«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеңісті жақындатқан жамбылдықтар

Жеңісті жақындатқан  жамбылдықтар
ашық дереккөз
Жеңісті жақындатқан жамбылдықтар
[caption id="attachment_13526" align="alignleft" width="280"]58 Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
мұрағаттанушы.[/caption]

(1940-1947 жылдар шежіресі)

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жамбылдықтардың Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Алғашқы күннен қолына қару алып, майданда жаумен арыстанша арпалысты. Ерлігі үшін жиырма жамбылдық Совет Одағының Батыры, жеті жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері, мыңнан астамы орден-медальдармен наградталды. Отан үшін отқа түскендер «Күйсем жаным елім үшін пида» деп,  алға ұмтылды. «Бәрі майдан үшін! Бәрі Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етіп, өмір сүрген тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектерін ұмытуға болмайды.

57Отағасы, бауыры, баласы майданға кеткеннен кейін тылдағы барлық ауыртпалықты көтергендер майысып, қажымағандар майданға бәрін берді. Мүмкін еместі жасады.Екі атты дивизияның және бірнеше әскери құрамалардың Жамбыл жерінде жасақталуына, бірнеше әскери госпитальдардың тұрақ тауып, жаралыларды емдеуге үлес қосуда, көшіп келгендерге құшақ жаюда жанкештілікпен еңбек етіп, өмір сүрсе де мұқалмады. Жеңіс күні келетіндігіне сенді. Сол сұраққа жауап беру үшін Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатындағы сол жылдардың газеттері мен облыстық, қалалық, аудандық партия, совет, комсомол, кәсіподақ құжаттарын ақтардық. Сол жылдардың шежіресі іспеттес тарихи құжаттарда жамбылдықтардың еңбек белсенділігі ерекше болған. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін бүкіл елдегі сияқты облыста да сталиндік бесжылдықтың жоспарларын, яғни, елдің халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі дамыту бесжылдығын, Совет мемлекетінің қуатын одан әрі нығайту бесжылдығын, Совет халқының және оның еңбекшілерінің әлеуметтік жағдайын одан әрі көтеру бесжылдығын мерзімінен бұрын орындау, алға қойылған міндеттер биігінен көріну халықтың басты міндетіне айналды. Облыста осы бағытта сол жылдары ерекше қарқынмен ұйымдастыру-көпшілік жұмыстары жүргізілді. Алапат соғыстың болып жатқанына қарамастан билік партиясы бұл міндеттерді орындауда бір сәт те өз жұмыстарын баяулатпаған. Қай салада болмасын «жетістік коммунистердің белсенділігінің нәтижесінде жүзеге асты» дегенді тұрақты түрде айтқан және оны көпшіліктің санасына сіңірген. Мәселен, 1940 жылы әр гектардан 9,4 центнерден дәнді дақыл жиналса, 1947 жылы бұл көрсеткіш 12,9-ға жеткен. Сол сияқты облыстағы негізгі дақылдың бірі – қант қызылшасының көлемі мен түсімін арттыруда да ілгерілеушілік болған. 1940 жылы әр гектардан 215 центнерден тәтті түбір жиналса, 1947 жылы 270 центнерден өнім алынды. Облыс диқандары міндеттемелерін орындай отырып, Сталин жолдастың хатына екпінді еңбекпен жауап беру мақсатында 20 шілдеде республикада бірінші болып мемлекетке астық тапсыру жоспарын 600 мың пұтқа асыра орындады. Осылайша 1940 жылмен салыстырғанда мемлекетке астық тапсыру 1,5 есеге артты. Сол кездері газеттер «мұның бәрі коммунистердің екпінді еңбегінің нәтижесінде болды» деп жазудан жаңылмады. Аса қауырт әрі күрделі кезеңге қарамастан осы жылдары суармалы жердің көлемін көбейтуге назар ерекше болды. Тасөткел және Жамбыл су қоймалары салынды. Мұның өзі қосымша 20 мың гектар жерді суландыруға мүмкіндік жасады. 