- Advertisement -

1922-2022: Шежірелі жылдар

22

- Advertisement -

«Ақ жол»

(2003 жыл)
11 қаңтар. №5 (15.172). Ауыл жылдарының басталуына орай «Ақ жол» газеті дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда айтылған ой-пікірлер «Бағыты айқын бағдарлама, алдағы алар асулар» деген тақырыппен жарияланды.
20 мамыр. №59 (15.226). Б.Момышұлы атындағы атшабарда көкбөрі ойынынан Орталық Азия елдері біріншілігі өтті. Қазақстан құрама командасы бірінші орынды жеңіп алды. Қырғызстан мен Өзбекстан командалары екінші, үшінші орыннан көрінді. Газет осы жарыстан «Тараз білектілер мен жүректілерді жинады» деген репортаж берді.
10 шілде. №81 (15.248). Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев шілде айының 6-сы күні Пайғамбар жасы 63-ке толды. Сол күні «Ақ жол« газеті бас редакторының орынбасары, жазушы Бақытяр Әбілдаев Елбасының туған жерінде болған еді. Газет осы санында оның «Тұңғыш Президенттің туған жерінде» жолжазбасын айқарма бетке жариялады.
26 тамыз. №101 (15.281). Байзақ ауданында қоғам қайраткері Мәдімар Райымбекұлының 130 жылдық мерейтойы өтті. Осы мерейтойдан жазылған Әбдуәлі Әлиевтің репортажы жарияланды.
7 қазан. №119 (15.285). Орал қаласында Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған республикалық ХI театр фестивалінде Әлібек Әмзеұлының «Кейуана» атты пьесасы бойынша қойылған спектакльді апарған Жамбыл қазақ драма театры үлкен табыспен оралды. Анар Сағымбекова «Ең таңдаулы әйел образы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
14 қазан. №122 (15.288). Таразда республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары өтті.

(2004 жыл)
1 қаңтар. №1 (15.323). Газет үлкен форматпен төрт бет болып шыға бастады. Жаңа жылдық санында мерекеге арналған жарияланымдармен қатар облыс жаңалықтарына да көп орын берілді. Облыс әкімі С.Үмбетов пен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының бірлесіп жариялаған әдеби бәйгесінің қорытындысы шығарылды. Бас бәйге Көсемәлі Сәттібайұлына, бірінші бәйге Елен Әлімжанға берілді. Екінші екі жүлдеге Ерлан Жүніс пен Асқаржан Сәрсек, үшінші екі жүлдеге Серік Томанов пен Шырын Мамасерікова ие болды. Төрт ынталандыру сыйлығын Қадірхан Баққараев, Диана Аржан, Баймаханбет Ахмет, Болат Бекжановтар алды.
10 ақпан. №18 (15.340). Облыс әкімінің қолдау-көмегімен «Жамбыл» әдеби-көпшілік танымдық журналының алғашқы саны жарық көрді. Бас редакторы – Несіпбек Дәутайұлы.
16 наурыз. №32 (15.354). Газетте туған өлкеміздің танымал тұлғалары туралы жарияланымдар беру жалғасты. Бұл санында журналист Мақұлбек Рысдәулеттің «Мақұлбек болыс» мақаласы жарық көрді. Онда қоғам қайраткері, атақты атсейіс Мақұлбек Шерімұлына қатысты тың деректер жазылған.
28 маусым. №80 (15.402). Баспасөз күніне арналған мерекелік саны. Облыс әкімінің арнайы жүлделері тапсырылды, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мақұлбек Рысдәулет пен тележурналист Бақытжан Әлімқұлов «Парасат» сыйлығын алды. «Өрлеу» сыйлығы «Жас Алаштың» тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлы мен «Хабар» телеарнасының тілшісі Айзада Жаманқұловаға берілді. «Ауыл жылы» сыйлығы «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі Тұрсынхан Толқынбайұлына тапсырылды.
7 қазан. №124 (15.446). «Ақ жол» және «Знамя труда» газеттерінің редакторлары Әлдихан Қалдыбаев пен Владимир Козыренко өз арыздарымен зейнеткерлікке шықты. Облыс әкімі Б.Б.Жексембин оларды қабылдап, иықтарына шапан жапты. Алғыс хаттар тапсырып, ат мінгізді. Облыстық газеттердің екеуіне де жаңа басшы конкурстық негізде тағайындалатыны айтылды.
11 қараша. №138 (15.460). Заң талаптарына сай конкурстық іріктеуден өткен соң облыс әкімінің шешімімен «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып тағайындалған Мақұлбек Рысдәулет жаңа қызметіне кірісті.
18 қараша. №141 (15.463). Жаңа айдарлар, тақырыптық беттер ашып, тақырып ауқымын да кеңейте бастаған газет дін мәселесіне де жарияланымдар арнауға кірісті. Осы санында «Ақ жол» ұйымдастырған «Конфессияаралық қарым-қатынасты сақтау мен нығайту – Қазақстанның тұрақты өркендеуі» атты дөңгелек үстелден есеп жарияланды. Оған қатысқан облысымыздағы негізгі конфессиялардың, құқық қорғау органдарының, ұлттық мәдени орталықтарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, дінтанушы ғалымдар тұрақтылық пен келісімді сақтау, одан әрі нығайту жолдарын талқылаған болатын.
11 желтоқсан. №150 (15.472). «Ақ жол» газетінің бас редакторы Мақұлбек Рысдәулетов бастаған бір топ қызметкерлер Шу ауданында болып, оқырмандармен дидарласты. Кездесулерде газеттің Шу, Мойынқұм аудандарындағы меншікті тілшісі Бақытжан Текебайдың оқырмандар алдында есеп беруі де тыңдалды. Бұлар туралы газет «Ақ жол» және оқырман» айдарымен «Шудағы әріптестік әңгіме» деген тақырыппен мақала жариялады.
16 желтоқсан. № 152 (15.474). Газеттің Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік саны жаңалықтарға толы болды. Даңқты боксшымыз Бақтияр Артаев «Дарын» сыйлығының иегері атанды. Ауыл шаруашылығы министрі Серік Үмбетов пен атақты спортшы жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров облыстың Құрметті азаматтары атағын алды.
21 желтоқсан. №153 (15.475). Мойынқұм ауданында Биназар батырға ескерткіш орнатылды. Бірлік ауылында желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
25 желтоқсан. №155 (15.477). Осы санында Астанада өткен «Егемен Қазақстанның» 85 жылдық тойына Талас ауданындағы Ойық ауылының тұрғыны Аманкелді Бекежановтың да шақырылғаны туралы хабар жарияланды. Аманкелді газ кенін игеруді үкімет алдына мәселе етіп қойған «Егемен Қазақстан» газеті, оның облыстағы меншікті тілшісі Мақұлбек Рысдәулет болатын.

(2005 жыл)
1 қаңтар. №1 (15.479). Облыс әкімі Б.Б.Жексембиннің «Ақ жол» және «Знамя труда» газеттерінің бас редакторлары Мақұлбек Рысдәулет пен Людмила Перекольскаямен сұхбаты «Әкіммен әңгіме» айдарымен «Асқаралы міндеттер тұр» тақырыбымен жарияланды. Газеттің «Айпарақ» айдары ашылды.
15 қаңтар. №6 (15.484). Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына арналған жарияланымдар газеттің бірінші бетінен тұрақты орын алды. Бұл санында жарияланған «Бауыржанның сарбазы» майдангер Шайділдә Исмайловтың естелігі.
27 қаңтар. №11-13 (15.491). Он екі беттік «Атпал – «Ақ жолдың» алғашқы саны шықты. Осы күннен бастап әр айдың соңғы бейсенбісінде тұрақты шығып отырды.

Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support