Үш нәрсе адамның даңқын көтереді: әдептілік, ілім және көркем мінез

Үш нәрсе адамның даңқын көтереді:  әдептілік, ілім және көркем мінез
ашық дереккөз
Үш нәрсе адамның даңқын көтереді: әдептілік, ілім және көркем мінез
Мемлекет отбасынан құрылатыны секілді ілгерідегі ғалымдар отбасынан шығатын әрбір тұлғаның бойында көркем тәрбиенің болу керектігін алға тартқан. Бұл тұрғыда ата-ананың атқарар жұмысы мен жауапкершілігі аса маңызды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасы тәрбиесі қоғамның өсіп-дамуына тікелей ықпал етеді. Бұл кезекте жастардың бойындағы ахлақ-мінезі, жүріс-тұрысы қоғамның даму бағытын айқындайды. Демек, жастар қоғамның тірегі ғана емес, оны әрі қарай өркендету жүйесі десек қателеспейміз. Лұқман Хәкім бала тәрбиесіне қарасты былай деген: «Әкенің балаға қол көтеруі – жерді көгерту үшін аспаннан түскен жаңбыр іспетті. Осылайша кімде-кім баласын кішкентайынан тәрбиелесе, өскенде сол бала әкенің көзін қуанышқа толтырады». Сонымен қатар «Әдептілік пен тәрбие әкеден туады» деген араб халқының қанатты сөздері әрбір тәрбиенің отбасынан басталатынын айғақтайды. Сондай-ақ Абдулла ибн Сүлеймен деген ғалым өз сөзінде былай дейді:«Өмірде ақ пен қара бірге жүретіндіктен амалдардың да құптарлығы мен даттарлығы болады. Бұл өмірдің өзіндік шайқас майданы десе болады. Осы шайқаста жеңімпаз болу үшін біздер жастардың тәрбиесіне әсер ететін игі істерді көбірек дәріптеп, амал ретінде оларды жүзеге асыруымыз керек. Сонда ғана майданда бақытты жеңістің жемісіне қол жеткізетін боламыз». Көрнекті Ислам ғалымы Имам Ғазали де жастар тәрбиесіне байланысты өз сөзінде былай деген: «Адамды ең алдымен өзгеден ерекшелейтін қасиет – ұялшақтық. Ұят бар жерде ардың тазалығы бар. Ұят адамның ақылына түскен нұр секілді кез келген жаман әрекеттерден оны тосып отырады. Мұндай қасиет ең алдымен Алла тарапынан берілген үлкен нығмет болса, екіншіден, игі тәрбиенің жемісі болып табылады». Осындай көрнекті ғалымдардың тұжырымдары баланың тәрбиесіне жастайынан қатты көңіл бөлу керектігін ескертеді. Мәселен, балаға ең алдымен тамақ жеудің әдебін үйрету керек. Яғни, бала өсіп жетілгенде өзінің дәрежесіне қатысты мәселелерді тиісті жолмен санасына құйып отыру керек. Баланы тәрбиелеуде ең алдымен мыналарға көңіл бөлген жөн: 1. Әрбір жасаған жақсылығы үшін мақтап отыру керек. 2. Барға шүкір, жоққа қанағат етуді түсіндіру керек. 3. Айтқанды орындаса лайықты сияпатын беріп тұру керек. 4. Таза әрі әсем киімдер кигізу керек, бірақ онымен мақтанып, өзін өзгеден жоғары қоймауын қадағалау қажет. 5. Жаман сөйлесе немесе бұзақылық жасаса қатты сөкпеу керек. Керісінше, дұрыс еместігін жұмсақ жеткізсе абзал. 6. Балаға өсе келе уақытты үнемді пайдалануды үйрету аса маңызды. Мәселен, бос уақытта кітап оқу, сабақ жазу және басқа да ой-өрісті дамытатын пайдалы ойындармен шұғылдандыру қажет. 7. Үлкенді сыйлау, оқытушыға құрмет көрсету деген сыпайылық қасиеттерді жиі айту. Осы және т.б. тәрбиелік маңызы бар қасиеттерді бойына сіңдірген кез келген жасөспірім қоғамда өзінің ерекше орнын табуға себеп бола алады. Сонымен қатар жастарды тәрбиелеуде білім ошағы – мектеп аса маңызды рөл атқарады. Себебі бала мектепте үйден көрген тәрбиесімен қатар замандастарының ортасында сырттың да тәрбиесін ұштастыра отырып керектісін ала алатындай жағдайда болуы қажет. Ол үшін ұядан ұшпай тұрып баланың қанатын отбасында қатайтып алған жөн. Белгілі ғалым Әбу Наср әл-Фараби: «Адамға білімнен бұрын алдымен тәрбие керек» дегендей, білім алу жүйесі тәрбиеге тікелей байланысты болмақ. Себебі тәрбие көрген адам оны алған біліммен ұштастыра отырып жүзеге асырса оның жемісі мәуелі баққа айналады. Бұған қоса, тәрбиемен берілген білім адамның адам болып қалыптасуына да тікелей ықпал етеді. Бұл жайында ағылшын жазушысы Уильям Шекспир: «Үш нәрсе адамның даңқын көтереді: әдептілік, білім және көркем мінез» деген. «Жастар – қоғамның тірегі» деудің себебі олар өзгенің бойында жоқ мынадай ерекше қасиеттермен ерекшеленеді: – жастар әр уақытта өздерінің бойындағы күш-қуатымен өзгеден басым түседі. – жастар болашақ ата-ана, сондықтан болашақтың тағдыры жастардың тәрбиесіне байланысты. – жастар – қоғамның қозғаушы күші. Себебі олардың жақсы болуы – қоғамның жақсаруы, ал керісінше олардың нашар болуы – қоғамның құлдырауы. – жастар әрдайым өзгеру, даму үстінде болады. Сондықтан оларға тура бағыт бағдар мен жақсы тәрбие беру арқылы оның тұлғалық қасиетін жақсартуға болады. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып жастардың дұрыс қалыптасуында бүкіл адамзаттың болашағы жатқанын байқауға болады. Себебі адамнан адам туылатын секілді қоғам да жастардан құрылады. Ислам діні жастарға қашанда қоғамның қозғаушы факторы ретінде қарап оларды тәрбиелеуде ерекше көзқараста болған. Өйткені мұсылман үмметінің өркендеуі мен оның тұрақты сақталуы мұсылман жастардың қолында екені белгілі. Осындай жастарға үміт артқан Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамбар да өз өмірінде оларға қашанда білім беруге құштар еді. Мәселен, Ибн Са’адтан келген риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) әр сахабаларға 10 баладан жинап оларға жазу мен оқуды үйретуге бұйырғаны айтылады. Бұл балаларды жастайынан білімге ынталандыру қажет екенін білдіреді. Исламның негізгі қайнары саналатын Құранда Алла Тағала жастарға деген арнайы тәрбиелік мәні бар бірнеше аяттар түсірген. Солардың ішінде Ибраһим, Юсуф (а.с.) пайғамбарлардың және де Каһф оқиғасындағы жастар турасындағы аяттардың өнегелі тұстарын ерекше атап өтуге болады. Мәселен, Ибраһим мен Юсуф (а.с.) пайғамбарларға пайғамбарлық келмей тұрғанда-ақ, олардың бойында жастайынан қарапайым, кішіпейіл, әділетті, көркем мінезді және ақыл парасаттылығы жағынан өз қатарының алды болғандықтары туралы ислам тарихы куә. Осындай Алланың назары түскен пайғамбарлардың жас та болса үлгілі мысалдары біріншіден біздерге адами қасиетке толы тәрбиені үйретсе, екіншіден сондай пайғамбарлардың жолымен жүру арқылы Алланың назары түскен құл болуға жетелейді. Сайып келгенде, ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар: «Ең жақсы адам – өзгеге пайдасы тиген адам» дегендей, қандай жас болмасын оның еліне, жеріне, өзге адамдарға деген көзқарасын дұрыс дамытып, әу баста тәрбиенің өзегін шайқалтпай санасына құю арқылы оны қоғамның іргетасы ретінде қалыптастыруға болады.

Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы.

Ұқсас жаңалықтар