1947 жылы Сарысу ауданында «Ынталы» су қоймасының пайдалануға берілуі Сарысу ауданының егіншілік мәдениетін көтеруге ықпал жасады. Ұлы Отан соғысы жылдары Шу ауданында егін бітік шықты. Соның нәтижесінде Павлодар облысына-4653, Қостанайға-80, Меркіге – 1522, Жамбылға – 1499, Свердловқа – 200, Қордай ауданына – 20 центнер астықты қарызға берген. Бұл бүгінгі күні көп емес сияқты көрінгенімен «алтын-күміс тас екен» деп айтатын кез. Не десекте Шу ауданында соғыс жылдарында егіншілік мәдениетін көтеруге ерекше назар аударғанын аңғару қиын емес. Жекелеген шаруашылықтардың табыстары да қомақты болды. Мәселен, «Меркі» қой совхозының диқандары тәлімі жердің әр гектарынан 103 пұттан астық бастырды. Осы шаруашылықтың звено жетекшісі Бәзілов өзінің қарамағындағы 23 гектар егін алқабының әр гектарынан 106 пұттан, Байсақалов осынша алқаптың әр гектарынан 189 пұттан астық бастырды. Шаруашылықтың шопандары да жоғары жетістікке жеткендігі жөнінде де мәліметтер бар. Қордай ауданындағы совхоз ұжымдары астық түсімін еселеп молайтуға қол жеткізді. Мәселен, «Георгиев» совхозының диқандары әр гектардан 100 пұттан астық, 300 пұттан есіртке қарақурайының сабағы мен кенеп жинаған. Ауданның темекі өсірушілері де мол өнім алды. Олар 800 гектар темекі алқабының әр гектарынан 50-60 пұттан темекі жинады. Ал Жамбыл ауданының «Красная звезда» колхозының төрағасы М. Нұрбаев басқарған шаруашылық 1947 жылы әр гектар қант қызылшасы алқабынан 560 - 822 центнерге дейін тәтті түбір жинаған. Звено жетекшісі Дариға Жантоқова өзіне бекітіліп берілген 4 гектар қант қызылшасы алқабының әр гектарынан 1049 центнерден өнім жинады. Колхоз қызылшашылары ленинградтықтардың бастамасын толық қолдай отырып, сталиндік төртінші бес жылдықта қант қызылшасының жоспарын үш жылда орындауға міндеттелді. Бір ғана Талас ауданында 7 жылда қоғамдық мал саны 30 мыңнан 70 мыңға дейін көбейді. Ал совхоздардағы мал 70 мыңнан 150 мыңға дейін жетті. Ұлы Отан соғысы жылдарында Меркі ауданындағы «Большевик» колхозының бастамалары мен өнімді еңбектері облыс шаруашылықтарына үлгі болғаны белгілі. Бұл шаруашылық соғыстан кейінгі жылдары да табысты еңбегімен ерекшеленді. Барлық көрсеткіштерді асыра орындады. Ұлы Октябрь Социалистік Революциясының 30 жылдығы күніне орай көтеріңкі социалистік міндеттеме қабылдап барлық көрсеткіштер бойынша бесжылдықтың жоспарын төрт жылда орындау туралы шешім қабылдады. Шаруашылықтың атақты шопаны Исенбай Томашев әр жүз саулықтан жүз отыз бестен қозы алды. Колхоз мал шаруашылығы жөніндегі барлық жоспарды асыра орындады. Бір жылда шаруашылықтағы соқа көбейіп, алпысқа жеткен. Сол сияқты Көктерек ауданының табысы да толағай болды. Ауыл шаруашылығын көтеруде советтердің де ықпалы болды. Мәселен, 1943 жылы ғана колхоздар мен совхоздарға көмек көрсету үшін Жамбыл қаласы мен аудан орталықтарынан 26 339 адам жіберілді. Осының нәтижесінде қант қызылшасын өндірудің жалпы көлемі соғыс басталар жылмен салыстырғанда анағұрлым өсті. 1945 жылы 13 ауылдық селолық советте республикалық социалистік жарыстың жеңімпазы болды. Красногор ауданындағы Жаманты, Свердлов ауданындағы Комсомол селолық советтеріне Қазақ ССР Министрлер Советінің ақшалай сыйлығы мен Қызыл Туы тапсырылды. Ал 1946 жылы облыстың 33 селолық советі жарыс жеңімпазы атанды. Олардың арасынан Талас ауданындағы Ерназар, Шу ауданындағы Ескішу селолық советтеріне Қазақ ССР Министрлер Советінің ақшалай сыйлығы мен Қызыл Туы тапсырылды. Ал 1947 жылдың бірінші жарты жылдығында 30 ауылдық-селолық совет жарыс жеңімпазы атанды. Олардың арасында Шу ауданының Ескішу, Луговой ауданының Ақыртөбе, Талас ауданының Ленин, Көктерек ауданының Фурманов, Қордай ауданының Ауқатты, Меркі ауданының Кеңес, тағы да басқа селолық советтер үш жылдан бері советтік социалистік жарыстың жеңімпаздары атанды. Партия, совет органдарымен бірге комсомол ұйымдары да орталық партия қойған міндеттерді орындауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды. Оны бір ғана Қордай аудандық партия комитетінің жұмысынан-ақ көруге болады. 1943 жылы дихандардың 13 комсомол звеносы құрылса, бір жылдан кейін олардың қатары үшке, үш жылдан кейін екі есе, төрт жылдан кейін бес есе өскен. Облыста басқа да салаларда, атап айтқанда, өнеркәсіп пен транспортта өрлеу болды. Соғыс және одан кейінгі екі жылда облыста 29 өнеркәсіп жаңадан бой көтерді немесе жаңғыртылды. 99 шақырымдық Жамбыл-Шолақтау темір жол желісі пайдалануға берілді. Республикалық бағыныстағы өнеркәсіп орындары жалпы өнім шығару көлемін соғыстың алдындағы көрсеткіштерге жеткізді. 1947 жылдың 10 қарашасында облыстың 17 кәсіпорны жылдық жоспарды мерзімнен бұрын орындады. Жергілікті және кооперативтік кәсіпорындар жалпы өнім шығару көлемін 1940 жылмен салыстырғанда төрт есеге арттырды. 1940 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп орындары 50 пайызға өсті. «Қаратау» химия комбинаты пайдалануға берілді. Пайдалануға берілген кәсіпорындардың арасында шақпақ қант және былғары зауыттары да бар. 1945 жылы 99 километрлік Жамбыл-Шолақтау темір жол желісі салынды. Одақтық және республикалық бағыныстағы 23 кәсіпорынның 17-і 1947 жылдың жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. Әсіресе, Бурылбайтал балық зауыты, спирт комбинаты, жүн жуу фабрикасы, механикаландырылған орман пункті, ұн шығаратын диірмендер, Темір жол министрлігіне қарасты кірпіш зауыты екпінді еңбек етті. Теміржолшылар жылдық жоспарды екі ай бұрын орындады. Жергілікті және кооперативтік кәсіпорындарды дамытуға СССР Министрлер Советінің 1946 жылдың 9 қарашасында қабылдаған қаулысы ерекше ықпал жасады. Жамбыл қаласы мен аудандарда жұмысшы поселкелерінде 62 ларек, магазин және шатыр ашылды. Олар 13 миллион сомның өнімін өндірді. Облыста қаржыны тиімді пайдаланудың озық тәжірибесі қалыптасты. Әскери бөлімдерді жасақтауда және майданға азық-түлік жіберу еселеп өсті. Мәселен, 1939 жылы жергілікті бюджеттен 38 миллион сом облыстың қажетіне жұмсалса, 1946 жылы бұл көрсеткіш 74 миллион сом болды. 1939 жылы облыстағы әлеуметтік-мәдени шараларға 27 миллион сом бөлінсе, 1946 жылы 51 миллион сом жұмсалды. Ал 1947 жылы 1946 жылмен салыстырғанда оқу-ағарту бөліміне 14 миллион сом көп беріліп, ол 49 миллион сомға жетті. Мұның өзі облыстағы 356 мектеп пен балалар бақшасында тәрбиеленген 48 936 оқушының және 3 262 бүлдіршіннің саналы тәрбие алып, сапалы білім алуына негіз қалады. Сол сияқты 1947 жылы денсаулық саласына 19 миллион сом бөлінді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6 миллион сомға көп еді. Халыққа білім беру және денсаулық сақтау саласында да табыстар болды. Мәселен, мектептердің саны 49 бірлікке өсіп, оларда оқитын оқушылардың саны 6518-ге жетті. Сол жылы Жамбыл қаласында 13 400 оқушы оқитын 26 мектеп болған. 1942-1943 жылдары мектептерде 6,5 мың оқушы ғана білім алса, аз жылда олардың саны екі есеге өскен. 1940-1942 жылдары халықтың арасында қорғаныс-көпшілік жұмысы жүйелі жүргізілді. 1941 жылдың қазан айынан бастап 1946 жылдың шілдесіне дейін 28 058 адам қорғаныс-көпшілік мектептерінде оқыды. Олардың 13 022-сі әскерге алынды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ізмұхамед Еділбаев бір партия жиынында 3420 жамбылдық жауынгер ордендерімен және 3879 жауынгер медальдармен наградталғаны жөнінде дерек келтірді. Емдеу орындарының сапасы артып, ауруханаларда ауруларды емдейтін төсек саны 1,5 есеге өсті. Облыста денсаулық саласын күшейту жақсарды. Мәселен, 1940 жылы осы салаға 6,790 миллион сом бөлінсе, 1947 жылы 19,500 миллион сом берілген. Осы жылдар аралығында аурухана төсектері 759-дан 1261-ге жетті. Сол сияқты дәрігерлер 49-дан 145-ке көбейген. Облыста 1940 жылы 130 медбике еңбек етсе, 7 жылдан кейін олардың саны 600 болды. Соғыстан кейінгі жылдары майданнан оралған жауынгерлерді, оның ішінде мүгедек болғандарды еңбекке орналастыруға ерекше назар аударылды. Мәселен 1947 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша майданнан 12 798 жауынгер оралған. Олардың 12 672-сі жұмысқа орналастырылған. Соғыс мүгедегі 7 326 адамның 85 пайызы еңбекке тартылды. 1940-1947 жылдары майданнан оралғандарға, оның ішінде мүгедектер, әскери қызметкерлердің отбасы, майданда қаза тапқандардың отбасына және тағы да басқаларға көмек ретінде 246 623 684 сом қаржы берілді. Облыстың соғыстан кейінгі тыныс-тіршілігі туралы сөз еткенде алға нақты мақсаттар қойып, оны жүзеге асыру белгіленген 1947 жылдың қараша айындағы шешімдердің маңызы ерекше. 1947 жылдың қорытындысы бойынша облыс мемлекеттік наградаға 2541 адамды ұсынды. Оның ішінде 229 адам Социалистік Еңбек Ері атанды, 296 озат Ленин орденімен, 817 адам Еңбек Қызыл Ту орденімен және 1172 адам медальдармен марапатталды. Билік партиясы өзі атқарған жұмыстармен бірге жіберген кемшіліктерді де сын тезіне алуды ұмытпады. Қай салада болмасын кемшіліктер термеленіп айтылып, оны жоюдың міндеттері белгіленді. Жоғарыда айтқандай барлық салада кемшіліктер орын алды. Мұның өзі ең алдымен кадрлардың жетіспейтіндігінен болса, екіншіден, орындаушылық тәртібінің төмендігінен қалыптасқан жағдай болды. Мәселен, Мойынты-Шу темір жол желісін салуда өте баяулық байқалды. 1946 жылы атқарылуға тиісті жұмыстың 59 пайызы ғана орындалды. Ал бұл көрсеткіш паровоз жөндеу зауытында 5,6 пайыз ғана болды. Завод 1947 жылы құрылыс жұмысының бар болғаны 53 пайызын ғана орындады. Сондай-ақ «Қаратау» химия комбинатының құрылысы да көңілді көншітпеді. Суперфосфат зауытының құрылысында 1947 жылы 2 миллион сом игеріліп, химиктерге қажетті 1500 шаршы метр тұрғын үй салынуы қажет болатын. Алайда 1947 жылдың 10 айында атқарылуға тиісті жұмыстың 20 пайызы ғана орындалды. Бүкіл Жамбыл ауданында екі ғана телефон нүктесі жұмыс істеген. Аудан орталығы көшіп-қонудан шаршады. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін олардың ауласында малдың көп болу бағытында жұмыс қолға алынды. 1944 жылдың 1 сәуірінде орталық партия комитеті колхозшылардың арасында малы жоқтарды болдырмау туралы қаулы қабылдады. Осыған орай облыста зерделеу, зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1946 жылы ауласында малы жоқ колхозшылар 22,3 пайыз болса, үш жылдан кейін олар жеті пайызға көбейген. Свердлов ауданы колхозшыларының – 38, Көктерек ауданының – 42, Сарысу ауданының – 44 пайызының малы жоқ болып шықты. Сонымен бірге, жекелеген аудандардағы шаруашылықтарда сиыры жоқтар көп екендігі анықталды. Облыс шаруашылықтарының 60 пайызы сиыр өсірмейді екен. Бұл көрсеткіш Көктерек ауданында – 71, Талас ауданында – 79,2, Сарысу ауданында – 79,7 пайыз екендігі анықталды. Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті қазақ мектептерін нығайту жөнінде қаулы қабылдады. Осы қаулыға байланысты облыстағы билік органдары шешімдер қабылдап, әсіресе, қазақ мектептерінің жанындағы интернаттардың материалдық базасын нығайтуға, оларды педагог кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қойды. Алайда соғыс жылдары қалыптасқан әдетті жалғастырып, мектептерге қамқорлық көрсетудің орнына олардың базасын басқа мақсатқа пайдалану орын алды. Мәселен, Қордай ауданындағы Қасық орта мектебінің жанындағы интернаттың ғимараты жоқ. Интернаттың ғимараты басқа мақсаттарға, тіпті, жеке адамдарға беріліп кеткен. Сол сияқты Талас ауданының орталығындағы қазақ орта мектебі болғанымен оның да ғимараты болмаған. Меркі ауданының орталығындағы қазақ мектебінің интернаты колхоз председателінің үйіне айналған. Талас ауданындағы Бостандық орта мектебінің интернаты жаңа оқу жылы басталған сәтте астық қоймасына айналдырылыпты. Меркі ауданындағы Трубицин атындағы мектептің ғимаратын аудандық қаржы бөлімі иемденген. Аудандық оқу ағарту бөлімі мектептің бір ғана бөлмесінде балалар үйін ашқан. Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы мектептің интернаты талапқа сай емес. Соған қарамастан интернат ғимаратының бір бөлігін эпидемиологиялық станция мен әскери комиссариат пайдаланған. Шу станциясындағы қазақ мектебінің 77 оқушысы интернаттың жоқтығынан далада қалған. Облыстағы бүкіл 2233 мұғалімнің 440-ның орта білімі болмаса, 211-нің білімі тіпті төмен еді. Әсіресе, қазақ тілінде оқытатын орта мектептерде жоғары білімді мұғалімдер болмады. Соған қарамастан облыста сырттай оқу жүзеге асырылмады. 1940-1947 жылдардағы облыстың тыныс-тіршілігін саралағанда тарихи құжаттар негізінде осындай деректер мен дәйектер, оқиғалар мен көріністер айшықталды.Келтірілген кейбір деректер мен дәйектер бүгінгі күні мәнсіз болуы да мүмкін. Алайда тарих үшін майда-шүйде жоқ. Сол деректерден күркіреп өткен соғыстың салдары өте ауыр болғанын аңғару қиын емес. Әбден титықтап, діңкелеп, жанкештілік өмір кешіп, азып, тозса да соғыстан кейін бейбіт өмірдің әрбір таңын қуанышпен қарсы алып, бесжылдықтың балғасын солқылдата соқты. Халықтың болашаққа деген сенімі ерекше болды.

Ұқсас жаңалықтар