«Бермуд үшбұрышының» құпиясы ашылды ма?

«Бермуд үшбұрышының» құпиясы ашылды ма?
ашық дереккөз
«Бермуд үшбұрышының» құпиясы ашылды ма?

«Бермуд үшбұрышы» немесе «Бермуд үштағаны» атауы алғаш рет американдық жазушы Винсент Гаддистің еңбегінде кездеседі. 1946 жылы 19-шы рейстің ғайыптан көзден таса болуының себебін іздестірген ол бұл оқиғаны «Бермуд үшбұрышымен» байланыстырған. «Бермуд үшбұрышы» — Атлант мұхитының Флорида түбегі, Бермуда және Пуэрто-Рико аралдары аралығындағы су айдыны. Бұл ауданда алып су иірімдері (рингтер), тік бағыттағы жылдам қозғалатын ауа массасы, лезде пайда болып, лезде ғайып болып кететін теңіз құйыны, кәдімгі ақша бұлттан пайда болатын найзағай, т.б. ғажайып табиғи құбылыстар жиі байқалады. Австралиялық ғалымдар – профессор Джозеф Монаган және Мельбурндағы Монаша университетінің студенті Дэвид Рай тылсым құбылыстың құпиясын ашты. Сонымен, себепсізден-себепсіз қайықтар мен ұшақтардың із-түссіз жоғалуының басты себебі – табиғи газ метанмен байланысты болып шықты. Океонографтар теңіз түбінің зиянды аймақтарын зерттей келе, метан гидраты жиналған, көнеден қалған қопарылған жерді анықтаған. Мұхит түбіндегі табиғи жарылыстардан босаған метан үлкен газды көпіршікке айналып, артынша, геометриялық ұлғаюдың нәтижесінде судың бетіне көтеріліп, жарылады екен. Өз тұжырымдамаларының дұрыс-бұрыстығын анықтамақшы болған Монаган мен Рай компьютерлік модельдеуді қолданды. Нәтижесінде гидродинамиканың ғылыми принциптеріне негізделген бағдарлама метан көпіршігінің жылдамдығы, қысымы мен сыйымдылығын анықтады. Зерттеу нәтижелері мегакөпіршікке тап болған кез-келген кеме бір-ақ сәтте өзінің жүзгіштік қасиетін жоғалтып, мұхит түбіне түсетінін анықтады. Ғажабы, газды көбік әуеде қалқыған ұшақты да өзіне тартып ала алады екен. Одан әрі ғалымдар суға толтырылған қойма әзірлеп, мұхит түбінен жоғарыға көпіршіктерді жіберіп, ойыншық қайықтармен тәжірибе жасаған. Көпіршіктің сыртқы қабатында немесе дәл орта тұсы аумағында жүзген қайықты тылсым күш төменге тартып кететін болып шықты. Ал егер метан бөлшегінен біраз алшақ жерде орналасса, оған ешқандай қауіп төнбейді. Тағы бір атап өтерлігі, Бермуд үштағанынан экипаж мүшелерінің денелері де табылған. Олар жоғарыда атап өткеніміздей, алшақ жерде жүзген. Алайда, оның да әсері көңіл көншітпейді. Саяхатшылар тылсым күштің құдіретімен төменге түсіп кетпесе де, газға уланып көз жұмған. Міне, осылайша австралиялық ғалымдар «Бермуд үштағанының» сырын ашты. Десе де, метан көпіршіктерінің түр-түсі қандай болатыны және оның мұхит бетін қалай құртатыны әзірге беймәлім күйде.

Ертеден жеткен аңыздар

1. Жоғалған Атлантида қаласының технология қалдықтары

«Бермуд үшбұрышы» көзден таса болған Атлантида қаласының орнында орналасқан деген пікір бар. Аңызға сәйкес, қаланың энергия көзі мұхит түбінен толқын жіберген кристалдар болған. Ол қайықтар мен ұшақтардың навигациялық құрылғыларын кідіріске ұшыратқан. 2. Геомагнитті аймақтар

Дерек көздерінде бес жүз жылдың ішінде мыңға жуық адамның өмірі қиылса, соңғы жүзжылдықта елу қайық пен жиырма ұшақ жоғалыпты. Ал тылсым құбылысты навигация проблемасымен байланыстырғандар да болған. Геомагнитті аймақтар апатты жағдайлардың себебі болуы мүмкін. Сондай-ақ, үшбұрыш шынайы солтүстік пен магнитті солтүстік теңесетін жер бетіндегі екі жердің бірі деген пікір халық арасында кеңінен тараған. Ал ол өз кезегінде навигациялық құралдардың өзгеруіне әкеліп соғады.

3. Гольфстрим ағысының өзгеруі

Гольфстрим ағысы Мексика шығанағынан басталып Флорида бұғазынан өтіп, Солтүстік Атлантикаға дейін жететін мұхит ішіндегі өзенге ұқсайды. Бұл ағыстың алатын аймағы 64-70 километрді құрайды. «Бермуд үшбұрышында» әлемдегі ең терең ойыстар бар. Қайықты немесе ұшақты арнасынан шығаруға Гольфстримнің күші жетеді.

4. Ауа райы мен толқынның да әсері бар

Кариб-Атлант дауылы «Бермуд үшбұрышы» аумағында болжамға да келмейтін күн райына әкеліп соғады. Бұл да ғайыптан-тайып көзден таса болудың бір себебі болуы мүмкін. Лондондағы Ллойдской қызметінде жұмыс істейтін Норман Хуктың айтуынша, «Бермуд үштағаны жоқ». Оның пайымдауынша, барлық, оқыс оқиғалар қолайсыз ауа райының кесірінен болған. Мұнда айналаны талқандап, жұртты дүрліктіретін дауылдар көптеп болады. Сондай-ақ, қайықтарды және мұнай платформасын батыратын толқындардың да келуі аз емес. Мәселен, жақында ғана спутниктен 25 метр ашық кеңістіктегі толқын анықталды.

5. Адамзаттың қателігі

Кеңістікте дұрыс бағыт алмау және тетіктегі келеңсіздіктер жиі қайталанбаса да, ол да ұшақтың құлауына себеп болуы мүмкін. Бермуд үштағаны аумағындағы көліктің көп болу фактісі де апатты жағдайларға әкеліп соғады екен.

6. Бәрі ойдан құрастырылған

Мұндай да тұжырым бар. «Бермуд үшбұрышы» теориясы жүзжылдықтар бойы адамдарды ырымның «кесірінен» үркітіп келеді. Бертін келе жазушылар Христофор Колумбтың жазбаларына сүйеніп аңыз жұмбағын шешпекші болған. Ал оның жазбаларында «горизонтта билейтін оттар байқалады», «навигациялы құралдардағы іркілістер» және «аспандағы алау тілі» делінген. «Колумб бар болғаны ежелгі Таино тайпасының от алауын көрген» дейді зерттеушілер. Компастың бөгелісі нақты бір жұлдыздың қимылын дұрыс есептемегендіктен болса, аспандағы алау жерге түскен метеориттер екен. Оларды теңізде көру оңай. Апатты аймақтағы тылсым оқиғалардың себебі анықталғанымен, оның атауының және болмысының құпиясы әлі күнге сұрақ қалпында.

Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ, журналист.

Ұқсас жаңалықтар