүгіндері түкке тұрмай қалды, тіпті оның өмірін қиып кетуге арланбайды. Әңгімені оқып болғаннан кейін жүрегің тарсылдап, бойыңды үрей билейді, бойыңда аяныш пайда болады. Мұнда жазушы кез келген фактіге әдеби сын беру арқылы өмірдің де, әдебиеттің де шындығын айту мүмкіндігін көрсеткен. Көркем зерттеудің не екенін аша білген.

«Тілалшақ» атты әңгімесі қазіргі билік иелері қасында «ләппай, тақсыр!» деп жайылып төсек, жиылып жастық болумен күн өткізіп жүрген жалтақ, жігерсіз жүздеген жандарға деген ащы кекесін, өткір сын. Жазушы бұл шығармасы арқылы қазіргі қоғамда орын алып отырған жағымсыз әрекеттерді (бастық алдында құрдай жорғалап қызмет ету, жағымпаздық, мінезсіздік және т.б.) керемет тартымды, әрі сенімді суреттейді. Оның басты кейіпкері Құлболды абыройлы, атақ-даңқты дөкейлердің киімдерін көтерумен, чемодан-жүктерін тасып, жатқызып, тұрғызумен күндерін өткізеді. Ақырында әйелі балаларын ертіп, мұны жалғыз тастап кетеді. Құлболды сияқты сандаған жастар қазір де «барып кел, алып кел, тауып келмен» жүргені, болашағын зерделей алмай алтын уақытын бос өткізіп жатқаны жасырын емес.

Оның «Батыр», «Ақ күшік» әңгімелері терең ой тербейтін, бір-бір киноға сұранып тұрған дап-дайын дүниелер. Қаржысы бар тәжірибелі киногерлер қолға алып, оларды жарыққа шығарса еш ұтылмас еді-ау деген ойға қаласың.

ТАЛАПТЫ ЖАСТАРҒА ҚАМҚОР ЕДІ

Осыдан 15 жыл бұрын «Жамбыл» атты республикалық әдеби-танымдық журнал ашып, оның бас редакторы қызметін Несіпбек өмірінің соңғы күніне дейін абыроймен атқарды (өзі кеткеннен кейін белгісіз себептерден журнал шықпай қалғаны өкінішті!). Еліміздің белді қаламгерлерімен байланыс орнатып, олардың сиясы кеуіп үлгермеген шығармаларын журнал бетіне жариялап, оқырмандарын жаңа, тың, тартымды туындыларымен әркез қуантып жүрді. Сөйтіп, өзінің тек шебер қаламгер екенін білдіріп қоймай, қолынан көп іс келетінін, ұйымдастыру қабілетінің зор екенін мойындатты. Еліміздің жазушылары мен оқушылары Н.Дәутаевтың еңбегін орынды бағалады, құрметтеп, сыйлады. Таразға келген ақын мен жазушылар атбасын бұрып сөзіне берік, ісіне адал Несағаға сәлем берді, онымен дидарласуға ынтық болды. Сырласатын, сыйласатын қаламгерлер әркез аз болмады.

Әулиеата өңірінің қолдарына қалам ұстап, «ақын болам» деп талпынып жүрген жастарды жанына топтастырып, әрдайым қолдап, жөн-жол көрсетіп, творчестволарына жол ашып отырды, республикалық басылымдарда өлеңдерінің жариялануына себепкер болды. Таланттыларын танып республикалық жыр бәйге-байқауларына, мүшәйраларына қатыстырып, қамқорлығына алды, олардың алғашқы кітаптарына алғысөз жазып, бата беріп, баспалардан шығуына ықылас көрсетті. Сондықтан болар, болашағы зор тараздық жас ақындар Ерлан, Хамит, Табиғат, Нұржан, Данияр, Арайлы, Нұрболат және т.б. Несіпбектің жақсы көрген кісісіне айтатын «әке» деген сөзінен қамқорлығын сезініп, өздеріне жақын ұстаз аға деп сыйлап, бауыр тартып, еш іркілмей пікір алысып жүрді. Жебеп жүріп олардың біразын Жазушылар одағына мүше етті, алғашқы кітаптарын шығартты. «Әдебиет адамды тәрбиелейді» дегендей талай тараздық жастар қабырғалы қаламгер Н.Дәутайұлы төңірегіне шоғырланып, тәлім-тәрбие жинақтап, әдебиет айдынына батыл «желқайықтарын» салды.

