Үш жылда 2730 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған

Үш жылда 2730 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған
ашық дереккөз
Үш жылда 2730 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған
Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жыл санап артып отыр. Оны ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қарап аңғару қиын емес. Аудан экономикасына серпін берген бағдарламалар мен жобалардың игілігін ел көріп, сезінуде. Облыс орталығы Тараз қаласына іргелес қоныстанған Байзақ ауданының аймақ экономикасының артуына қосып отырған үлесі де елеулі. Атап айтсақ, ауданның облыстағы өнеркәсіп өнім көлемі 0,9 пайызды құрады. Сол сияқты ауыл шаруашылығы өнімінің – 14,7, негізгі капиталға салынған инвестициялардың – 6,6, құрылыс жұмыстарының – 3,9, тұрғын үй құрылысы – 6,9, бөлшек сауданың 4,4 пайызы аудан еншісіне тиесілі. удандағы елді мекен саны – 43, ауылдық округтер – 18, онда тұратын халық саны – 111 103 адам. Халық санының артуы тұрғын үй кезегінің жоғарылауына алып келіп отыр. Бүгінгі таңда тұрғын үй салу үшін жер телімі кезегіне 12 226 адам тіркелген. Биыл ол кезекті азайту мақсатында қабылданған тиісті жобалардың арқасында 1 мыңнан астам адамға жер телімін беру жоспарлануда. Ал 2024- 2025 жылдары тағы да 680 азаматқа жер телімін беру көзделген. Ол үшін тиісті жұмыстар атқарылу үстінде. Таратып айтсақ, Жетібай ауылында 50 гектар алқапқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы аяқталып, биыл 260 азамат жер телімімен қамтылады. Диқан-2 елді мекенінде 98,7 гектар алқапқа ИКИ құрылысы жүргізілуде. Онда 500 азаматты жер телімімен қамту көзделген. Базарбай ауылында 47 гектар алқапқа ИКИ құрылысын жүргізу жұмыстары басталып кетті. Бұдан бөлек, Байзақ ауылында 37,1 гект ар а лқапқа ИКИ құрылысын жүргізу 2024 жылға, Бурыл ауылында 93,38 гектар алқапқа ИКИ құрылысы 2025 жылға жоспарланса, Үшбұлақ ауылында 20 гектар алқапқа ИКИ құрылысы 2025 жылға межеленген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1680 азамат жер телімімен қамтылатын болады. Тұрғын үй кезегінде тұрған 1765 азаматты 2025 жылға дейін тұрғын үймен қамти отырып, кезектілікті 600-ге азайту жоспарда бар. Ол үшін арнайы жоба қабылданған. Атап айтар болсақ, Сарыкемер ауылында көппәтерлі тұрғын үй салу үшін құрылыс талаптарына сәйкес ИКИ құрылысын жүргізуге қаржы қаралып отыр. Алдағы уақытта аудан орталығында жалпы құны 7933,8 миллион теңгені құрайтын 600 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Сондай-ақ «Асар» жобасымен – 42 (оның 12 үйін биыл беру жоспарланған), «Дипломмен ауылға» жобасымен 124 жас маманды үймен қамту жоспарда бар. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандарға 611,4 миллион теңге несие бөлу көзделген. Алдағы үш жыл көлемінде ауданда жалпы сомасы 50,5 миллиард теңгені құрайтын 238 жобаны іске асыру көзделген. Оның 18-і тұрғын үй, 28-і газдандыру, 15-і ауыз суға арналған жобалар. Сондай-ақ 115 жоба автомобиль жолдарын жақсартуға, 18 жоба білім, 28 жоба денсаулық , 11 жоба мәдениет, 5 жоба спорт саласының еншісінде жүзеге асырылады. Аудандағы 15 елді мекенді таза ауыз сумен қамту үшін арнайы жоба қабылданып, тиісті жұмыстар өз жалғасын табуда. Биыл 10 елді мекенді таза ауыз сумен қамтығалы отырмыз, қалған 5 ауылды таза ауыз сумен қамту 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Атап өтер өзекті мәселенің бірі – аудан орталығы Сарыкемер ауылында шайынды су төгетін кәріз жүйесі қажет. Оның техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеуге бюджеттен қаражат бөлінді. Ендігі кезекте ТЭН-нін әзірлеп, жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау қалды. Осы арқылы Сарыкемер ауылындағы Тараз қаласынан бастау алатын жер астындағы бетонды құбырды зерттеп, шығыстарды оңтайландыра отырып, іске қосу көзделген. Сүзгілерді Аймантөбе мен Жеңіс ауылдары арасына дайындап, шайынды суды егістікке пайдалану жолы да қарастырылуда. Қаңғыбас иттерді аулап, уақытша ұстау мәселесі әлі де өзекті күйінде қалуда. Аудандағы санитарлық эпидемиологиялық ахуалды жақсарту үшін Үшбұлақ ӨК иесіз иттерге арналған питомник құрылысын салуды жоспарлаған. Жобаның құны – 65,2 миллион теңге. Жоба іске асса 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бүгінгі таңда аудандағы электр желілерінің 60 пайызы тозған. 