«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тегін дәрі-дәрмек кімдерге тиесілі?

Тегін дәрі-дәрмек кімдерге тиесілі?
ашық дереккөз
Тегін дәрі-дәрмек кімдерге тиесілі?

Басымыз ауырып, буындарымыз сыздап, сырқаттанып қалған жағдайда бірінші кезекте емхананың ақ халатты абзал жандарының көмегіне жүгінетініміз бар. Сонымен қатар, дәрігерге тексеріліп, дәрілік рецепт тағайындаған уақытта дәрі-дәрмектерді тегін алуға ұмтылатынымыз да жоқ емес. Осыған орай, айтарым, әрбір Қазақстан Республикасының азаматының  медициналық көмекті, дәрі-дәрмектерді тегін алуға құқығы бар.

Баршаңызға мәлім, 2010 жылғы 29 қарашада Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсаты тұр.  Тұрғындарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің қолжетімділігі «Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі» шеңберінде, стационарлық деңгейде (емхананың күндізгі емдеу бөлімі арқылы) медициналық ұйымдарына бөлінген дәрі-дәрмектер формулярына сәйкес жүзеге асырылады. Медициналық ұйымдардағы дәрі-дәрмектер формуляры туралы мәліметтер әрбір  емхананың ақпараттық стендтерінде жарияланған болуы тиіс. ТМККК шеңберінде амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмектер мен арнайы медициналық құралдардың тізімі негізінде тегін, жеңілдікті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету амбулаторлық-емханалық ұйымдарға тұрғындардың тұрғылықты жері бойынша  тіркелген жағдайда және дәрігердің рецептісі арқылы  жүзеге асырылып, дәрі-дәрмектер тегін босатылады. Сонымен, тегін дәрі-дәрмектер кімдерге тиесілі? Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы №726 бұйрығы негізінде «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің» шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты  тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мақсатында дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың, бейімделген емдік өнімдердің тізбесі бойынша  барлық «Диспансерлік есепте» тұратын науқастар мен әлеуметтік қорғалмаған топтарға беріледі. Тұрғындардың әлеуметтік қорғансыз топтары (жүректің ишемиялық ауруы, артериалдық гипертензия, созылмалы жүрек жетіспеушілігі, остеоартроз, асқазанның ойық жарасы және т.б.) әр түрлі ауру түріне қарай тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік қорғансыз топтарға 18 жасқа толмаған  балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, көпбалалы аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер және т.б. жатады. №7 қалалық емханасының диспансерлік есепте тұрған  науқастары  айына 1 рет тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Тегін дәрі-дәрмектер рецепттерін негізінде аймақтық дәрігерлер, жалпы тәжірибелі дәрігерлер, кардиолог, невропатолог, эндокринолог, гематолог және т.б. дәрігерлер тағайындайды. Тағы бір айта кетерлігі, доллар бағамының өсуі «Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі» шеңберінде тегін дәрі-дәрмектермен тұрғындарды қамтамасыз етуге ешбір әсері болмайтыны туралы және ешбір дәрі-дәрмектердің бағасы қымбаттамайтыны туралы  ҚР Денсаулық сақтау министрі дәрілік құралдар бағасын тежеу бойынша Меморандумға қол қойғаны барлығыңызға белгілі жайт. Жоғарыда айтылғанның негізінде, тегін дәрі-дәрмектер кімдерге тиесілі екендігін және дәрілік заттарды тегін алу бойынша өз құқығыңызды біліп жүргеніңіз абзал.

Динара СӘРСЕНОВА,  №7 қалалық емхананың бас дәрігері.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар