Іскер басшы, мықты менеджер

Іскер басшы, мықты менеджер
ашық дереккөз
Іскер басшы, мықты менеджер
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Ғалым  Қасабай – 60 жаста  1982 жылдың күзі. Қазақ мемлекеттік университетінің болашақ журналистердің 5-жатақханасы. Дайындық бөліміне қабылданысымен осы құтты мекен, жайлы қоныстан бір бөлмеден орын тиген. Мұнда күнде думан. Жас ақындар бір бөлмеге жиналып алып, өлең оқыса, әнші қыз-жігіттер фоеде немесе балконға шығып алып ән шырқайды. Сенбі сайын би кеші де осында. Сауық-сайраннан қолдары бір босамайтын бұл жазғандар оқуға қашан уақыт табады деймін іштей. Сөйтсем, қысқы-жазғы сынақ келгенде ғана жатақханада мүлгіген тыныштық орнайды екен.  Мұндағы студенттердің көбімен бірге абитуриент болғандықтан жақсы танимын. Бесінші курстың суденттерінің арасында 1978 жылы «құлап кеткенімде» достасып кеткен жігіттер де жетеді. Ал мен әскерде жүргенде оқуға түскен төртінші курста туған ағам оқитындықтан, ондағы қыз-жігіттер біздің елге қонақ болып келіп тұратындықтан, олар да бөтен емес. Мұнда үшінші курстың ұл-қыздарын біле бермеймін. Жатақханадағы студенттер «атақты» курс деп атайтын бұлар қай жағынан сонша мықты деймін ғой. Қош, сонымен жатақханаға келген күннің ертеңіне-ақ осы курста оқитын, жазда абитуриент болғанымда университет қалашығындағы студенттердің құрылыс жасағында еңбек етіп жүргенде танысқан шулық жерлесім, иманды болғыр Диқан Әбдиев курстасы, жатақханадағы «ОКД» (комсомолдың жедел жасағы) командирі Ғалым Қасабаймен таныстырды. Комсомол жасағы дегеніңіз студенттердің полициясы сияқты. Тентекті тезге салып, тәртіпті қадағалайды. Бұл «мықтың да» жерлес болып шықты. Қордайдың тумасы. Диқан боксер болса, Ғалым еркін күрес пен самбодан спорт шеберлігіне кандидат па, шебері ме әйтеуір ұстасқанды да, белдескенді де атып ұратын көрінеді. Шығыстық Кенже Жұмағұлов та белгілі боксер, Бауыржан Жақыпов пен марқұм Қайрат Әлімбеков сол студент шақтарында-ақ поэзия әлеміне олжа салып үлгерген талантты ақындар. Кейіннен ол курстан «төменге сырғып кеткен» Жаңабек Шағатаев пен  өмірден ерте өткен тағы бір талантты жігіт Есжан Айнабеков те прозадан өз қатарластарының арасынан оза шапқан оғландар болып шықты. Қолдарына диплом тие сала журналистикада түрен салған Бейбіт Исабаев, Бекен Нұрахметов, Аязби Бейсенқұлов, Төрехан Данияров, Ермұрат Бапи сынды жігіттерді бүгінде бүкіл қазақ елі таниды. Кейіннен бұл жігіттердің арасында мемлекеттік қызметке ауысып,  жемісті еңбек етіп жүргендері де бар.  «Атақты курс» деп алдағыны дәл болжай білген болашық журналистерді әулие демей көр осыдан кейін. Қыздары да шетінен кіл мықты.  Факультеттің аңызға айналған даңқты деканы Темірбек Қожакеев Ғалымдай спортшы жігітті әрі туған ауылында мал шаруашылығында еңбек етіп шыңдалып, дайындық бөлімінен қабылданып, «өмір көріп» келген соң жатақтағы тәртіпті қадағалау үшін комсомол жасағына басшылыққа әдейі тағайындаған-ау. Күндіз-түні өлең оқып, ән шырқап ҚазМУ қалашығын ән-жырға бөлеп жататын сауыққой студенттерге «тәйт» деп қоятын бір мықты жігіт қажет шынында да. Үздіксіз  сауық-сайран құрып жатқан соң, аракідік «айқау-шу» шығып жататыны да белгілі. Журфактың бірінен-бірі өтетін ару қыздарына сырттан ұрын келетін жігіттер де аз емес. Солардың бәрін тәртіпке шықырып, бақылау Ғалым Қасабай бастаған жасыл киім киген жігіттерге жүктелген соң олар тәртіпті қатаң бақылауға алады. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттерден жасақталған «ОКД» құрамындағылар «ұр да жық» жігіттердің бірде-біреуін қиқаңдатпады. «Шаршап-шадығып» қалатындардың да үнін шығармай бөлмесіне апарып, жатқызып қоятын. Осының бірде-бірін декенат та, қатал комендант Любовь Шаламай да білмей кетті. Ащы суға жақын жүретін, кей-кейде «жанжал» шығарып қоятын студенттердің Ғалымға ризашылығын білдіріп, алғысын айтып жататынын өзім талай естідім. ...Кишмиши орта мектебін 1978 жылы бітірген ол жоғары оқу орнына аттанады. Бірақ жолы болмады. «Коммунистический» ұжымшарында аға шопанның көмекшісі болып, еңбекке ерте араласты. Бір жылдан аса жұмыс істеген Ғалекең ҚазМУ-дің дайындық бөлімінен бір-ақ шығады. Бұл жолы оның айы оңынан туып, журналистика факультетінің студенті атанады. Студенттік өмірдің дайындық бөлімін қосқандағы думанды алты жылы көзді ашып – жұмғанша өте шықты. Жалғыз самбо, күрестен ғана емес, басқа да спорт түрлерінен өтіп жататын жарыстардың бел ортасында жүріп, факультеттің намысын қорғап келген Ғалым Қасабай 1985 жылы университетті ойдағыдай бітіріп, журналист мамандығы бойынша диплом алып шығады. Жолдамамен туған жері Қордай ауданына келеді. Жоғары білімді журналист аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің партия бөліміне тілші болып қабылданып, журналистік еңбек жолын бастайды. Одан әрі ол облыс орталығына қоныс аударып, Жамбыл қалалық комсомол комитетінің «Дизайн» жастар өндірістік бірлестігінде безендіруші, Жамбыл технологиялық институтының қазақ тілі және әдебиет кафедрасында аға оқытушы болып еңбек етті. 1991 жылы Жамбыл гидромелиорациялық құрылыс институтында «Гидротехник» газетінің бас редакторы болып, журналистикаға қайта оралды. 1994 жылдың наурыз айында республикалық аймақтық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы болып тағайындалады. Елімізде салық саласы бойынша алғаш ашылған басылым салық саясатын насихаттауда рөлі зор болды. Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тарайтын басылымның таралымы жыл сайын артып, саладағы шешімін күткен мәселені көтеріп, оның дер кезінде орындалуын бақылауда ұстап отырды. Тәжірибелі журналист, іскер ұйымдастырушы Ғалым Қасабайдың редакторлық қыры облыстық «Ақ жол» газетінде директор-бас редактор болған жылдары жарқырай көрінді. Іскер басшы азамат салық саласын жаңғақша шағатын болғандықтан, ең бірінші басылымның салыққа қордаланып қалған миллиондаған теңге қарызын жапты. Редакциядағы журналистердің айлығы шайлығына жетпей жатқан кез. Оның үстіне шығармашылық ұжымдағы компьютерлердің пайдалану мерзімі өтіп әбден ескіріп, істен шығып жатты. Басқа да қажетті жабдықтар әбден тозған. Директор-бас редактордың екінші қолға алған мәселесі – журналистердің ғана емес,  редакция ұжымының жалақысын еселеп көтеруді, қаламақы көлемін ұлғайтып, сыйақыны жүйелі түрде беріп тұруды сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың алдына мәселе етіп қоя білді. Сонымен қатар, ұжым мүшелеріне баспана алу үшін қажетті сомада сууда беруді де қолға алды. Редакция бюджеті үш есеге жуық ұлғайған соң, журналистер аудандарға іссапарларға жиі шығатын болды. Айтпақшы, редакторлық қордан жалақыға қосымша 14 пайыз үстеме қосуды да Ғалым Қасабай басшылық еткен кезде жүзеге асырды. Редакцияда пәтер кезегінде тұрған, мүмкіндігі шектеулі журналист, осы жолдардың авторы мен он үш жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан бухгалтер-кассир Шара Данияроваға пәтер алу үшін редакция  бюджетінен  4,5 жылға 3 миллион теңге сууда беріліп, өзіміздің жиған қосымша қаражатымызды қосып, баспаналы болдық. Айлық жалақы үш есеге жуық көтеріліп, қаламақыға қомақты қаржы бөлінді. Кезекті еңбек демалысына шыққанда емдеу-сауықтыру үшін екі айлық жалақы көлемінде көмек көрсету мәселесін де шешіп кеткен Ғалым Қасабай еді. Бұдан бөлек,  мемлекеттік мерекелерде жылына төрт рет бір айлық көлемінде сыйақы беріліп келді. Редакциядағы журналистер түгелдей ноутбукпен қамтамасыз етіліп, шығармашылық ұжымның алаңсыз жұмыс жасауы үшін барлық жағдай жасалды. Бар болғаны үш жыл ғана облыстың бас басылымына басшылық еткен кезде ол осындай іскерлігімен ерекшеленді. Басылымның алғашқы нөмірінің шыға бастағанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шара торқалы тойға жалғасып, жоғары деңгейінде аталып өткені әлі есімізде. Сонда ғой қонақ ретінде шақырылған қазақ еліне белгілі қалмгерлер «Ақ жол» туралы ақжарма тілектерін ақтарғаны. Қайбір жылы еді, жыл басы – әз Науырызды редакция ұжымы Тараз қаласының іргесіндегі «Аю-тропик» демалыс орнында барынша сән-салтанатымен думандатып қарсы алды. Журналистердің төл мерекесіне, басқа да мерекелі күндерге орай ұйымдастырылатын спорттық, мәдени көпшілік іс-шараларда «Ақ жол» газетінің спортшы-өнерлі жастары үнемі жүлделі орындардан көрініп жүрді. Редакция тоғызқұмалақтан облыстық жарыс ұйымдастырып, тұрақты түрде демеуші болды. Газеттің безендірілуі мен мазмұны да заман талабына сай шыға бастады. Оқырмандар саны еселеп артты. Сол жылдары Сарысу және Талас аудандарындағы қатты боранның әсерінен жарияланған төтенше жағдай кезінде газет тілшілері Жаңатас және Қаратау қалаларынан нөмір сайын шұғыл материалдар жариялап тұрды. Ресейлік алып компания – «Еуро-Хим» ЖШС-ның Қаратау фосфор бассейнін игеруге келуі, кеншілердің екі қаласының инфроқұрылымына көрсетіп жатқан қолдауы жайлы үздіксіз мақалалар беріліп жатты. Қордай, Шу, Мойынқұм сынды шалғай аудандарындағы атқарылып жатқан тірлік те, шешімін күткен өзекті мәселе де әріптестер назарынан тыс қалған жоқ. Басқа да аудандардан  үздіксіз дүниелер жарияланатын. Тараз қаласының тыныс-тіршілігі  үнемі «Ақ жолдың» назарында болды. Ауыл шаруашылығы, өндіріс тақырыптарымен қатар, әлеумет, мәдениет, білім, спорт тағы басқа салаларда жүйелі түрде қамтылып тұрды. Жер-жердегі автор-тілшілеріміздің, газет оқырмандарының хаттары топтастырылып, арнайы бет жүйелі түрде беріліп келді. Журналистердің топ-топ болып аудандарға барып, оқырмандармен кездесу ұйымдастыруы дәстүрге енді. Ел ішіне барып, осындай ауқымды жұмыс жасаудың арқасында басылым таралымы 22 мыңға дейін жетті. Осыдан он жыл бұрынғы елдің жағдайы бүгінгіден