«МЕНДЕ БАЛАЛЫҚ ШАҚ БОЛҒАН ЖОҚ»

Кейде жұмыс соңына қарай оның қызмет орнына соғып, бір мезгіл әдебиет жөнінде әңгіме қозғағанымызда ол тек қазақ жазушылары төңірегінде ғана сөз өргізбей, әлемдік деңгейдегі қаламгерлердің шығармаларын жілік-жілікке бөліп талдағанын қызыға тыңдайтынбыз. «Осының барлығын қай уақытта оқиды, қайдан уақыт табады екен?» деген таңғалысымыз санамызда ойнап, бойымызды билейтін.

Әдебиет әлемін терең меңгерген Несаға кей сәттерде сөзден-сөз шығарып: «Менде бақытты балалық шақ болған жоқ. Тағдыр теперішін аз көрмедім. Әкемнен 5 жасымда айрылып, шиеттей бала-шаға жалғыз шешеміздің қолына қарап қалдық. Ауыр еңбектің бейнетін көріп, қатты қиналып жүрген шешемді аяп, орта мектепті бітірмей-ақ совхоздың бір шопанына көмекші болып жұмысқа жегілдім. Сөйтіп, 7-8 жыл бойы қойдың соңында жүрдім. Ол жылдар мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Уақытымды бос жібермеуге тырыстым, Жазда Қордай тауының баурайында, Иірсу аймағында, қыста Аңырақайдың құмды бұйраттары мен ұлан-ғайыр жусанды даласында қысы-жазы қой бағып жүрсем де үзбей кітап оқыдым, түйсігімді тереңдетіп, бойыма ой жинадым. Ауыл және аудан кітапханасында мен оқымаған кітап қалмады десем қателеспеспін. Ой қуып, тіршілік тынысын жүрегіммен сезініп өстім. Орта мектептің жоғарғы кластарын кешкі курстарын 26 жасымда тәмамдап, аттестат алдым. ҚазМУ-дың журналистика факультетін сырттай оқып, 37 жасымда дипломға ие болдым. Әрине, жазушылық, ақындық білім арқылы берілмейтіні айдан анық. Жас кезімде өлең жазумен айналысып, бірнеше рет айтысқа қатысқаным да бар. Жазушылыққа, ақындыққа, суреткершілікке Алла Тағала өзі жағдай жасап, жетелеп апарады емес пе? Оның барлығы Тәңірден берілетін сый деп ойлаймын. Мені де жазушылық әлеміне енгізген сол Жаратқан Ием. Енді, қандай ақын, қандай жазушы боласың, ол тікелей тек өзіңе байланысты. Ештеңе еңбексіз өзі келмейді. Құдай бойыңа берген қасиетті одан әрі дамыта білу өз қолыңда. Мәселе сонда…», – деуші еді салалы саусақтарымен қалпақ астында бұйраланып, қалың өскен ұзын шаштарын бір сілкіп қойып, естеліктерін айтып, ой құшағына берілетін.

Базбірде көңілде жүрген кезекті бір күрделі шығармасын бітіріп, өзіне демалыс бергенде, балалық шағын сиректеу болса да еске алып, Қордай өңіріндегі кәріқұлақ қариялардан естіген аңыз-әңгімелері мен бастан өткізген, көрген, естіген хикаяларды қызықты, шебер әңгімелеп, олардың біразын өз туындыларының кейіпкерлеріне айналдырғанын жеткізетін. Әсіресе өзінің кіндік қаны тамған қоңыр белдер арасындағы жусанды Иірсу туралы, оның табиғаты мен адамдарының тыныс-тіршілігі, мінездері мен ерекшеліктері жайлы салалы иір-иір саусақтарына кезекті темекісін қыстырып алып, қоңыр даусымен асықпай, саспай баяндайтын. Кейде хикаясын үзіп, орнынан тұрып, сұңғақ сұлбасын созып, басынан еш түспейтін самбреро-қалпағын сәл-пәл түзеп, ойға беріліп, бірер сәт кабинетті кезіп кететін. Сол естелік әңгімелерінен ерекше ләззат алатынын ұғатынбыз, алыста қалған балалық шағын, тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрбы-құрдастарын, дүниеден ерте озған замандастарын сағынатынын жүрегімізбен сезетінбіз. Әсіресе анасы туралы, оның бауырынан өрбіген ұл-қыздарын «қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқыттырмаймын» дей жүріп, колхоздың ауыр еңбегіне жегіліп, тағдыр салған қиындықтардан тайсалмай, еш мойымай, арқа еті арша, балтыр еті борша бола жүріп бұларды аялап өсіріп, жетілдіріп, осы күнгі дәрежеге жеткізгенін тебірене, тіпті, кейде дауысы еріксіз дірілдеп, жүрегі елжіреп, жанарлары бұлаулана отырып айтқан естеліктері көңілімізді жабырқатып, жүрегімізді шымарлататын.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының

Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support