Конституциядағы өзгерістер кемелденуге жол ашады

Конституциядағы өзгерістер кемелденуге жол ашады
ашық дереккөз
Конституциядағы өзгерістер кемелденуге жол ашады
 width= Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу мәселесін бекер көтерген жоқ. Оның үстіне 5 маусымда өтетін референдум Ата Заңның үштен бір бөлігін жаңартуы мүмкін. Бұл жолы Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізілетіндіктен, ел тағдырына әсер ететін реформаларға тек депутаттардың ғана емес, барша халықтың қатысуы маңызды. Өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері өңірге ат басын бұрып, ірі өндіріс орындарында жұмысшылармен кездесті. Іссапар барысында депутаттар Тараз қаласының экономикасын өрге сүйреген жетекші компаниялардың әлеуетін байқап, даму жоспарымен танысты. Сенат депутаттары алдымен өнеркәсіп саласында сонау 1937 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қант зауытына барды. Күні бүгінге дейін қондырғыларын талай мәрте жаңартып, заман көшіне ілесіп отырған зауыттың ахуалы дәл қазіргі таңда мәз емес екен. Өндіріс басшысы Александр Шлегель мен жұмысшылар Сенат депутаттарына зауыттың келешегі алаңдататынын жасырмай айтты. Қазір зауыт қант құрағын, яғни жартылай өңделген өнімді Бразилиядан алып отыр. Алайда кеме арқылы алдымен Ресейге, кейін, Таразға 25 күнде келетін өнімнің жолына көрші елдегі ахуал да әсер етуде. Әрине, мұнда қант қызылшасынан да өнім алуға болады, бірақ бұл істі қазір Меркі ауданындағы зауыт жолға қойған. Сенат депутаттары тозығы жеткен технологияларды жөндеуден өткізіп, пайдаланып отырған зауыттың мәселесіне қанықты. Бұдан соң депутаттар Қант зауытындағы мән-жайды тиісті Министрлікке жеткізетінін айтып, мәселені оңтайлы шешуге барынша қолдау көрсететінін алға тартты. Сенат депутаттары зауыт жұмысшыларын алдағы 5 маусымда өтетін референдумнан қалыс қалмауға шақырды.  width= – Бүгін Әулиеата жеріндегі тарихи зауыттың ахуалымен таныстық. Мұндағы мәселелерді зерделей келе түйгеніміз, өндіріске мемлекет тарапынан қолдау қажет. Жұмысшылары да аз емес екен. Өздеріңіз білетіндей, 5 маусымда өтетін референдумда ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданбақ. Конституцияның 30-дан астам Заңына өзгерістер енгізілсе, оның барлығы халық игілігі жолында жасалып жатқан маңызды қадамдар. Жаңа Конституция бойынша жердің иесі халық екені айқын көрсетілген. Сондықтан референдумнан қалмай, Конституциядағы өзгертулерге дауыс беруге шақырамыз,–деді Сенат депутаты Жеңіс Нұрғалиев. Бұдан соң, Сенат депутаттары жұмысшылардың жеке сұрақтарына тұшымды жауап берді. Келесі кезекте сенаторлар химия өндірісінің алыбы атанған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» зауытына барды. Ел егемендігін алған тұста тоқырау жылдарынан өтіп, қайта түлеген зауыттың бүгінде әлеуеті жоғары. «Қазфосфат» серіктестігінің бас директоры Нұрхан Нұрланов тыңайтқыш өндірісінің барысын көрсетіп, өнеркәсіпті өркендету жолындағы стратегиялық қадамдары туралы толығырақ айтып берді. Өз кезегінде Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері зауыт жұмысшыларын ел болашағына әсер ететін заңдар қаралатын референдумға қатысуға шақырды. Осы күні Сенат депутаттары «Energy-Taraz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де барып, өндіріс кешенінің ұжымын Конституциядағы реформаларға үн қосуға шақырды.

Сәндібек ПІРЕНОВ

 

Ұқсас жаңалықтар