Ұлы махаббат кесенесі

Ұлы махаббат кесенесі
ашық дереккөз
Ұлы махаббат кесенесі

Қайта жаңғырды

«Жауыңа пенде болма...»

Қазақ әдебиетінде Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастанын оқымаған адам кемде-кем сірә. Желдірме жырдың желкенін керген Иса ақын қазақ-қалмақ қақтығыстары кезеңіндегі ауыр ахуалды, Құралай сұлудың ана аманатына адалдығы мен Келден батырдың өжеттігін керемет суреттейді. И.Байзақов жинақтаған тарихи деректерге көз жүгіртсек, ертеректе қалмақ нояны сұлулығына қызығып алып кеткен қазақ келіншегі Құралай атты сұлу қызды өмірге әкеледі. Көркіне ақылы сай болып өскен қызға анасы өлерінің алдында «Жауыңа пенде болма, жұртыма көзің көрсе сәлем жеткіз» деп өсиет қалдырады. Кейін жау қолында бес жыл бойы тұтқында жатқан Келден батырдың қоңтайшы алдындағы қайсарлығын аңғарып қалған Құралай сұлу қазақ елін іздеп тауып, ана аманатын орындау үшін онымен бірге қалмақтардан қашып кетеді. Қалмақ ханының Жәйшағыр және Торғайкөк деген тұлпарларын тізгіндеген екеуі небір қиындықпен Бетпақтың шөліне де табан тигізеді. Ең өкініштісі, Құралай сұлу жолда ну қамыстың ішіндегі жолбарысқа кезігіп, мерт болады. Қайғыдан қара жамылған Келден батыр 40 нарға жүк артып келіп, сүйген сұлуына кесене тұрғызады. 1924 жылы Орынбор қаласында оқып жүрген жас ақын Иса Байзақов ел аузынан естіген аңыз-әңгімелердегі деректерге сүйеніп, «Құралай сұлу» поэмасын жазды. Құралай сұлудың кесенесі тұрған жер ақын поэмасындағы суреттелген жер бедеріне, көлдің келбетіне дәл келеді. Бұл бүгінгі Мойынқұм ауданындағы Кіші Қамқалы ауылының маңы.

Өткенге құрмет – ұрпаққа міндет

Ел аузында Құралай сұлу кесенесін Келден батыр шикі кірпіштен қалап, салғызған деп айтылады. Кезінде сәулеті ерекше бірегей күмбез зиялы қауымның қызығушылығын туғызған болатын. Тіпті, бұл ескерткіш қазақ жобалау-қалпына келтіру институты экспедициясының да назарына іліккен еді. Институттың жетекші мамандары А. Ишенов, А. Прескурин тарихи мұраны зерттеп, сол кездегі жартылай құлаған кесенені XVIII-XIX ғасырлардағы архитектуралық, мәдени ескерткіштер қатарына қосқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша қасиетті орынға Сәкен Сейфуллин, Роза Бағланова да келіп, тәу еткен көрінеді. Күн сүйген күмбездің төбесі опырылып, қирауға шақ қалған тұста осы өңірдің тумасы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов бастаған ұлтжанды азаматтар тарихи ескерткішті қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Осылайша, елді мекеннен жырақта жатқан Құралай сұлу мазарының орнынан сәулетті кесене бой көтеріп, өткен аптаның қасиетті жұма күні кесененің ашылу салтанаты болды. Тағылымды шараға арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Құралай сұлу кесенесінің ашылуын тарихи оқиға деп бағалады. – Облысымызда 2000-ға жуық тарихи-мәдени ескерткіш кездеседі. Олардың әрқайсысының өз тарихы бар. Сақталу сапасы да сан алуан. Дана қазақта «Мал бақтырар пайдаға, Зекетсіз мал айдама» деген керемет сөз бар. Оны айтып отырғаным, міне Ерболат Саурықов мырза бизнеспен айналысып, тапқан қаржысын әруақты, елді, туған жерін сыйлап, бұзылып бара жатқан осындай ескерткішті қалпына келтіруге бағыттап отыр. «Ұғымды ұғар, білімділер біледі, адам өліп, өмір қайта түледі» дейді. Құралай сұлу анамыздың дүниеден озғанына 250 жылдан аса уақыт өтсе де бүгін жыр арқауына айналған Құралай сұлудың күмбезін халқымен қайта қауыштырып отыр. Ынтымақ-бірлігі жарасқан Мойынқұм жұртының тілегі мен ниеті қабыл болсын! – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Сонымен қатар облыс басшысы жиылған жұртшылыққа биыл еліміз бойынша ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне сегіз тарихи-мәдени ескерткіш енгізілсе, соның бесеуі біздің өңірден екендігін қуана жеткізді. Ежелгі Тараз қаласының орнындағы археологиялық қазба жұмыстарының да нәтижелі жүргізіліп жатқандығына тоқталды. – Тараз қаласындағы қазба жұмыстарының нәтижесінде 33 мың түрлі бұйымдар табылды. Оның ішінде Қараханид дәуірінің алтын, күміс теңгелері шығуда. Біз Тараз қаласының 2000 жылдық тарихы бар деп жүрсек, қазір ІІ, ІІІ ғасырлардың көзі ашылып жатыр. Осы төңіректе үлкен жобаны қолға алып, ол бойынша туристік кластерді дамытуды ойлап отырмыз. Бүгіннің өзінде тарихи қала орнын көруге шет мемлекеттерден қызығушылық танытып келіп жатқандар бар. 2017 жылы Астана қаласында өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында туристерге облыстағы тарихи ескерткіштерді таныстыруды көздеп отырмыз. Осы мақсатта қалада брендтік қонақүйлер, мейрамханалар, мұражайлар, тағы да басқа нысандар бой көтереді. Тек соның негізінде мыңнан астам жұмыс орындары ашылмақ. Осының бәрі елдің әлеуметтік жағдайына да оң әсерін тигізетін болады, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Өз кезегінде ТИГУ ректоры, профессор Ерболат Саурықов айтар ойын Елбасының «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, сол мемлекеттігімізді ұзақ уақыт меңгеріп тұрғымыз келсе, онда біз халық руханиятының бастауларын білгеніміз жөн, оған барар жол халық даналығында жатыр» деген сөзімен сабақтады. – Халық даналығы деп отырғанымыз біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, тарихқа тағзым және әруақтарды сыйлау болып табылады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында басталған осы жұмысқа қолғабыс етіп, өзінің идеясы мен көмегін берген азаматтарға алғысым шексіз. Жалпы, егеменді еліміздің бақытқа жетіп, шуақты күннің астында өмір сүріп жатқаны тікелей біздің ата-бабаларымыздың арқасы. Өйткені, олар алапат соғыстарды, жойқын қақтығыстарды басынан кешіріп, елдің бірлігі мен жердің тұтастығы үшін аянбай тер төкті. Құралай сұлу мен Келден батыр да сондай шоқтығы биік тұлғалар қатарынан орын алады. Бұл кесененің біздің жастарымызға берер тағылымы өте зор. Қазақ халқы асыл қасиеттері мен ұлттық құндылықтарын бағалап өскен халық. Біздің өзге елдерден ерекшелігіміз де осында. Сондықтан осындай тарихи-мәдени мұраларымыз бен қасиетті орындарды сақтап, қастерлеп, оны келер ұрпаққа жеткізу біздің басты борышымыз деп білемін, – деді Е.Саурықов.

Жыр-нөсер

Құралай сұлу кесенесінің ашылу салтанатында аудан тұрғындары атынан сөз алған тарих жанашыры, құсбегі Жапар Сатылғанов өз ойын: Өмірден өкінішпен Құралай өтті, Келден де жоқ ақ сезімнің иесі, Өткен күндер бәрі тарих қойнауына тиесі. Өшпейтіні ел, аманат, адалдықты ту еткен, Құралай сұлу – ұлы махаббат киесі, – деп өлеңмен түйіндеді. Мұнан соң жас ақын Наурызбек Сарша Құралай сұлуға арнаған «Оянған рух» атты өлеңін, ТИГУ студенті Арайлым Нұржауова «Құралай сұлу» дастанынан үзінді оқыды. Өнерпаздарға жиылған жұртшылық дүркін-дүркін қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Осылайша, ауыл ақсақалдарының ақ батасымен қайта жаңғырған кесене салтанатты түрде ашылды. Аудандық мешіттің бас имамы Зият Исаев Құралай сұлудың рухына бағыштап Құран оқыды. Мойынқұм аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен тігілген ақшаңқан киіз үйлерде жайылған дастархан басында да қазақтың хас сұлуының ерлік ісі туралы салиқалы әңгіме өрбіді.

Көшпенділер өркениетінің көркем сәулет өнері

Тәрбиелік мәні зор шара аясында Құралай сұлу кесенесін қалпына келтіру жұмыстары­ның басы-қасында болған азаматтарды әңгімеге тарттық. Осы орайда ТИГУ ректоры, профессор Ерболат Саурықовқа «Құралай сұлу кесенесін салу идеясы қалай пайда болды?» деген сұрақ қойдық. – Өзім Мойынқұм ауданының тумасы болғандықтан жастық шағым осы жерде өтті. Бұл сонау балалық шағымнан көріп жүрген кесенем болатын. Бірақ, арада жылдар өткеннен кейін кесененің келбеті ескіріп, 1996 жылдың шамасында құлаған. Сонан кейінгі жылдары оны қалпына келтіру ойымда жүрді. Десек те, оқуға түсу, әртүрлі қызмет жасау барысында сыртта болдым. Биылғы көктемде Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікеновпен жолыққан кезімде ол кісі осы Құралай сұлу кесенесін қайта жаңғырту туралы идея тастады. Бұл жұмыс сол идеядан бастау алған еді. Ал «Кесенені қалай тұрғызамыз?» дегенде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айдархан Сихаев бірнеше нұсқа ұсынды. Ұланбел ауылының әкімі Қанат Белгішовтың да қосқан үлесі көп. Ауылдық жерден алыста орналасқан осы мекенге жаздың аптап ыстығында әртүрлі қажетті құрал-жабдықтарды жеткізуге орасан зор көмек көрсеткен осындай азаматтар болды. Алдағы уақытта Құралай сұлу кесенесі мемлекеттік мәні бар ескерткіштер тізіміне қосылады деп ойлаймын, – деді Е.Саурықов. Белгілі саятшы, этнограф Жапар Сатылғановтың да қуанышында шек жоқ. – Құралай сұлудың құлазыған мазарын көріп, менің де жүрегім сыздайтын. Отырсам да, тұрсам да «Құралай сұлу» аңызы ұмытылмайтындай бір бастама көтеруді ойлап жүрдім. Ақыры сексенінші жылдардың аяғында Шу бойынан «Құралай сұлу» аңшылық шаруашылығын ашып, бір-ақ тынышталдым. Сол кезде: Үнсіз тұрып бұл қабірдің басында, Қайғырыңдар үлкенің де, жасың да. Қазағыңның ар-намысын сатпаған, Құралай сұлу ару жатыр осында, – деп қабір басына жазып кеткенмін. Ар-намысын сатпай, ана аманатын арда тұтып жеткен Құралай сұлуды ардақтауымыз керек. Бұл кесене қазақ қыздарының өрлік сипатын, қанның тазалығын бейнелейді. Сондықтан мұны ұрпаққа насихаттай беруіміз қажет. Нағыз патриоттық деген осы деп есептеймін, – дейді Ж.Сатылғанов. Суретші Айдархан Сихаев Құралай сұлу күмбезінің төл тарихымыздағы көшпенділер өркениетіне байланысты қалыптасқан көркемдік сәулет өнерінің біріне жататындығын, Қозы Көрпеш-Баян сұлу ескерткішіндей арнайы табиғи тастардан соғылғандығын тілге тиек етті. Биіктігі 9,5 метр болатын кесенені тұрғызуға екі айдан аса уақыт кетіпті... ...Тарихқа тағзым етіп, Таразды бетке алдық. Ана аманатына адалдық. Қазаққа деген махаббат. Батырға тән батылдық. Бір бойына осындай құнды қасиеттерді бүгіп жатқан Құралай сұлудың құла түздегі кесенесі қол бұлғап қала берді...

Тараз-Ұланбел-Кіші Қамқалы- Ұланбел-Тараз.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар