Аңсау

Аңсау
ашық дереккөз
Аңсау
Алматы қаласындағы «Дәуір» баспасынан Жамбыл облысының Құрметті азаматы, елге белгілі кәсіпкер Арап Нұралыұлының саналы ғұмырынан сыр шертетін «Aq jol» газетінің экономика және ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісі Амангелді Әбіл дайындаған «Аңсау» атты естелік кітап жарық көрді. Естелік кітап Арап Нұралыұлы мен Құдай қосқан қосағы Күләш Қалықұлқызының «Арай плаза» бизнес орталығындағы мейрамханада өткен жылдық асында жамағатқа таныстырылды. Мұқабасы қазақтың ою-өрнегімен, бидай өнімінің суретімен безендірілген 273 беттен тұратын дүниеде ашаршылық жылдары, соғыс кезіндегі ауылдағы ауыр тіршілік кеңінен суреттелген. Облыстан шыққан атақты бизнесменнің әкесі, Жамбыл ауданы, «Жамбыл» колхозының бастығы Нұралы Туғанбайұлының ұлы нәубат-жұт жылдары халықты ашаршылықтан құтқарудағы жанкешті еңбегі, соғыс кезіндегі тылдағы ұйымдастырушылық қабілеті мен жерлестеріне жасаған қайырымдылығы, адами асыл қасиеті жан-жақты ашылған. Арап Нұралыұлының әкеден тоғыз айында қалып, анасы Ажархан мен нағашы әжесі Дәнегүлдің тәрбиесіндегі балалық шағы, есею жылдары, қызметі, отбасы тіршілігі жан-жақты суреттеледі. Кітапта отбасындағы ынтымақ, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық та, тәрбие мектебіндей әсер етеді. Құдай қосқан қосағы – Күләштің отағасын құрметтеп, сыйлаудағы, бала тәрбиесіндегі рөлі де қазақ аналарының парасаттылығы мен мейірімін әкеледі көз алдыңа. «Аса» ұжымшарында қарапайым жүргізушіден басталған еңбектің жарқын жолы кәсіпкерді небір биік белеске көтерді. Шымкенттегі кооператив техникумын, сол кездегі Кеңес одағының астанасы – Мәскеудегі кооперативтік институтты бітірген ол бірқатар іргелі мекемелерде басшылық қызметтерді жемісті атқарады. Осыдан 20 жыл бұрын «Нұралы» ЖШС-ын ашқан азамат кәсіпкерлікке бір жола бет бұрып, жүздеген жамбылдықты жұмыспен қамтиды. Арап Нұралыұлы қайырымдылық қасиетімен де атағы алысқа кеткен азамат. Амангелді Әбілдің бірнеше бөлімнен тұратын «Аңсау» атты естелігінде саналы ғұмырдың саңлағы, атақты кәсіпкердің ел үшін жасаған қамқорлығы да кеңінен қамтылған. «Басылым беттерінен» бөлімінде «Aq jol» газетінде әр жылдары белгілі бизнесмен туралы журналистиканың әр жанрында жазылған дүниелер жарияланған. Бүгінде шолушы болып еңбек етіп жүрген Ақылжан Мамыттың «Ізгілік» очеркі, бас редактордың орынбасары болып еңбек еткен, белгілі қаламгер Еламан Мырзамбеттің (Елен Әлімжан) «Нұралы», бөлім редакторы Есет Досалының «Көкірегі қазынаға толы қария», сондай-ақ «Солтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған журналист Бақыт Мұстафиннің «Тараз жұлдызы» атты мақалалары, шағын хабарлар берілген. Берген батасына Елбасы алғысын жеткізген Президент кеңсесінің бұрынғы басшысы Махмұт Қасымбековтің хаты, даңқты академик Рахым Оразалиев атақты кәсіпкердің атымен атаған бидайдың жаңа жоғары өнімді «Арап» сортты бидай тұқымының куәлігінің көшірмесі де кітаптың салмағын көтеріп тұр. Кәсіпкердің отбасы мүшелерімен, түрлі салтанаттарда, демалыс орындарда түскен суреттер де көз тартады. «Естеліктер жыртылмайтын кітаптай» бөлімінде Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкердің ағасы Жарас Мұратаев бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге белгілі азаматтардың естеліктері жандары жайсаң, жүректері ізгі ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірінен, кәсіпкер азаматтың сан қырынан сыр шертеді. Ағайын-туыс, құда-жекжат, бауырлары, балаларының да естеліктерін тебіренбей оқу мүмкін емес. «Арнау» бөліміндегі өлеңдер де кітап мазмұнын аша түскен. Өлең, ән арнаған өнер жолында жүрген белгілі азаматтар, құдағи, бауырлары, балаларымен қоса, «Aq jol»-дың бөлім редакторы, республикалық, облыстық айтыстардың жүлдегері Есет Досалының «Үлкен жүрек иесі» және жауапты хатшы, ақын Тұрсынбек Сұлтанбековтың «Жас ұрпаққа өшпейтұғын өнеге!» атты өлеңдері бар.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар