Тура биде туған жоқ

Тура биде туған жоқ
ашық дереккөз
Тура биде туған жоқ
8Кәдірхан Баққараев, журналист, «Ақ жолдың» ардагері.

Кеңестік кезең. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің табанының ізі қалған «Түркістан» кеңшарына барғанмын қызмет бабымен. Жаз. Жемшөп дайындау науқаны болатын. Шаруашылықта жұмыс тоқтап тұр. Трактор, шалғы бұзылған. Жөндейтін қосалқы бөлшек жоқ. Инженер де, бригадир де ешқандай сылтау айта алмады. Содан газетте «Басына тартса, аяғына жетпейді» деген сын мақалам жарқ ете қалды. Кейін кінәлілер жазаларын алып, кемшіліктер түзетіліпті. Әрине, жауаптылар аупарткомның бюросында «бұйраланғаннан» кейін. Мен барғанда шаруашылық басшысы Балтабай жоқ болатын. Кейін ол: «Қап, жазған журналист жақсы таныс еді. Өзім болғанда істі асқындырмай тындыратын», – деп өкінген көрінеді. Таныстық, сыйластық мәселесі өз алдына. Ал мұнда қоғам мүддесі тұр. 1966 жыл. Алматы Жоғары партия мектебін бітіріп келіп, облыстық «Еңбек туы» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезім. Қыста облыстық партия комитетінің тапсырмасымен үгіт-насихат тобының құрамында Мойынқұм ауданының малшылары арасында болып қайттық. Шопандар өмірімен таныстық. Олардың қыс қаһарын қажырлы еңбекпен жеңгеніне куә болдық сонда. Шындығында ақпанның арқыраған аязы, шілденің шіліңгір ыстығында қоғам малын шығынға ұшыратпай өсіріп жатқан шопан еңбегі қалай мақтауға да лайық. Жас директор Балтабаймен сол сапарда танысқанмын. Жас басшының ұйымдастырушылық қабілеті, оның шопандарының қажырлы еңбегі туралы жазылған да. Балтабайдың «жақсы танитын едім» дегені сол болуы керек. Бірақ екі түрлі жағдай. Бірі – қыс қаһарына қарсы қажырлы еңбек, бірі – тоқтап тұрған трактор, шабылмай жатқан шабындық. Бұл жерде кемшілікке кеңшілік болмауға тиіс. Ол кемшілік дер кезінде жазылған сын мақаланың арқасында түзетілді.

Ұқсас жаңалықтар