Жетпіс бес жыл бұрын...

Жетпіс бес жыл бұрын...
ашық дереккөз
Жетпіс бес жыл бұрын...

Бірінші шақырылған облыстық Кеңестің депутаты болған еді бірінші шақырылған облыстық Кеңестің депутаты болған еді 

Облыстың 75 жылдық мерейтойы аясында редакцияның қым-қуыт тірлігі күндегіден де қыза түскен... Қарбалас шақта кабинетке облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребекұлы келді. Тоқсан жасты еңсерген қарияның бас басылымның шаңырағына атбасын бұрып, бізбен дидарласқанының өзі бір ғанибет емес пе? Жылы жүзді атамызбен емен-жарқын әңгімелестік. Ол кісі өзінің анасы Жұмакүл Төребекова жайлы ғибратты сөз қозғады. 1897 жылы Аса өңірінде Байтана ауылында дүниеге келген Жұмакүл Төребекова талай қилы кезеңнің куәсі болған жан екен. Қаршадайынан қара жұмысты талғамай істеген ол 1930 жылдары ұжымдық шаруашылықтар құрыла бастаған кезде Ақкөл шаруашылығында жұмыс істей жүріп, 1940 жылдары қызылша өсіру звеносын басқарып үлкен табысқа, биік абыройға ие болады. Еселі еңбектің арқасында гектарынан 500 центнерден астам өнім алып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Жұмакүлдің есімі Кеңес Одағы кезінде украиналық Мария Демеченко, өз жерлесі Жақсыбек Өтепбергенов сынды атақты қызылшашылардың қатарында аталады. Жұмакүл апамыздың өмірбаянының бізді елең еткізген ең негізгі тұсы ол кісі 1939 жылы Оңтүстік Қазақстаннан бөлініп, жаңадан құрылған облысымыздың бірінші шақырылған облыстық Кеңесінің депутаты болып сайланған екен. Анасының бір өлкенің тарихымен сабақтас бұл ғұмыр жолы Тілеуқабыл атаның да үлкен мақтанышы.

«Анам ұзақ жасаған жоқ. Небәрі елу бес жасында өмірден озды. Бірақ сол қысқа ғұмырында біздің бүкіл өмірімізге сабақ боларлықтай үлгі көрсетіп кетті. Өзі өте ұстамды, сабырлы, көп сөзден гөрі нақты іспен нәтиже көрсеткенді жақсы көретін жан еді. Ақынжандылығы да бар болатын. Әкем екеуі кезінде жыр қағыстырып танысқанын айтып отыратын. Анам белсенді, адал еңбек еткенді жақсы көрушы еді. Мұны ұдайы санама құйды. Ол кісіден алған сол тәрбиенің арқасында мен де қоғамдық қызметке көп араластым», деді Тілеуқабыл Төребекұлы ардақты анасын еске алып. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы әңгімені көпке созған жоқ. Өзінің де шаруасы шаш-етектен екендігін айтып қоштасып кете барды. Ол кісі қалдырып кеткен материалдарды парақтап отырып Жұмакүл Төребекованың 1939 жылы Мәскеуде бірінші ашылған Бүкілодақтық көрмеге қатысқанын, 1940 жылдың ортасынан сиыр фермасында сауыншы болып істеп жүріп жоғары көрсеткіштерге ие болғанын, ал 1941-1945 соғыс жылдары көрсеткен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын сіздерге айтуды жөн көрдім. Ерекше абыройға, елінің сыйына бөленген Жұмакүлдің ұлы Тілеуқабыл Төребекұлы да бүгінде бес немере, бес шөбере, жеті немене сүйіп отырған облысымыздың ардақты азаматы, қазыналы қариясы, үлгілі отбасының иесі. «Орнында бар оңалар» деген осындайда айтылса керек.

Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар