- Advertisement -

Қарапайым, бірақ қатал басшы болған

162

- Advertisement -

Сарыпбек Исаев темірдей тәртіптің адамы еді

– Орден құтты болсын, жәке! – деп қолын ала жүгірді аттан түсіп жатқан Сарыпбектің алдынан шыққан жас шопан.
– Рақмет! – деп салқын жауап берген Сарыпбек аттың тізгінін әлгі сәлемші жігіттің қолына ұстатты да, киіз үй қасында иіріліп тұрған топқа беттеді. Байқауында Іргежалдың төңірегінде қыстап отырған 5-6 отардың аға шопандары түгелге дерлік осында.
– Оу, шәріден келе жатқан қожаның қолын алуға жиналғандай бұл не тұрыс? Әлде бір мәселені кеңесуге жиналдыңдар ма? – Сарыпбек шетінен келіп қолын алып, амандасып жатқандарға осындай сауал қоя сөйлеген.
– Ешқандай мәселе жоқ. Қора бүтін, жем-шөп жеткілікті. Өріс ашық. Алла қарасып, ауа райы да жақсы болып тұр. Кеше отар аралаған директор мен зоотехник бүгін сіздің келетініңізді айтқан соң, бәріміз бір жерде бас қосып күтіп алуды ұйғардық. Орден құтты болсын! – деді күтіп алушылардың ішіндегі үлкендеу біреуі сөз бастап. Сол сол-ақ екен: «Сәке, орден құтты болсын!», «Жәке, еңбегіңнің жанғаны осы. Орден құтты болсын!» деген құттықтау, қошемет сөздер жан-жақтан жауып кетті.
– Е-е, сол ма еді айтайын дегендерің. Ол орден – сендердікі. Сендердің өкіметтің малын өлтірмей бағып, одан көп қозы алғандарың үшін берді ғой маған. Ендеше, өздеріңнің ордендерің құтты болсын! – деді Сарыпбек көпшілік басылған сәтте.
– Біз мал бақсақ, өзіміз үшін, бала-шағаның қамы үшін бағамыз-дағы. Біздің жан-жағдайымызды жасап, қонатын қонысымыз, мал жаятын өрісімізге дейін сайлап беріп отырған өзіңсің ғой, Сарыпбек, – деді перме бастықтан жасы үлкен бір қария. – «Басшы – біреу, қалғаны – тіреу» деген бар халықта, сенің дұрыс басшылығыңның арқасында абыройға ие болып отырмыз. Ендеше, өкімет сенің еңбегіңді өте дұрыс бағалаған. Саған герой атағын берсе де артық емес.
– Ой, ол орденін жуудан қашып, бізге сілтеп отыр ғой, – деп қалды қалжыңы жарасатын құрдастарының бірі. Сарыпбек аузын ашқанша, әлгі қария оның орнына жауап беріп үлгерді.
– Сен құрдас болған соң айта бересің-ау, жазған. Орденсіз-ақ Көшімкүл келіннің тойға бергісіз дастарқанынан бұйырған дәмді татып жүрміз ғой. Құрдасы сен де құр қалған жоқ шығарсың сыбағаңнан.
«Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма» деген ғой, Сарыпбек құрдасының қалжыңын жауапсыз қалдырды. Әйтпесе әлгі әзілкеш құрдасын сөзбен түйреп салудың реті келіп-ақ еді осы жолы. Өзі – нағыз кержалқау. Еңбек десе ерінбейтін әйелі мен қолқанат болып қалған балаларының арқасында көшке ілесіп жүр әупірімдеп. Сонысына қарамай тілі – мірдің оғындай.
Одан әрі әңгіме шаруа жайына ауысып, пермебастық істің жайына қаныққаннан кейін, көпшілік шопан әйелінің шақыруымен ішке кірген. Қалған әңгіме шопанның берекелі дастарқаны басында жалғасын тауып жатты.
Бұл әңгіме кеңестік кезеңде бесжылдықтардың бірінің қорытындысы бойынша жақсы өндірістік көрсеткіштері үшін Исаев Сарыпбектің Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталғанына байланысты болған.
Еркектер үйге беттегенде кейбіреуі иіліп сәлем салып, кейбіреуі ерін ұшымен «амансыз ба» деп амандасқан әйелдерге «көп жаса», «бақытты бол», «халдерің жақсы ма», «аман болыңдар» деп жауап қатқан да қойған Сарыпбек. Үнемі сазарып сұстылау жүретін жүзі сәл-пәл жылығандай.
– Азаматтың баласы-ай, өмірі бір қалыптан айнысайшы! Әйтпесе бүгінгідей қошемет-құрметке бөленген күні мәре-сәре күліп, жадырап жүруіне болады ғой. Не деген жарылып кетпейтін адам! Басқалар бұл кісі сияқты орден алса, танаулары желпілдеп, бөркін аспанға атар еді.
– Е-е, Құдай берген мінез де! Қуанбайды емес, қуанады ғой. Бірақ, сол қуаныш пен қошемет-құрметті көтере білген ерді айт!
– Семіздікті қой көтерер. Жәкемнің асып-тасығанын көрген емеспін. Тіпті, соғысқа қатысқан кейбіреулер жауды жалғыз өзі жайратып келгендей болып терісіне сыймай жүргенде бұл кісінің желпінген кезі болған емес.
– Е-е, ол кісі ауыр жараланып, соғыстан мүгедек болып ертерек келгеннің өзінде омырауы толған орден, медаль болатын. Әгәрәки, қапыда ауыр жараланып қалмағанда немістердің көкесін көзіне көрсететін нағыздың өзі ғой. Мына қайтпас-қайсар мінезбен соғыстан керой болып қайтатыны сөзсіз еді.
Бұл еркектер үйде отырғанда сыртта ас қамымен шай қайнатып, ет асып, қазан-ошақ басында жүрген әйелдердің әңгімесі.
Әлгі қарияның көтермелей сөйлеген сөзі де, қазан-ошақ басында жүрген әйелдердің ішіндегі қоңырдың қыздарының жәкелерін мақтан тұтып айтқандары да Сарыпбекке берілген лайықты баға. Ол соғыста немесе жай өмірде керой болар-болмас, бірақ тірлігіне табанды. Бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайды ғой сабазың. Және жақсы нәтижеге қол жеткізгенге дейін өзіне де, өзгелерге де тыным жоқ.
Одан кісі жаман болсын ба, бейнеттің зейнетін көретіні белгілі ғой. Тек біріне-бірі жалғасып жататын, кісіге бас көтеруге мұрша бермейтін жұмыстан жалығып кетеді де адамдар. Оның үстіне Сарыпбек бастық – темірдей тәртіптің адамы. Бір жұмыс уақтылы атқарылмай немесе шала-пұла болып қалса, пермебастықтың өңменіңнен өтер өткір көздерімен ата қарағанының өзі жетіп жатыр. Бұл – анау-мынау қатаң сөгісіңнен де ауыр жаза. Ондай жазаға тартылмас үшін тиісті тірлігіңді уақтылы әрі тындырымды атқарғаннан дұрысы жоқ.
Сол жолы пермедегі жақсы көрсеткішке қол жеткізгендердің бірқатары Сарыпбектің ұсынысымен «Бесжылдықтың озаты», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Коммунистік еңбектің екпіндісі» төсбелгілерін омырауына таққан.
Сарыпбек – тәртіптің адамы. Тәртіп болғанда да, темірдей қатаң тәртіп. Ұқыптылық қанында бар болса, бар шығар. Ал тәртіпті болу мен оны өзгеден талап етуді өмірдің өзі үйреткен.
Әкесі Иса ағайын арасындағы ауқатты кісілердің бірі болған екен. Қазақстанды қушеке Голощекин басқарған тұста малы тәркіленіп, өзі түрмеге қамалған. Содан итжеккенге айдалғалы тұрғанда есебін тауып түрмеден қашып шығып, Қырғызстанға өтіп кетіпті. Сол жақтан астыртын хабар беріп әйелі Зеретайды шақыртады. Ол кісі кішкентай қызы Күләсалды бірде арқалап, бірде жетектеп Исаға жетеді. Ал әжесі Несібелінің бауырында өскен Сарыпбек елде қалып қойып, кейіндеу арттарынан барыпты.
Бұл ел ішін ашаршылық жайлай бастаған кез. Сарыпбек әке-шешесіне біреулерге ілесіп барды ма немесе өздігінен сұрай-сұрай жетті ме? Ол жағы белгісіз. Қалай дегенмен де, он жасқа жетер-жетпес баланың ата-анасымен аман-есен табысуының өзі оның етінің тірілігін көрсетсе керек.
Иса ата Қырғызстанда өзі секілді ауып барған ағайыны Айтқұлға жолығып, екеуі бір шаруашылықтың малын бағады. Исаның Сарыпбек ұлы мен Күләсал қызынан кейінгі баласы Төлеу Қырғызстанда туған.
Исаның сүйегі Қырғызстанның Жуантөбе деген жерінде жатыр. Асау өзеннен атпен өтпек болғанда жартасқа соғылып қаза тауыпты.
Сарыпбек әскерге Қырғызстаннан шақырылған сияқты. Өйткені ол кісі 1943 жылы Фрунзеде (қазіргі Бішкек) кіші командирлер дайындайтын курстан өтіп, шілденің 25 жұлдызында әскери ант қабылдағаны туралы мәлімет бар.
Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер, екінші Украин майданында соғысып жатқан кіші командир Сарыпбек Исаев Курск иініндегі қанды шайқастардың бірінде ауыр жараланып, 1944 жылы екінші топтағы мүгедек санатында елге оралған. Ал Курск иініндегі шайқас Ұлы Отан соғысы кезінде шешуші майданның бірі болғаны тарихтан белгілі.
Елде еңбекте, соғыста ұрыста шыңдалған Сарыпбек майданнан оралғаннан кейін оған ферма меңгерушілігі сеніп тапсырылған. Сөз арасында ол кісіні пермебастық деп атауымыз сондықтан.
Жұмыста өте қатал болды. Бірақ, өте әділ еді. Әр отарда мал басының түгел болуын талап ететін. Елтірісі сапалы, малы аман шопанға сыйлық бергізетін.
Бірде совхоз директорымен сол үшін сөзге келіп қалғаны да бар.
– Жолдас директор! Мен мал басын аман сақтап, елтірінің жоғары сортпен өткізілуіне үлесін қосқан шопанға ынталандыру сыйлығын беруіңізді сұраймын, – деді бірде жалпы жиналыста. – Олар қыстың суығы мен жаздың ыстығында аянбай еңбек етті. Соны ескеру керек. Мен малшының жағдайын жақсы білемін. Олармен күнделікті біргемін. Совхоз «мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыты» мәртебесіне ие болып отыр. Ол кімнің арқасы? Малшының арқасы. Ендеше, малшы еңбегі ескерілуі керек.
– Жолдас Исаев! Оны біз де білеміз. Бірақ, Мәскеудің талабы бойынша жүз саулыққа 150-ден қозы беруіміз керек еді. Ол көрсеткішке қол жеткізе алмадық. Сондықтан бірқатар шопандарды сыйлықтан қысқартуға тура келіп отыр.
– СЖК препараты елтірінің сапасын төмен түсіріп жіберетіні бәріңізге мәлім. Мен қойды техникалық ұрықтандыру кезінде осыны ескеріп, СЖК препаратын қолдануға шектеу жасағаным рас. Есесіне елтірінің басым бөлігі жоғары сортты болып отыр ғой. Қозы алу көрсеткішін қосып жазу арқылы көтергенмен пайда жоқ. Мал төлдету кезінде Мәскеуден келген мамандар елтірінің сапасына жоғары баға бергені естеріңізде болар. Жиналыс хаттамасына осыны қосып жазуларыңызды сұраймын.
– Мен коммунист Исаевтың бұл ұсынысын қолдаймын. Сіздерді де қолдауға шақырамын. Аудандық партия комитетіне коммунист Исаевтың жасаған ұсынысын айта барамын.
Шаруашылық партия ұйымының жиналысына қатысып отырған аупартком өкілі осылай келісімін бергеннен кейін басқалары да қолдап, хаттамаға солай жазылды.
– Қарағайдың қарсы біткен бұтағындайсың-ау, Сәке! Бұл шешімді жоғарыдағылар қолдаса болғаны да! – деп қалды совхоз директоры.
Коммунистердің жалпы жиналысында қабылданған осы шешімге аудандық партия комитеті де келісімін берді. Сарыпбекке шопандар қауымы риза.
– Мен «қызметімнен кетемін-ау» деп қорыққан жоқпын. Жоғарыдан нұсқау солай болған. Жоғарымен де санасу керек. Бірақ, сол жолы Сарыпбектің ұсынысы дұрыс екеніне бәрінің көзі жетті, – дегені бар совхоз директоры Шарафи Ғұбашевтің.
Шарафи білікті басшы еді. 1948-1949 жылдары «Талас» қаракөл қой совхозында Социалистік Еңбек Ері атағын алғандардың бірі. Шаруашылықты басқарған жылдары ферма меңгерушісі Сарыпбек Исаевпен өте жақсы сыйластықта болған.
– Сарыпбек, Әбдір сияқты азаматтар елдің бағына туған жандар ғой. Олардың «Талас» совхозының гүлденуіне қосқан үлестері зор. Мен «гүлдеуіне» деген сөзді бекер айтып отырған жоқпын. Олар шаруашылықпен қатар шаруаның да жайын қатты ойлайтын. Әр малшының жағдайын жасау үшін шыр-пыры шығып жүретін. Сондай қамқор қасиеттерімен елге сыйлы болды, – депті Шарафи Ғұбашев басқа шаруашылыққа басшылыққа ауысып бара жатқанында. – Нағыз ел азаматы, нағыз коммунист солардай-ақ болсын!
Әкесі Иса «бай-құлақ» деп қудаланған Сарыпбектің коммунистік партия қатарына қабылдануының өзі де ерекше оқиға. Соғыс кезі. Кезекті бір шабуылдан кейін майдан штабында жастарды партия қатарына қабылдау рәсімі болған. Полктің саяси жетекшісі партияға өтуге өтініш бергендер тізімінде кіші лейтенант Исаев Сарыпбектің фамилиясын атаған тұста сәл мүдіріңкіреп қалды.
– Бұл азаматтың әкесі бай-құлақ ретінде қудалауға түскен екен. Сондықтан Исаев Сарыпбекті партия қатарына қабылдауымыз уставқа қалай болар екен? – деді политрук көпшілікке қарап.
– Әкесі үшін баласын кінәлауға болмайды. Мен Отан қорғаушы Исаев Сарыпбектің оғаш қылықтарын көрген жоқпын. Ол – нағыз патриот. Сондықтан партия қатарына қабылдануына өз ұсынысымды білдіремін. Мұны «коммунист Поликарповтың ұсынысы» деп жазыңыздар протоколға, – деді төралқада отырған комбат. – Партияға мұндай патриоттар керек.
Сарыпбек Исаев коммунистік партия қатарына осылай қабылданған. Ол партияға адал болып өтті өмірден.
– Сәке, біз сізді «Қапланбек» совхоз-техникумына оқуға жібергелі отырмыз, – деді бір жиналыста шаруашылық басшысы, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев.
– Әбеке, сол оқудың маған керегі қанша. Жас та келіп қалды. Егер біреуге керек болып жатса, қызметін бере қояйын, – деп тартыншақтап еді, Әбекесі оған келісім бермеді.
– Сіз өндірісті оқыған кез келген маманнан жақсы білесіз. Оған дау жоқ. Бірақ, райком оқып мамандық алғаныңызды жөн санап отыр. Партияның талабы ғой. Шаруашылықтың есебінен оқисыз.
– Райком солай десе, дегені болсын ендеше.
Осылай Сарыпбек Исаев 1958-1960 жылдар аралығында «Қапланбек» совхоз-техникумынан агроном мамандығын алып шыққан. Бірақ, Әбдір замандасы оны сол баяғы ферма меңгерушісі қызметінде ұстады. Малдың, малшының жағдайын жақсы білетін Сарыпбектей маманды басқа салаға ауыстырғысы жоқ.
Сарыпбек совхоздың «төртінші перме» деп аталатын ауылында тұратын. Мал төлдету науқаны кезінде таң қараңғысында атқа отырған пермебастық Аса өзенінен ары қарай Бозой, Еспе, Ақсайды жайлап жатқан малшылар ауылын аралап, үйге кешке бір-ақ оралатын. Кей күндері штабта қонаға қалатын да кездері болған.
Түздегі ер-азаматтың үйдегісін сай еткен әйелге елдің де құрметі ерекше. Сарыпбектің Құдай қосқан қосағы Көшімкүл сондай жар болды. Құдай етегіне беріп, 11 ұл-қызды дүниеге әкелді. Бірақ, балаларының қызығын көре алған жоқ. 1974 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. Көшімкүл аналары дүниеден озғанда балаларының алды 19-да, соңы 8 жаста екен.
Тірі тірлігін жасайды. Сарыпбек балаларын қатарынан кем қылған жоқ. Бәрінің жүрек қалауы бойынша мамандық алуына жағдай жасады. Ешқайсысының бетінен қаққан жоқ. Баланы кім жек көрсін. Бірақ, бірде-біреуін шолжаңдатып еркелеткен де емес.
Қазақтың ас-той секілді жиынында ағайынмен алыс-беріс болып тұрады ғой, бірақ совхоздың мүлкіне қол салған кезі жоқ.
Бірде кешкілік жұмыстан келсе, есік алдында бір-екі тоннадай жем жатыр.
– Мынаны кім әкелді? – деп сұрады әйелінен.
– Өзіңіз беріп жібергенсіз де.
– Мен ешкімнен ешқандай жем беріп жіберген жоқпын!
Даусы қатқылдау шықты. Ертеңіне әлгі ағасының қамын ойлаған інісін үйге жіберіп, жемді бір түйірін қалдырмай қоймаға апарып түсірткізген. Содан кейін бұл үйге ешкім бір бау шөп, не бір уыс жем әкелген емес.
Қолда азды-көпті малдың шөбін жаз бойы балалары өздері дайындайды. Соғым байлағанға қажетті 5-6 қап жемді ақшасына жазғызып алады.
– Біз әкемізді үйде көп көре бермейтінбіз. Таңның атысы кетіп, кештің батысында келеді. Әкемізбен байланысымыз шешеміз арқылы. Киноға, мектептегі көпшілік іс-шарасына, доп ойнауға баратын болсақ, анамызға айтамыз.
Көшімкүл де сарамжал кісі. Барлық істің тігісін жатқызып, үй шаруасына да, бала тәрбиесіне де, қонақтың жайын жасауға да үлгеруші еді сабазың.
Көшімкүл дүниеден озғанда Сарыпбектің 50-ден енді асқан кезі. Ағайынның ақыл-кеңесімен төсек жаңғыртып, «балалардың оқуына оңайлау болсын» деп қалаға жақын қоныс аударған.
Бұрыннан сыйластығы бар, (Свердлов ауданындағы) «Трудовой пахарь» колхозының төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Александр Львович Нахманович сөзге келместен жұмысқа қабылдаған.
– Қой фермасын қабылдап алыңыз, – деді колхоз бастығы.
– Александр Львович, менің мамандығым агроном ғой, егіншілік жағынан жұмыс істесем, – деген уәж айтып еді, досы келіспеді.
– Сіз – нағыз мал шаруашылығының маманысыз. Сондықтан сізге қой фермасы қолайлы, – деді А.Л.Нахманович.
– Бізде қаракөл қойы ғой, мұнда – меринос, – деп көріп еді, колхоз бастығы көнетін емес.
Сөйтіп, не керек, атақты колхозда 6 жылдай жұмыс істеп, ферма меңгерушілігінен зейнеткерлікке шыққан. Мұнда да сол күндіз-түні ат үстінен түскен жоқ. Іскерлігінің, еңбекқорлығының арқасында абыройға бөленді.
Соғыста І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Жуков медалімен марапатталған Сарыпбек Исаев бейбіт еңбекте Еңбек Қызыл Ту орденін, «1941-1945 жылдағы Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы ерен еңбегі үшін», Жеңістің 30, 40, 50 жылдығына арналған мерекелік, «КСРО Қарулы Күштеріне – 50 жыл», В.Лениннің 100 жылдығына арналған «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарын, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдарын омырауға тақты.
Қызметте талапшыл, қатаң қалпынан айныған емес. Қызметтестері, ағайын-туыс арасында ақылшы, абыройлы, сыйлы қария болды.
Кіндігінен 12 ұл-қыз тараған Сарыпбек қария 80 жасында өзінің абырой биігінде қайтыс болды.
Ұлдары – Қауынбай, Қыстаубай, Сайлаубек, Еділбай, Жамалбек, Қасымханнан тараған немерелері, қыздары – Күләш, Гүлбадан, Сәуле, Мінтәш, Ақмарина, Индирадан тараған жиендері қадірменді қарияның өмірін жалғастырып жатыр.
Адам ұрпағымен мың жасайды, бүгінде бір қауым ел болып отырған Исаевтар әулеті биыл туғанына 100 жыл болатын аталарын еске алып, ас беріп Құран оқытқалы жатыр. Ол осындай құрметке лайық тұлға еді.
– Әкеміз аса көп қошемет, құрметті ұната бермейтін. Көзінің тірісінде мерейтойларын жасағанды жақтырған жоқ. Қарапайым болды. «Жұмысты өзім үшін істедім. Еңбегімді елегендеріне рақмет! Артық дақпырттың керегі не!» деп отырушы еді жарықтық, – дейді Сарыпбек қарияның сүйікті қызы Мінтәш. – Бірақ, әке-шеше әруағына Құран бағыштау – ұрпақ парызы. Біз сол парызды ғана орындағалы жатырмыз.
Өлі риза болмай, тірі байымайды, ниеттері қабыл болсын!

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support