Басылым атауын «Ақ жол» деп өзгерттік

Басылым  атауын  «Ақ жол»  деп өзгерттік
ашық дереккөз
Басылым атауын «Ақ жол» деп өзгерттік
17Арғынбай Бекбосын, «Ақ жолдың» 1985-1995 жылдардағы редакторы.

1985 жылы 13 наурызда Орталық комитеттің Қонаев қол қойған шешімімен ол кездегі «Еңбек туына» редактор болып келдім. Сөйтіп, он жылдай газетті басқарып, 2500-ге тарта нөмірін шығаруға саяси шығармашылық басшылық жасауыма тура келді. Менің редакторлық қызметім ел өміріндегі аса жауапты бетбұрыс кезеңмен тұспа-тұс келді. Осы жылдарда Қазақстан алғаш егемендігін, одан кейін тәуелсіздігін жариялады. Осылайша дүниеге жаңа тұрпатты мемлекет пайда болды. Мемлекет эволюциялық емес, революциялық жолмен келген сияқты мен үшін. Өйткені, бұл өте тез, үлкен екпін, бұлқыныспен орнады. Бақытымызға орай, қару емес, Назарбаев секілді сарабдал саясаткер сөйледі. Осылайша бір формациядан екінші формацияға өтуіміз қантөгіссіз орын алды, іске асты. Әрине, маған оңай болған жоқ. Бес жыл тәуелділік жағдайында одан кейінгі бес жылда тәуелсіздік жағдайында редактор болып, заманның алағай-бұлағай шағында саяси бағытты айқын анықтау, кімнің сөзін қалай сөйлеу, мақсат нысананы қалай белгілеу, оған бұқараны қалай үндеу секілді мәселенің барлығы күн-түн демей ойлануды, ізденуді, кейде тіпті батылдық қадамдарға баруды талап етті. Біз негізінен жаңа дәуірдің келе жатқанын Горбачевтік жылымық жылдарда интуйтивтік тәсілмен болса да түйсінгендей күй кештік. Содан да болар, Қазақстанда тұңғыш рет газеттің «Еңбек туы» деген трафареттік, саяси клишей секілді атынан бас тарттық. Ол кезде тәуелсіздік тұрмақ, егемендік суверенитет жөнінде декларация да жарияланған жоқ. Сәуір айынан бастап, басылым атауын «Ақ жол» деп өзгерттік. Еліміздің алдынан бір Ақ жол ашылса екен дегендіктен. Осылай біз бір заманда яғни, сонау жиырмасыншы жылдары Ташкентте шығып, ұлтшылдық бағыттағы басылым ретінде айыпталып, жабылып қалған «Ақ жолдың» атын қайта жаңғырттық. Одан кейін біраз тәуелді кездің өзінде саяси батыл қадамға бардық. Айталық, Қайрат Рысқұлбеков туралы алғаш мәселе көтеріп, бет бердік. Қазақ тілі, мектебі туралы үн көтердік. Төрт жылдай жазықсыз қараланып жатқан Асанбай Асқаровтың, халқына адал, қамқорлық жасаудан өзге еш кінәсі жоқ заңғар ағамыз Дінмұхамед Қонаевтың атына кір жұқтырғысы келгендердің арам пиғылына қарсы тұрдық. Осы секілді талай тірлік тындырдық. Оны халық шын жүректен қабыл алып, қолдады. «Ақ жол» енді он сегіз мыңыншы рет халықпен бетпе-бет кездесіп отыр екен. Бұл дегеніміз бір жағынан ғажап іс, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Әрине, он сегіз мыңның барлығында газет тая басқан жоқ деп айта алмаймын, оған негізім де жоқ. Ал енді өзім басқарған екі жарым мыңға тарта санға мен кез-келген уақытта жауап беруге дайынмын. Ол газеттің замана рухына, халықтың мүддесіне сай болғанына мен сенімдімін. Сенетін себебім, ол басылымды халықтың өзі бағалады. Газеттің енді жаңа мың сандық кезеңі басталғалы жатыр. Қазір редакцияның құрамы көп жаңаланды. Менің кезеңімнен бірен-саран ғана азаматтар қалды. Солардың қатарында ендігі негізгі салмақ сендерге, өзіңе, анау Фариза, Тұрсынбек, Табиғат, Гүлжан, Ардақ, Жасұлан, Шынар, Эльвира секілді жастарға түсетіні заңды жайт. Ендеше бәріңе Құдай тағала қаламгерлік күш-қайрат берсін!

Басылым үшін түскен Хақ жолына, Шыншылдық – ұзақ тұрар бақ зоры да. Тілегем қойғанда атын, тілей берем, Сапарды сан ғасырлық «Ақ жолыма»!

Ұқсас жаңалықтар