Майталман мамандар марапатталды

Майталман мамандар марапатталды
ашық дереккөз
Майталман мамандар марапатталды
Биыл қазақ полициясының құрылғанына – 30 жыл. Айтулы дата облысымызда да лайықты аталып өтті. Мерекеге орай Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жиналған қауым Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң облыстық полиция департаментінің саптық алаңында салтанатты жиын өтті. Аталған іс-шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков қатысты. Мерекелік жиын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың құттықтау жеделхаттарын оқумен басталды. Салтанатты сәтте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ізгі тілегін арнап, полиция қызметкерлерінің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлестерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков те құттықтау сөз сөйледі. Шара барысында мінсіз қызметімен көзге түскен мамандар Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар бір топ қызметкерлерге «Құрмет» ордені мен «ҚР полициясына 30 жыл» медалі, түрлі деңгейдегі грамоталар мен Алғыс хаттар табысталды. Облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері ұйымы президиумының шешімімен қайтыс болған полицейлердің әйелдеріне «Ана шапағаты» ордені тапсырылды. Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин тәуелсіздік жылдары құқық қорғау органдарында жүйелі реформалардың жүзеге асқанын атап өтті. Ол тәртіп сақшыларының азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аянып қалмайтынын жеткізді. Жиын барысында Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері қоян-қолтық ұрыс элементтерін, жауынгерлік самбо, суық қарудан сақтану және шабуылға тойтарыс беру тәсілдерін көрсетті. Келесі кезекте ПД Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор кинологы өзінің қызметтік итімен есірткі заттарын табу және шартты қылмыскерді ұстаудағы шеберліктерімен бөлісті. Жиын соңында жеке құрам салтанатты шерумен жүріп өтті. Кәсіби мереке «Баласағұн» орталық концерт залында өткен ән кешімен жалғасты.

Аяулым ЖАМАНҚАРА.

Ұқсас жаңалықтар