266 трансформатордың 162-сі аудандық электр жүйелері мекемесінің, 104-і ауылдық округ әкімдері аппараттарының теңгерімінде. Сарыкемер ауылына 970 миллион теңгеге электрподстанциясын қосу, сонымен қатар Кеңес, Байзақ және Үлгілі ауылдарына трансформатор орнату жоспарланған. «Байзақ аудандық электр жүйесі» ЖШС биыл ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Мекеме 530,36 километрді құрайтын желі бағандарын, яғни оның ішінде ағымдағы жөндеуден – 318,1, күрделі жөндеуден 212,2 километрдің желі мен электр бағандарын ауыстырмақ. Сөйтіп, бұл мәселені кезең-кезеңмен 2025 жылға қарай толық шешуді көздеп отырмыз. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстары да жоспарлы іске асырылуда. Биыл Төрткөл ауылының тұрғындары орта қысымды газ желісіне қосылады. Ал әлеуметтік нысандардың қазандығын газға ауыстыру 2025 жылға дейін атқарылады, оның 13-і денсаулық сақтау, 12-сі білім нысанында жүргізіледі. Биыл ауданда 9 елді мекендегі әлеуметтік нысандарды газға қосу үшін 214,1 миллион теңге қаралған. Ол жобаға Абай, Амангелді, А.Суханбаев, Ш.Уәлиханов, Ә.Жанқұлиев атындағы және Қарасу, Жаңатұрмыс, Кеңес ауылындағы №3, Ақшолақ орта мектебі, 3 балабақша, 13 медициналық нысанның қазандығы енген. 2023 жылы 9 білім нысанының қазандығы газға қосылса, 2025 жылға дейін газға қосылатын әлеуметтік нысандар 100 пайызды құрамақ. Ауданда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесін 2025 жылға дейін – 100, ауылішілік жолдардың үлесін 95 пайызға жақсарту жоспарланған. Биыл Сарыкемер-Мырзатай, 2023- 2024 жылдары Жібек жолы-Жақаш-Көкөзек, 2025 жылы Шахан ауылына кіреберіс аудандық мәндегі жолдарды орта жөндеуден өткізу межеленген. Бұдан бөлек, биыл 1071 миллион теңгені құрайтын 49 көшенің жолы жөндеу көрмек. Алдағы жылы 26, ал 2024 жылы 24 көшенің, 2025 жылы 13 көшенің жолын жөндеу жоспарға енген. Алдағы үш жылда ауданда 5 мектеп құрылысы, 1 мектепке жапсарлас құрылыс және 5 жекеменшік мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда. Биыл өткен жылдан өтпелі болған Көктал ауылында 600, Сеңкібай елді мекенінде 100 орындық мектеп құрылыстары жүргізілуде. Алдағы жылы Сарыкемер ауылында 2 жекеменшік, 2024 жылы 4 мектеп, 2025 жылы 3 мектеп салу межеленген. Бұдан бөлек, 7 мектепті күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Осылайша алдағы атқарылатын жұмыстар есебінен 9 мектепте орын тапшылығы жойылмақ. Денсаулық сақтау саласында да жетістіктер баршылық. Аудан бойынша халыққа 44 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. Оның 1-еуі аудандық орталық аурухана, 1-еуі аудандық емхана, 17-сі дәрігерлік амбулатория, 18-і медициналық, 7-еуі фельдшерлік-акушерлік тіректер. 2025 жылға дейін Сарыкемер ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, Түймекент пен Байзақ ауылдарында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Абай ауылында 20 адамға арналған амбулатория құрылысын аяқтау көзделген. Өткен жылы Жетібай және Диқан дәрігерлік амбулаториясының жобалық-сметалық құжаттарын жасау үшін бюджеттік өтінім берілді. Халықтың медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін 80 пайызға жеткізу жоспарланған. Күрделі жөндеуді қажет ететін медициналық нысандар да жоқ емес. Биыл оған Сенкібай ауылындағы медпункт еніп отыр. 13 нысанды табиғи отынға қосу үшін бюджеттік өтінім берілді, жобалық сметалық құжаттар дайын. Емдеу мекемелерін санитарлық көліктермен қамту 2020 жылдан бастау алған, қазір 12 санитарлық көлікке бюджеттік өтінім беріліп, биыл 2 санитарлық көлік берілгелі тұр. Мәдениет үйлеріне байланысты өзекті мәселе бар. Олардың бірсыпырасы ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан. Мәдениет үйлерін жаңарту мақсатында 4 нысанның құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оны кезең-кезеңмен іске асырмақ ниеттеміз. Мәселен, биыл Тегістік ауылында 90 орындық мәдениет үйін салмақпыз. Келесі жылы осындай мәдениет үйі Кеңес ауылында, арғы жылы 120 орындық клуб Мырзатай елді мекенінде салынса, 2025 жылы Ақшолақ ауылындағы клубтың да мәселесі шешімін таппақ. Биыл 2 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтпек, соның ішінде Көктал ауылындағы мәдениет үйі мен спорт зал жөндеу көрмек. Алдағы екі жыл көлемінде 6 мәдениет нысанын жөндеуден өткізу көзделген. Ауданда 280 спорт ныс аны жұмыс істейді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2025 жылға дейін 5 нысан құрылысын жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде жүйелі түрде спортпен шұғылданушылардың үлесін 50 пайызға, халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейін 53,2 пайызға жеткізу көзделуде. Биыл Сарыкемер ауылында үлкен ойын залы, күрес залы және жаттығу залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланған. 2023 жылы Мырзатай ауылдық округінде 420 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Ал 2024 жылы Көкбастау, Жетібай, Жақаш елді мекендерінде ангар типтегі дене шынықтыру -сауықтыру кешенінің құрылысы салынбақ. Өңірде 7 ірі, сондай-ақ 101 шағын инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Алғашқы ірі инвестициялық жобаларды 2022- 2025 жылдар аралығында іске асыру көзделген. Ол жобалар «Алель Агро»  АҚ құс фабрикалары, «Қарағанды АгроИнвест-Т» ЖШС агроөнеркәсіптік кешені, «DairyFreshFarm» ЖШС сүт тауар фермасы, «Нұрлыжай» ШҚ мал бордақылау алаңы, «Әулие-Ата Феникс» ЖШС құс фабрикалары, «Алель Агро» АҚ құрама жем кешенді зауыты және «КазГазБлок» ЖШС автоклавты газобетон фирмалары арқылы іске асырылатын болады. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы мыңға тарта тұрақты жұмыс орындары ашылмақ. Алдағы үш жылда атқарылатын 101 шағын инвестициялық жобаның 81-і агроөнеркәсіп, төртеуі балық шаруашылығы, 16-сы шағын кәсіпкерлік салаларын дамытуға бағытталған. Бұдан бөлек, құны 400 миллион теңге тұратын 4 сүт өңдеу цехын ашу, 1690 миллион теңгені құрайтын жаңбырлатып, тамшылатып суғару технологиясын қолдануға арналған 10 жобаны іске асыру көзделген. Сондай-ақ бір мал бордақылау алаңдарын салу, 3 көкөніс және жеміс-жидек қоймасын, 4 балық шаруашылығын, 58 жылыжай салу жобаларымен қатар, су үнемдеу технологиясын дамыту аясында 4 жобаны қолға алу жоспарланған. Жұмыс орындарын құрудың 2022-2025 жылдарға арналған өңірлік картасы жасалды. Құны 18,5 миллиард теңгені құрайтын 86 жобаны жүзеге асыру арқылы ауданда 8334 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде 2730 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Аудан халқының 21,7 пайызын жастар құрайды. Биыл 261 жасқа мемлекеттік қайтарымсыз грантты өз кәсібін ашу үшін беру жоспарланған. Бүгінде оның 35-і өндіріс, 26-сы құс-балық, 94-і мүйізді ірі қара, 87-сі халыққа түрлі қызмет көрсету орындарын ашуға ниетті болса, 19-ы көкөніс шаруашылығымен айналыспақ. Прокуратурамен зерделеу барысында 40 мың гектар жайылым жердің жетіспейтіндігі анықталды. Бұл мәселені шешу үшін төмендегі жұмыст ар атқарылуда. Ат ап айтсақ, босалқы жер қорындағы 18 мың гектар жайылымды елді мекенге бекітіп беру. Бұл жұмыстың нәтижесінде биыл 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенге 402 жайылым жер телімі қосылып елді мекен шегі кеңейтілетін болады. Аудан бойынша 118144 халыққа мал жайылымын кедергісіз жаюға мүмкіндік ашылмақ. Ауыл маңындағы 5 километр радиуста орналасқан жайылымдарды қайтарып, елді мекенге 910 гектар жайылымды бекіту көзделген. Нәтижесінде өткен жылы 100 гектар қайтарылып, 13 шаруа қожалыққа ескерту берілді. Биыл мемлекетке игерусіз жатқан 8999 гектар жерді қайтару жоспарланса, оның 500 гектары қайтарылды. Мал басы көп тұрғындарды орман қоры жеріне шығару жұмысы жалғасуда. Өткен жылы 36 жер пайдаланушыға 5629 гектар жер беріліп, мал ауылдан сыртқа шығарылды. Биыл да бұл шаруа жалғасын тауып, 30 жер пайдаланушы 5000 гектар жайылым алып (Ботамойнақ, Үлгілі, Сарыкемер, Қостөбе, Бурыл, Мырзатай, Сазтерек) малын өріске шығарды. 545 шаруа қожалықпен 17 мың гектар алқапқа кедергісіз мал жаю бойынша меморандум жасалды. Биыл 6300 гектарға меморандум жасалатын болады. Игерілмеген жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы 600 гектар жайылым жер учаскелері қайтарылса, биыл 3000 гектар жайылымды қайтару жоспарлануда.

Бақыт ҚАЗАНБАСОВ,

аудан әкімі.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар