- Advertisement -

Қылмыскер бала қайдан шығады?

425

- Advertisement -

Кешегі «көше көрген» ағалардың мектеп жасында жасаған «ерлігі», әлімжеттікпен тапқан «тиыны» туралы әңгімесі ешқандайда да ертегі емес. Естінің есін жиғызар, ессіздің делебесін қоздырар стереотип еді. Бұл қателіктер тәтті естелік сияқты көрінгенімен, бүгінде оның салдары буллинге дейін жетті. Бір-бірін бопсалау, қорқыту, қорлық көрсету бұрынғының жай ғана бас бұзарлығы саналса, бүгінгінің салмақты қылмысы дейтіндей жағдайдамыз. Өкініштісі сол, осының бәрін мектеп оқушылары жасап жатыр.

Жасөспірімдер арасындағы қылмысты айтамыз. Әрбір өңірде болып жатқан осындай жағдайлар жаға ұстатарлық дәрежеге жетті. Тіпті мұны видеоға түсіріп, көпшілікке тарататыны тағы бар. Яғни, бүгінде кемел келешектің иелері деп сенім артып отырған жасөспірімдер келеңсіздіктің «көкесін» көрсетуде. Олардың мұндай оғаш қылықтары қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Ақиқатында, мектеп қабырғасында орын алатын қылмыстар кеше ғана болған жағдай емес. Бұрында да орын алған. Алайда кезінде мұндай бұзақыларды тыйып тастап отырған.

Оның үстіне, балалар мектепте білім ала жүріп еңбекке де жегілді. Яғни, баланың бос жүрмеуі қатаң қадағалауда болды. Қазір де бақылау жоқ емес, бар. Ата-анадан бастап мектеп басшылығы, мұғалімдер мен шенділер қадағалау жүргізеді. Бірақ бала бойында бір кемшілік байқалып қалса, бірі – ата-анаға, енді бірі – ұстаздарға сілтейді. Тіпті құқық қорғау қызметкерлерін кінәлайтындар да табылады.

241 жасөспірім есепте тұр

Өңірдегі ішкі істер органдарына жыл басынан бері түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 3 980 кәмелетке толмаған бала жеткізіліпті. Оның ішінде, 235 жасөспірім және 169 қолайсыз отбасы есепке алынса, 8 жеткіншек құқықбұзушылықтарды бірнеше рет жасағаны үшін девиантты мінез-құлықты балалар мен жасөспірімдерге арналған мектепке орналастырылған. Осының салдарынан 48 ата-ана немесе оларды алмастыратын адамдар құқықтарынан айырылған. Жалпы, аймақта барлығы 241 жасөспірім есепте тұр.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция полковнигі Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері тарапынан жоспарлы рейдтік шаралар жүргізіліп, тәртіпке бағынбағандарға әкімшілік айыппұлдар салынған.

– Бүгінгі күнге дейін 1086 бірлескен рейд өткізілді. Оның ішінде, жастар мен жасөспірімдер шоғырланған орындарды тексеруге бағытталған 618 мектептегі рейдтік іс-шаралар барысында 3 960 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, спирттік ішімдіктерді пайдаланған 9 мектеп оқушысы және оқудан жалтарған 23 жеткіншек анықталды. Осылайша, 331 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, – дейді Қуанышбек Жақсылықұлы.

Айта кетейік, қазіргі таңда қылмыс жасаған 9 жамбылдық жасөспірім пробациялық бақылауға алынған. Олардың 5-еуі облыс орталығында болса, өзгелері Талас пен Сарысу аудандарына тиесілі.

6 ай ішінде 44 қылмыс орын алған

Бүгінгі таңда облыс бойынша 404 оқушы мектепішілік есепке алынған. Жасөспірімдердің қатысуымен 44 қылмыс жасалса, бұл көрсеткіш өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 12,8 пайызға өсіпті. Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауы Тараз қаласында, ал өсу деректері Жуалы, Қордай, Тұрар Рысқұлов және Меркі аудандарында тіркеліп отыр. Облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Мұхтар Керімбековтің айтуынша, мектеп инспекторы деген лауазым жоқ болғандықтан, кейбір құқық қорғау қызметкерлерінің өзі бұл жұмыстарға бейжай қарайтын көрінеді.

