Жедел жәрдемнің болашағы қалай болады?
«Бірінші байлық – денсаулық» демекші, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, дені сау, рухы жоғары болуы қазіргі қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Денсаулық – байлық қана емес, ол адам бақытының бастауы, тіршілік көзі, онсыз өмірді елестету әсте мүмкін емес. Күнделікті өмірде жай адамдар денсаулық сақтауда жедел жәрдемнің маңыздылығын ескере бермейді. Сондықтан да жедел жәрдемнің адам өміріндегі маңыздылығын осы мақала арқылы жан-жақты ашуға тырысамын. Жедел жәрдем – адам жарақат алғанда, өміріне, денсаулығына қауіп төнген кезде дәрігер келгенше немесе сырқатты ауруханаға жеткізгенше көрсетілетін көмек түрі. Осы үдеден біздің жедел жəрдем бөлімінің қызметкерлері үнемі шығып келеді.
Бүгінгі таңда Қазақстан əлемдік аренада өз орны бар мемлекет. Оның медицинасы да заман талабына сай даму үстінде. Мен өзім қызмет етіп келе жатқан сала – жедел жəрдем қызметінің болашағын қалай елестетемін? Ол үшін не істей аламын? Алдымен осы сұрақты өз əріптестерім Асылбек Калдыбеков, Ерсұлтан Серикбай, Жалғас Қуанышбекке қойып, олардың жауаптарын саралап, іштей ой түйдім. Бәрінен бұрын мен нағыз патриот, елім, жерім деген ортамның бар екеніне қуандым. Олар xалыққа қызмет көрсетіп медицинаны дамытамыз дейді.
Ауру – айтып келмейтін дерт. Ағза деп аталатын тылсым «аппараттың» бір тіні мен тетігі кенеттен бұрыс белгі берсе, ағзаның иесі – адамды қалпақтай ұшырып түсіретіні анық. Жан алқымға келген мұндай қиын сәтте «Алладан» соң ауызға ілігетіні тағы да – «Жедел жәрдем». Оның қызметін жаңғырту-жетілдіру үшін Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылы «Жедел жәрдем» қызметі ережесіне бірнеше өзгеріс енгізген еді.
Бүгінде «103» қызметінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді. 2018 жылмен салыстырғанда өткен жылдың қорытындысы бойынша медициналық жабдықтармен жабдықтау 20 пайызға артып, 70 пайызды құрады. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда GPS-навигациямен жабдықтау жағдайы жақсарды. Көрсеткіш ереже шыққан жылмен салыстырғанда едəуір артты.
«Біткен іске» қуана білген жақсы. Алайда тұрғындар арасында жедел медициналық қызметтің сапасына сын айтатындар өкінішке қарай жоқ емес. Уәжі сол баяғы – кешігу... Бұл мәселе де өз шешімін тауып келеді. Мен болашақта жедел жəрдем қызметінің техникалық жабдықталуы мен халықтың оған деген сенімі еселей арта түсетініне сенімім мол. Əрине, бізге бұл қызметтің сапасын арттыру үшін билік пен халықтың қолдауы керек. Айталық, жедел жәрдем қызметі кейбір шақыртуға барғанда көшесінде жарығы жоқ, көше аттары мен үй нөмірлері айқындалмаған, қалада көпқабатты тұрғын үй пәтерлерде домофондардың жұмыс істемеуі біздің жұмысымызға қолайсыздық тудырса, жолдардағы жүргізуші мәдениетінің сақталмауы, жол бермеуі сырқатқа дер кезінде жетуге қолбайлау болады. Сондай-ақ елді мекендердегі жолдардың сапасыздығы, түнгі уақытта көшелерді жарықтандырудың жеткіліксіздігі – алыс ауылдағы ғаламтор, ұялы байланыс қызметінің жеткіліксіздігі жедел медициналық қызмет бригадасының келу уақытын төмендетеді. Осы инфрақұрылым мəселелері алдағы уақытта шешімін тауып, жедел жəрдем қызметінің сапасы арта түседі деген сенімім басым.
Туған еліміздің суын ішіп, топырағын басып жүрген соң оның дамуына үлес қосу әрбір азаматтың міндеті. Еліміздің гүлденіп, мемлекетіміздің қуаты артып, xалқымыздың денсаулығы мықты болып, бақытты өмір сүргенін бәріміз де қалаймыз. Бұл біздің де, бүкіл қазақ елінің арманы емес пе?!
Жақсыбек ОШАНОВ, жедел жәрдем қызметінің қызметкері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді