Баспананы қалай алуға болады, оның талаптары қандай?

Баспананы қалай алуға болады,  оның талаптары қандай?
ашық дереккөз
Баспананы қалай алуға болады, оның талаптары қандай?
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру мақсатында Үкімет пен Парламентте арнайы заң қабылдау қарары жыл басынан бері қаралып, өткен айларда оң шешімін тапқаны белгілі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, халықты тұрғын үймен қамту мəселесі бүгінгі таңда Отбасы Банкіне жүктелген. Халықтың әлеуметтік осал топтарын жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі Парламент Мәжілісінде талқыланып, оң шешімін тапқан болатын. Осы арқылы отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Бұл 70 мыңға жуық кезекте тұрған адамдардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді екен. Есепке қоюдың жаңа тәртібіне сәйкес қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан, соңғы 10 жыл ішінде баспанасы жоқ барлық азаматтарға тұрғын үйге мұқтаждардың жаңа базасына кезекке тұру құқығы берілген. Сонымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша сәуірдің 18-нен бастап жалға берілетін тұрғын үй ақысын субсидиялау бағдарламасына өтініштер қабылдана бастады. Платформа іске қосылған уақыттан бері үміткерлер жолдаған 3 227 өтініш мақұлданса, оның 160-ы біздің облыстың еншісіне тиесілі. Өтініштер онлайн режимде оtbasybank.kz («Баспана маркет» маркетплейсі) порталында жолдануда. Өтініштер қабылданып, өңделіп жатқан платформа – бірегей, оның Қазақстанда баламасы жоқ. Жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады. Атап айтсақ, бірінші – 1 және 2-топтағы мүгедектер, екінші – мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, үшінші – жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, төртінші – көпбалалы отбасылар. «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директорының орынбасары Талғат Жақсылықовты сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс екен. – Биыл азаматтарымызды қолдауға 50 миллиард теңге қарастырылған. Жаңа бағдарлама шамамен 70 000 адамды қамтымақ, олар жалдау ақысының 50 пайызын алады. Қазақстандықтар қысқа мерзімде, кезексіз өтінім берулері үшін біз бүкіл процесті онлайн режиміне аудардық», – деп түсіндірді. Оның айтуынша, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ. «Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. Сондықтан азаматтар оны алдын ала алулары немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның жұмыс істеп тұрғанын тексерулері керек. Тағы бір талап – субсидия алуға үміткердің депозиті бар, Отбасы банк клиенті болуы тиіс. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы оны аша алады», – деді ол. – Депозит болашақта баспана алу үшін ашылады, оны кезекте тұрған адам жалдау төлемдері тоқтатылғаннан кейін сатып ала алады. Енді ол мүмкіндігінше қаражатын үнемдей алады, сонымен қатар ертеректе ашылған депозит оның тұрғын үйге қолжетімділік сатысының келесі баспалдағына өту кезінде құнды артықшылық болады. Ізінше субсидия алуға үміткер otbasybank.kz порталында тіркеліп, жеке кабинетінде өтініш жаза алады. Ол үшін, ең алдымен, төлемдерді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында «қонақ» ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады. Егер өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі. Осыдан кейін «Пәтер иесі туралы деректер» бөлімінде өтініш беруші жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек және осы сәттен бастап процесс жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылатын екінші кезеңге өтеді, – дейді Талғат Жақсылықов. Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек екен. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды. Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады. Жалдамалы баспананы азаматтың өзі іздейді. Отбасы банк жалдамалы тұрғын үй субсидиясын жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша, ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады. «Отбасы Банкі» жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеріп отыратын болады. Ескеретін жағдай, баспананы жақын туыстардан және жұбайынан, ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынады. Жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға қатысты өтініштер Тараз қаласы, Ақбұлақ шағын ауданындағы «ИРС» сауда үйі (2 қабат/1 бутик), Салтанат (4) шағын ауданындағы, 20 үй, («Сезім» медициналық орталықғы) және Төле би көшесі, 16 үйде, («ЖАСҰЛАН» дәріханасының қасында) қабылдануда.

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар