«Құрмет белгісі» орденін әпердім

«Құрмет белгісі» орденін әпердім
ашық дереккөз
«Құрмет белгісі» орденін әпердім
18Баттал Жаңабаев, «Ақ жолдың» 1965-1985 жылдардағы редакторы.

Тарихы терең басылымды ширек ғасырға жуық уақыт басқардым. Сол аралықта орын алған екі дүниені бөле жара айтқым келеді. Айталық мен 1965 жылы обкомда хатшының орынбасары болып жұмыс жасадым. Ол кездегі крайдың структурасында осындай құрылым болған. Обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров еді. Аталған жылдың 4 қаңтарында таңертең ол кісі мені өзіне шақырды. Не үшін шақырып жатқанын білдім. «Тоқетерін айтқанда мына конверттің ішінде обкомның бюросының қаулысы бар. Осыны апарасың, Димекеңнің ертең қабылдауында бол да, қайт, сөйтіп жұмысыңа кіріс» деді. Тапсырмаға сай бесі күні Димекеңде болдым. Ол кісі ат шаптырымдай үлкен кабинетінің ортасына келіп қарсы алды. Көңілім тасыды. Кездесу барысында Димекең менен елдің жағдайын, өзімнің халімді сұрады да: «Қарағым, редактор деген өте жауапты жұмыс, сол жұмысты абыроймен атқаруыңа тілектеспін» деп қолымды қысты. Әңгіме осымен түйінделді. Алтыншы қаңтарда мен қызметке кірістім. Край кезінде газет жойылып барып, қайта құрылған. Орысша, қазақшасы бірге шығатын еді. Редколлегия деп қол қойылатын да, редактордың аты жазылмайтын. Мен жұмысқа кіріскен соң бірден Асанбай Асқаровқа: «Асеке, мынандай бір мәселе бар. Мына екі басылымның штаты, бәрі дайын. Тек екіге бөлу керек. Қазір басылым аударма болып қалып отыр. Одан қазақ журналистері зардап шегіп жүр. Қазақ жігіттері сайдың тасындай іріктелген. Алайда, олардың жазғаны көлеңкеде қалып қойды» дедім. Мұқият тыңдаған Асекең: «Мұның дұрыс екен. Енді не істемек керек?» деді. Мен жаңадан келген редактор Рябов екеуміз сөйлесіп, ұжымды орысын орысқа, қазағын қазаққа бөліп, техникалық қызметкерлердің өзінен қайда баратынын сұраймыз деген ниетімді білдіріп едім. Ол кісі келісті. Келген соң осы ойымды Рябовқа айтып едім, ол қуана келісім берді. Осылайша, газетті орысша бөлек, қазақша бөлек етіп, қайта құрылым жасадық. Содан тоғызыншы қаңтардағы нөмірге бірінші рет редактор Жаңабаев, редактор Федор Рябов болып атымыз жазылды. «Еңбек туы» осылайша жеке бөлініп шықты. Бұл менің жасаған бірінші жұмысым. Газетті жиырма жылға жуық басқарғандағы екінші бір сәт, газеттің елу жылдығы. Мерейтойды толыққанды атап өттік. Үш кісіге Қазақ Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, бес кісіге грамотасы, маған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері деген атақ берілді. Оны сол кездегі Жоғарғы совет президиумының төрағасы Шәкен Ниязбековтің өзі тапсырды. Сол кезде біз «Еңбек туының» алғашқы редакторы Анна Владимировна Алматинскаяны іздеп таптық. Ол Ташкентте үш-төрт роман жазған жазушы кісі екен. Соны шақырып едік, келе алмады. Басқа редактордың бәрі қатысты. Анна Владимировнаға мен, орыс газеті редакторының орынбасары Кан, Ким деген фототілшіміз өзіміз бардық. Сыйлығын ұсынып, өзінің мерейтойы үстінде құттықтап қайттық. Бұл екінші жағдай. Одан кейін өзім ең бастысы қызметкерлердің жағдайын жасауға баса назар аудардым. Сол жылдары жиырма төрт пәтер алыппыз. Бұл да үлкен жұмыс. Сонымен қатар қазіргі орталықтағы баспасөз үйін қаржы бөлімімен, білім бөлімімен таласып жүріп алдық. Обкомның бірінші хатшысы Хасен Шаяхметұлы Бектұрғановпен жақсы қарым-қатынастың да әсері болды. Ол кісі көп мәселеде менімен ақылдасты. Сол жылдары орыс басылымында алты редактор жұмыс жасады. Сол алтаумен қызметтес болдым. Одан бөлек он мыңыншы нөмірді де атап өттік. Шығармашылық ұжым мықты еді. Жігіттердің біразы дайын редактор болатын. Газетіміз шүкір, республикада жақсы атақтарға қол жеткізді. Соның бірі газетіме «Құрмет белгісі» орденін әпердім. Оны мақтанышпен айта аламын. Бүгінгі «Ақ жолға» ақ жол тілеймін. Қанаттарың талмасын. Абыройлы болыңдар, қарақтарым.

Ұқсас жаңалықтар