Облыс айнасы оқырманмен бірге!

Облыс айнасы оқырманмен бірге!
ашық дереккөз
Облыс айнасы оқырманмен бірге!
Қазақ баспасөзінің тарихы тым тереңде жатыр. Кешегі Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Әуезов сияқты ұлы Алаш арыстары да сонау қилы кезеңнің өзінде газет шығарумен айналысып, қоғамдағы өткір мәселелерді көтерді. Сол арқылы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысты. Ұлтпен бірге ұлы қазақ баспасөзі де талай тағдырлы сәттерді бастан кешті. Содан бері талай уақыт өтсе де қазақ баспасөзі өзінің нық тұғырынан, берік ұстанымынан тайған жоқ. Одан бертінде Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов секілді қайраткер тұлғалардың батыл редакторлық шешімдері де ұлт баспасөзінің байрағын биіктетті. Қазақ баспасөзінің тарихында Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің де алатын орны ерекше. Тарихи басылымның шыға бастағанына биыл жүз жыл толып отыр. Өзінің ғасырлық тарихында «Aq jol» сан белестерден өтті, талай тарихтың куәгері болды. Әуелі «Кедей еркі» деген атпен 1922 жылы жарық көрген өңірдің бас басылымы әр жылдары «Еңбек», «Диқан дауысы», «Колхозшы», «Колхоз жолы», «Коммунист», «Сталиндік жол», «Еңбек туы» деген атаулармен шығып тұрды. Ата басылымға әр жылдары Сыдық Абланов, Ғабды Аманғалиев, Жайық Бектұров, Ғайса Сармұрзин, Төленді Оңғарбаев, Беген Байсақалов, Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай, Оралхан Дәуіт сияқты елге танымал азаматтар басшылық жасады. Көптеген ардақты азаматтар мұнда түрлі деңгейдегі қызметтерді абыроймен атқарды. Тарихи басылымның бүгінгі күнге жетуіне еңбек сіңірді. Ел басына күн туған кешегі сын сағаттарда да елдіктің, ерліктің, ақиқаттың сөзін айтқан осы «Aq jol» болатын. Мұның бәрі де жүз жылдық жылнама, бір ғасырлық шежіреде тасқа басылған тарих болып қаттаулы тұр. «Aq jol» газеті бүгінде қоғамдағы күрделі мәселелерді дер кезінде  көтеріп, оның оң шешімін табуына атсалысып, адам, заман, қоғам мәселелерін тамыршыдай тап басып, сол арқылы оқырман сұранысын қанағаттандырып келе жатқан басылым. Тарихи газетте қазіргі кезде білімді, білікті журналистер еңбек етеді. Ал газеттің техникалық қызметкерлерінің еңбегі бір бөлек. Өзінің жүз жылдық тарихи белесінің қарсаңында «Aq jol» газеті өздеріңізбен жаңаша қауышпақ ниетте, құрметті оқырман! Ата басылымның есігі әр оқырман үшін әрдайым ашық! Өздеріңізден түрлі мәселелерге арналған мақалалар мен пікірлер күтеміз! «Aq jol» сынды облыс айнасының, тарихи басылымның одан әрі түрленуіне сіз де үлес қосыңыз, ойлы оқырман!

Хамит ЕСАМАН

Ұқсас жаңалықтар