- Advertisement -

Алыптардың алақаны

93

- Advertisement -

52Амангелді Керімбаев,
зейнеткер.

Димаш ата

Осыдан 48 жыл бұрын, яғни 1966 жылы 23 шілде күні маған Дружба совхозы директорының хатшысы телефон арқылы «сізді және дүкен меңгерушілерін директордың кеңсесіне шақырып жатыр» деді.49

Біз директордың кабинетіне кірсек онда совхоз директоры Рахымбай Әлібаев, партия ұйымының хатшысы, Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров және ауылдық кеңестің төрайымы Күлзат Зәуірбекова отыр екен. Директор бізбен амандасқаннан кейін «қазір ғана Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жапар Түйебеков телефон арқылы «шілде айының соңында біздің облысқа жұмыс сапармен Орталық партия комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келеді екен. Сапар барысында Шу ауданында болады. Сондықтан үлкен кісінің келуіне дайындық жасаңдар. Дүкендеріңе қосымша тауар әкеліңдер, ертең бір автомашина бөлем» деді. Совхоз партия ұйымының хатшысы Сәду Шәкіров те «дүкендеріңді тәртіп келтіріп, жұмыс киімдерің таза болсын, ал дүкенге кіріп, сұрақ берсе дұрыстап жауап беріңдер» деп жатыр.
Ертеңіне совхоз бөлген машинамен мен аудан орталығындағы сауда мекемесіне барып совхоз директорының айтқан тауарларын ауылға жеткіздім. Аудандағылар да соңғы жаңалықтан хабардар екен. Қоймада жиналған қордан бір машина тауар берді. Әкелген тауарды дүкен сөрелеріне жинап, бағасын көрсететін этикеткаларын іліп қойдық.
Шілде айының соңғы күні совхозға Дінмұхамед Қонаевпен бірге облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бименде Сәдуақасов, Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жапар Түйебеков келді. Дружба совхозы – облыста қызылша дақылын ең көп егетін шаруашылық болатын. Жоғары мәртебелі қонақтар совхоздағы егін орағының барысымен танысып, қызылша алқаптарын аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысына риза болды. Үлкен кісілер келгенше ауылдың 16 ұлттан тұратын азаматтары совхоздың ортасына жиналды. Дінмұхамед Қонаев мінген автомашинаның үсті ашық екен. Димекең түрегеп тұрып қалың жұртқа сәлем берді. Үстіне киген көйлегінің жағасы тік, оны біз «украин көйлегі» деуші едік. Бірінші рет жақын жерден көргендіктен бе Димаш ақсақалдың ер тұлғалы еңселі бейнесі осы уақытқа дейін көз алдымнан кетпейді…
Д. А. Қонаев аттанып кеткеннен соң совхоз директорының шоферынан Димекеңе байланысты тағылымды оқиғаны естідік. Д. Қонаев егіс алқаптарын аралап болғаннан кейін совхоз орталығына қайтып келе жатқан кезінде алдарынан қойшылардың ойнап жүрген балаларын көріп, шоферына айтып машинаны тоқтатып, асыр салып ойнап жүрген балалардың сәлемін қабылдап, бәрінің бастарынан сипапты. Сол жердегі шопан Әбікеннің киіз үйіне де барыпты. Димекең келген сәтте қойшының жұбайы тоқаш пісіріп жатыр екен, үлкен кісіні көріп не айтарын білмей абдырап қалыпты. Қонаев атамыз болса қазаннан жаңа түсірген тоқаштан дәм татып, қойшының әйелінен жағдай сұрап, «тоқашың дәмді екен» деп, рахмет айтып, жүріп кетіпті. Ал сол маңайдағы мал бағып жүргендер атамыз дәм татқан тоқаштың сарқыты деп қойшының әйелі пісірген тоқашты жегенін жеп, жемегенін қалталарына сап талап алған…
Осы оқиғадан кейін арада біраз жыл өткен. Мен бұл кезде Талас ауданында сауда мекемесін басқарып тұрғанмын. Бұл 1988 жыл болатын. Сол жылы аудан орталығы Ақкөл ауылына Жапар Түйебеков ағамыз жұмыс сапарымен келді. Мен баяғы Димекеңе қатысты шопыр айтқан әңгіменің анық-қанығын білмекке сұрағанымда Жапакең «иә, ол рас болатын» деп жауап берді. Дінмұхамед Қонаев атамызды екінші рет 1978 жылы Шу ауданының орталығында көрдім. Телевизор арқылы қанша көргенмен жанында тұрып көргенім көз алдымнан кетпейді. Қорыта айтарым, Д. А. Қонаев атамыз елім, жерім, халқым деп өткен алыптардың бірі. Әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін қандай қиыншылық көрсе де төтеп берді. Ар-ожданының тазалығы оның тұлғасын тау шыңына ұқсатып жіберді.

Сәду батыр

Талас ауданының тумасы, ұзақ өмірін Шу ауданының өсіп-өркендеуіне 53арнаған Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров туралы бір-екі ауыз сөз. 1954 жылы тың игеру науқаны басталғанда біздің Шу ауданында жаңадан машина-трактор стансасы құрылды. Мекеме директоры болып Қостанай өңірінің азаматы тағайындалды, ал бас инженері Орал қаласының азаматы Шалабай, ал менің әкемнің інісі Малахан Рахманқұлов бас механик қызметіне тағайындалды. Әр МТС-те аумақтық партия комитетінің хатшысы болатын, сол қызметке Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров тағайындалды.
Тамыз айының бас кезінде С. Шәкіровтің отбасы біз тұратын Садовая (қазір С. Шәкіров) көшесіне көшіп келді. Біздің үйдің нөмірі №56, ал бізден кейінгі №54 үйде белгілі жазушы Әкім Таразидың әкесі – Ұртай Әшімов тұратын. Ол кісі аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі. Міне, сол кісінің үйіне қарама-қарсы №51 үйде Батыр ағаның отбасы қоныстанды.
Қазақ халқында жаңадан көшіп келген отбасына ерулік беру деген жақсы дәстүр бар. Содан біздің көшеде ерулік беру басталып кетті. Сәл уақыттан кейін бізге де кезек келді. Үйге Сәду Шәкіров, жұбайы Үмітжан апай, әкесі Шәкір ақсақал және анасы (атын ұмытып отырмын), солармен қатар Ұртай Әшімов жұбайымен келді. Ерулік берудің негізгі мақсаты – көшіп келген отбасымен танысу, жақын білісу екені белгілі. Сәду аға да әңгіме айтуға жүйрік екен, отырғандарды әдемі әзілімен күлдіріп қояды. Мен ол уақытта 14 жастағы бала едім, «жұмысым» қолдарына су құю және сыртқа шықса аяқ-киімдерін ұсынып тұру. Отырысты үлкен әжем Ақжарқын басқарып отырды, өйткені ол кісі әңгіме айтудың шебері еді.
Сәду аға жоғарыда айтылған қызметін 1957 жылдың аяғына дейін атқарды. Ал 1957 жылдың соңына таман аумақтық партия хатшысы лауазымы қысқартылды да, Сәдекең Амангелді атындағы колхозға бастық болып сайланды. Ол қызметін 1961 жылдың бас кезіне дейін атқарды. Одан аудандық мәдениет бөлімінің меңгеруші қызметіне тағайындалды. 1964 жылдың 12 қыркүйегінен өмірінің соңы – 1977 жылға дейін Дружба совхозының партия ұйымының хатшысы болып қызмет істеді.
Сәду аға қандай лауазымды қызмет атқарса да өте кішіпейіл, қарапайым кісі еді. Отырған жерінде қалжың айтпай отыра алмайтын, кейде сол қалжыңнан өзі де опық жеп қалатынын байқамайтын. Батыр аңғал келеді деген рас. 1968 жылы наурыз айында жергілікті кеңестердің сайлауы болды. Сайлау өткеннен кейін ұйымдастыру сессиясы болады. Дружба совхозының орталығына орналасқан Қорағаты ауылдық кеңесінің аумағына екі шаруашылық – Дружба және Коммунизм совхоздары кіреді. Дружба және Коммунизм совхоздарын Қорағаты өзені бөліп жатыр. Коммунизм совхозынан сайланған депутаттар жиналысқа кешігіп келген болатын. Осыны қалт жібергісі келмеген Сәду Шәкіров Коммунизм совхозының директоры Әбиболла Көшенов ақсақалға қарата қалжыңдап: «Әбеке, сіздің ағайындарыңыз баяғыда сиырға мініп барлық жұмыстарын бітіреді екен, мына тұрған кішкентай Қорағаты өзенінен өте алмағаныңыз өкінішті болған екен» дейді. Әбекең ақсақал да іле жауап беріп: «Сәду інім, айтқаның рас, бұрынғы уақытта сиырдың еркегі мен ұрғашысы ірі болушы еді, қазір бәрі майдаланып кетті ғой, мінсең суға батып кетеді» депті. Жұрт ду күледі. Өйткені Сәду аға да, үйіндегі жеңгей де пәкене бойлы адамдар екен.
Бұрын ауданда жиналыс болған уақытта С. Шәкіров пен Ә. Көшенов орындыққа қатар жайғасатын болса, әлгі әзілден кейін екеуі екі бөлек отыра бастайды. Бұны байқап жүрген аудан басшысы Ж. Түйебеков оларды татуластыру амалын ойластырады. Біраз уақыт өткеннен кейін Ж. Түйебеков жұбайы Әлима апа екеуі Ә. Көшенов пен С. Шәкіровтің отбасыларын үйіне қонаққа шақырады. Көшенов ақсақал жұбайымен шақырған уақытында, С. Шәкіров кешігіп келген. Есік алдында Сәду аға мен жұбайы Үмітжан апаны Әлима апай қарсы алады. Сәду аға төрде отырған Ә. Көшенов ақсақалды көріп «Жоқ, мен кірмеймін» деген ғой. Сол уақытта Әлима апай: «Әй, Батыр қайным ашуланба, жасымыз үлкен болған соң сендерді табыстырайық деп ағаң Жапар екеуміз осы бас қосуды ұйымдастырып отырмыз» депті. Батыр аға осы сөзден кейін өкпені ұмытып, үйге кіріп, Әбиболла ақсақал екеуі қол алысып бір-бірін кешіріпті.
С. Шәкіров Шу ауданына келгенде өзі Батыр еді. Кейін ол үйге екінші Батыр қосылды. Үмітжан апа бірінің артынан бірін туып, бала санын онға жеткізді. Сөйтіп бұл үйді «Қос Батыр» отбасы деген сөз тарады.
Сәду аға қайтыс болған соң, ол кісі атқарған партия ұйымының хатшысы қызметіне ағаның үлкен баласы келді. Батыр ағаның өзі өмірден озғанша Шу ауданында үлкен құрметке бөленді. Өмірден өткеннен кейін өзі тұрған көшеге және мектеп-интернатқа ағаның есімі берілді. Сәду Шәкіров аға мені 1971 жылы партия қатарына қабылдады, ал 17 жылдан кейін мен жұмыс бабымен Талас ауданына ауысып, аудандық партия комитетінің ХХІХ конференциясына делегат болдым.
Алыптар алақанының жылуы деген осы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support