Керекудегідей айтыс бізге де керек

Керекудегідей айтыс бізге де керек
ашық дереккөз
Керекудегідей айтыс бізге де керек
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, қазақтың тұңғыш ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай Павлодар облыстық әкімдігінің қолдауымен Кереку жерінде өткізілген «Ұлттың ұлы ұстазы» атты республикалық оқушылар айтысында да руханияттың ертеңі, атамұра айтыстың маңызы, еліміздің тарихи  жерлері, қасиетті мекендері балауса айтыскерлердің ақ мақтадай көңілімен жырлануы көзделді. Сонымен, домбырамызды арқалап қасиетті Керекуге, Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұттың, Жаяу Мұсаның, Қаныштың еліне жол тарттық. Қатарымызда осы  айтыстың облыстық іріктеуінде бас жүлдені жұлып алған Жамбыл ауданындағы Айша бибі орта мектебінің оқушысы Алина Айдаралы және  оның мектептегі ұстазы   Құралай Раймбекова да бар. Керекудегі айтыс «Шаңырақ» өнер сарайында өтті. Іс-шараны Павлодар облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатхан ашып, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың сәлемін жеткізіп, айтысқа сәттілік тіледі. Бұл жыр додасына  республикалық оқушылардың, жастардың айтысында көзге түсіп жүрген керекулік Бексұлтан Қайдаров, Шыңғыс Асықатұлы, ақмолалық Нұрғиса Елеш, ерейментаулық Сәттібек Серікболат, қызылжарлық Ақтілек Қайымханұлы секілді жас жүйріктер қатысатынын білгенде «Япыр-ай, қалай болар екенбіз?» деп ойға кеткеніміз де рас. Бірақ біздің Алина жарады. Алғашқы айтысында Баянауыл топырағынан келген Мирас Қапашқа есе бермей, керісінше жойқын шумақтарымен есін жиғызбай тастады. Алинамен сайысқа түседі деген астаналық Рамазан ауырып қалған екен. Алина аяқ астынан өзіне қарсылас болған керекулік Мирас Қапашқа: «Біз келдік артқа тастап талай белді, Өзіңмен-ақ айтысам жарайды енді. Шын ауырып жатыр ма Рамазан, Әлде таңдап кетті ме оңай жолды. Қазақстан жазылып жатқан кезде, Ауырып қалғандарың қалай болды, –дегенде керекулік көрермен ризашылықпен қол соқты. «Қыз да болсам оза шауып келіп тұрмын, Жыр алыбы Жамбыл туған топырақтан» деп, өңірдің жетістіктерін де керемет жырлауға дайын екенін аңғартты. «Ыбырайдың үйреткен әрпі қымбат» немесе «Сен қандай бақытты едің Алтынсарин, арасын жалғап жатқан көк пен жердің» деп тақырыпты да терең ашты. Алина финалда екібастұздық Бексұлтан Қайдаровпен де сәтті айтыс жасады. Бір сөзбен айтқанда, 9-сынып оқушысы  Алина Айдаралы 15 жасында дода бұзып, қазылар сапында отырған керекулік  айтулы  ақын Арман Қани,  белгілі айтыскер Аспанбек Шұғатаевтың кілең «10» балы мен батасын алды.   Бұл айтыстың жоғары деңгейде өтуіне Шоқан Қалдыбаев басқаратын Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған  облыстық қазақ гимназия интернатының ұжымының үлкен үлес қосқанын байқадық. Жыр додасына  керекулік ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани бастаған, ақын, «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбіш, белгілі айтыскерлер Аспанбек Шұғатаев,  Бейбіт Бөжен, ақын Жарқынбек Амантай қостаған  азаматтар қазылық  жасады. Айтыстың бас жүлдесі Ақмола облысынан келген 6-сынып оқушысы Нұрғиса Елешке бұйырса, Шығыс Қазақстан облысының үкілі үміті Тамаша Рахатқа бірінші орын берілді. Жерлесіміз Алина Айдаралы екінші орынға ие болды. Ал керекулік Шыңғыс Асықатұлы үшінші жүлдеге лайық деп танылды.   Айтысты қорытындылаған Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия интернатының директоры Шоқан Қалдыбаев Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық оқушылар айтысын жылда өткізуге күш салатынын айтты. Осындайда шіркін біздің облыста да кемі екі жылда бір рет Халық жазушысы Шерхан Мұртазаға арналған  республикалық оқушылар айтысы өткізіліп тұрса деген ойға қаласың. Оған біздің облыстан 4-5 оқушы қатысса қандай жақсы! Сонда жас құрақтай желкілдеп шығып келе жатқан жамбылдық  оқушы  айтыскерлер де шыңдала түсер еді.

Тараз – Павлодар – Тараз.

 

Ұқсас жаңалықтар