- Advertisement -

Бөрібаймен бірге жұмыс істеу бір бақыт болды

99

- Advertisement -

– Алла өзі мені осы өмірімде Шәміл Бекболатов, Сарыбай Қалмырзаев, Серік Үмбетов, Бөрібай Жексембин секілді жаны жайсаң, іскер азаматтармен жолықтырды. Бұл азаматтар маған үлгі болды, әрқайсысынан үйренгенім көп болды, мол тәжірибе алдым. Шынын айту керек, Серік Әбікенұлы мені адам қылды, қатарға қосты. Өзі де жүзінен иманы төгілген азамат қой. Және өте қарапайым, кішіпейіл. Бөрібаймен де бірге жұмыс істеу бір бақыт болды. Ары таза азамат. 2006-2007 жылдары Қордай ауданындағы Отар әскери бөлімдердің жағдайы өте мүшкіл болды. Бұл елді мекенде бар-жоғы 2,5 мың ғана тұрғын қалған. Тіпті, сол жылдары «Отардағы әскери бөлімдерді Приозерскіге көшіреді екен» деген де әңгіме шыққан. Сонда облыс әкімі Бөрібай Жексембин қайта-қайта сол кездегі қорғаныс министрі Даниал Ахметовке шығып, Отарды жаны шырқырап қорғады ғой. Соның арқасында әскери бөлімдер көшпей, ғимараттардың барлығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шырайы кіріп қалды. Көп ұзамай қорғаныс министрі бұл әскери қалашыққа 3 миллиардтан астам теңге бөлді. Бір жылдың ішінде 750 пәтерді жөндеп, пайдалануға бердік.

1000 орындық мектеп ғимараты салынды. Міне, осылайша Бөрібайдың жанкешті еңбегінің арқасында осы әскери гарнизон көшпей, сақталып қалды. Бүгінде ол жерде қаншама жергілікті тұрғындар еңбек етуде. Жалпы Жексембиннің жұмыс істеу стилі ерекше еді. Аудан, қала әкімдерін жиі ауыстыра бермей, барынша мүмкіндік берді. Қол астындағылар еркін болды. 2005 жылы мен Тараз қаласының әкімі болып тағайындалған кезде шаһар тұрғындары коммуналдық қызметтерге миллиард теңге қарыз екен. Бұл ол жылдары орасан көп қаржы болатын. Содан облыс әкімінің қатаң бақылауымен үйме-үй жүріп, қарызды жинадық. Күн сайын орта есеппен 10-15 миллион жинап отырып, қарызды 80 миллионға дейін азайттық. Облыс әкімі Тараздағы кез келген нысанның жағдайын бес саусағындай білетін. Зербұлақ көлін тазалау, жөндеу жұмыстары осы жылдары қолға алынды. Б.Жексембин ауыл шаруашылығы саласына да көп көңіл бөлді.

Міне, бұл Бөрібай Биқожаұлының бір қыры ғана. Елге болсын деген мұндай жанашыр тірлігі өте көп. Нағыз арлы, елі үшін ет жүрегі езілетін азамат.

Ілияс ТОРТАЕВ,
қоғам қайраткері

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support