– Мектеп инспекторларының міндеттері кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына жүктелген. Осыдан соң, кейбір құқық қорғау қызметкерлерінің өзі бұл жұмыстарға бейжай қарайтын секілді. Профилактикалық шараларды тоқсанында емес, екі аптада бір өткізсе дейміз. Осылайша, түрлі қылмыстың алдын алуға болады ғой. Жалпы, білім ошағында белгілі бір деңгейде орын алған қылмысты жасырып қалған мектеп басшысынан бастап ұстаздар ұжымы да жауапкершілікке тартылады, – дейді Мұхтар Амангелдіұлы.

Десе де, бала тәрбиесі бір-біріне сілтей салатын дүние емес. Бұған үлкен жауапкершілік қажет.

Этномәдени бірлестіктерде тәрбиелеу тың әдіс

Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 34 жасөспірімге қатысты 25 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде, 16-сына үкім шығып, 3 адам бас бостандығынан айырылды. Ал есепті кезең ішінде 78 әкімшілік іс қаралған. Осылайша балаларын бақылаусыз қалдырған 64 ата-анаға айыппұл салынған. Аталған соттың бас маманы Жасұлан Шыршықбаевтың сөзінше, кәмелетке толмағандарға заң аясында құқықтық көмек көрсету және оларды сауықтыру мақсатында өңірдегі этномәдени бірлестіктермен меморандум жасалыпты.

– Сот шешімімен қылмыс жасаған ұлттың өкілі сол ұлтқа тән этномәдени орталыққа жіберіледі. Мәселен, биыл А есімді кәмелетке толмаған жеткіншек облыс орталығындағы «Әулие-Ата» қазақ-мәдени орталығына жіберілді. Жасөспірім онда көркемдік үйірмелерге, спорттық секциялар мен өзге де танымдық клубтарға қатысуға міндетті. Аталған жеткіншек Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлiгiнің 2,3 тармақтарына сай кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жалпы, ювеналды соттың мақсаты – жаза басқан жасөспірімдерді темір торға тоғыту емес, оларды тәрбиелеу. Жауапсыз ата-аналар мен олардың тәртіпсіз балаларына тағы бір мүмкіндік беру, – дейді Жасұлан Оразбекұлы.

Тілші түйіні:

Бала тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жауапты екені белгілі. Оны халық даналығындағы «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақылмен түсіндіруге болады. Жас жеткіншек ес білгеннен әке мен ананың қамқорлығында болып, тәрбиесін алады. Жанұядағы жанға жара салар кикілжің, ұрыс-керіс жасөспірімге кері ықпалын тигізуі мүмкін. Жас жұбайлардың жараспай кетуі де балаға әсер ететіні анық. Бұдан бөлек, отбасындағы әлеуметтік жағдай да мұндайға себеп. Осындай жайттарды көрген бала жан-жағына қатыгездік танытуы ықтимал. Оған қоса, бүгінде жұмысбастылыққа салынған ата-ананың кей уақытта балаға қарауға мұршасы келмей жатады. Ал «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаған соң, баланың бұзақылыққа, қылмысқа, ұрлыққа баруы көбейеді. Соның нәтижесі емес пе, жасөспірімдер ойына келгенін істеп, олқылықтарға жол беруде.

Білім мекемесінде де бала тәртібі қатаң бақылауда болуы қажет. Тәртібі нашар мектеп оқушыларымен ерекше жұмыс жүргізілгені жөн. Себебі, «бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің» кесірі келіп, сапалы білім алуға тәртібі нашар баланың кедергі келтірмесіне кім кепіл?! Тәртіпсіз, тәрбиесіз берілген білімнің – адамзаттың қас жауы екенін естен шығармасақ игі…

 Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support