жақсы емес екенін ескерсек, бұл «Ақ жол» үшін үлкен көрсеткіш еді. Бұл жетістіктер тікелей Ғалекеңнің жұмысты дұрыс ұйымдастырып, бағыт-бағдар бергенінің нәтижесі еді. Шығармашылық ұжымға бұрын басшылық жасағандарды айтпағанда, өзіміз көзіміз көріп, оқушы, студент  кезімізде-ақ хат-хабарларымызды жариялауға қол қойған алдыңғы толқын ағаларымыз, газеттің бұрынғы редакторлары, бүгінде арамызда аман-сау жүрген, 95 жасқа таянған Баттал Жаңабаев, өмірден өтіп кеткен белгілі қаламгер – журналистер Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет сынды алдыңғы толқын ағаларымыздың жарқын жолын жарасымды жалғастыра білген Ғалым Қасабайдың журналистерге бұдан да басқа жағдай жасаймын деген жоспарлары көп еді. Ол шығармашылық ұжым мен техникалық қызметкерлерге кезек-кезегімен баспана алу үшін сууда беріп, жер үйді қажет ететін әріптестерге қалалық әкімдік арқылы жер учаскесін беру мәселесін енді қолға алған кезде өз еркімен бас редакторлықтан кетті. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген, ондай іскер азамат, тәжірибелі басшыны құрылтайшысы Қаржы министрлігі болып табылатын республикалық аймақтық «Салық тәртібі» газеті құшағын жая қарсы алып, қайтадан директор-бас редактор етіп тағайындады. Бірде сол жылдардағы облыс әкімі Қанат Бозымбаев бір шаруамен қабылдауына шақырды. Амандық-саулықтан кейін журналистердің жағдайын сұрады. «Неге мұқтажсыздар, тағы не керек?» деді. Өзімнің пәтер туралы мәселем шешіліп жатса да, журналистер ешқандай санатқа жатпайтындықтан пәтер кезегіне де тұра алмайтындықтан басапана өзекті проблема екенін айттым. Ол кезде банктер арқылы пәтерді несиеге де ала алмайсың. «Құдай қаласа, бір көпқабатты тұрғын үй соғып, оған журналистер мен әртістерді қоныстандыруды жоспаралап отырмыз. Мен сіздердің пәтерге мұқтаж екендеріңізді басшыларыңыздан естігенмін, шешіледі. Редакторларыңыз Ғалым Қасабай – іскер азамат, мықты менеджер», – деді. Сондағы пәтерді өзім алатындай әкімдіктен қуанып шыққаным бүгінгі күнге дейін есімнен шыққан емес. Әттең, Қанат Алдабергенұлы Павлодар облысына әкім болып, ауысып кетті де журналистер мен әртістер үшін салынатын үй аяқсыз қалды. Шыға бастағанына алдағы жылы жүз жыл толатын облыстың бас басылымына бар болғаны үш жылда Ғалым Иенбергенұлы осынша зор үлес қосып, әріптестерінің ерекше құрметіне бөленді. Алпыс жасқа толып отырған әріптесіміз – Ғалым Қасабайдың журналистика саласындағы сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты, облыс әкімінің грамотасы және облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалін, «Ақпарат саласының үздігі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін және тағы басқа марапаттар алды. Білдей бір облыстың бас басылымының директорлығымен қоса бас редакторлығын тастап кеткен Ғалым Қасабайдың мәрттігі мен қайсарлығы кімге тартқан десем, бабасы Қасабайдан келген қасиет екен ғой. Қордай өңіріне аты шыққан сұр мерген ұлы қазан төңкерісінен кейінгі ақ пен қызыл қырғынында Жандысай ауылының жазықсыз тұрғындарын қынадай қырып, ауыл атымен аталатын өзеннен қызыл қан аққанда ақтарға қарсы шығып, шетінен жер жастандырғанын ауылдың көнекөз қариялары аңыз қылып айтып отыратын. Содан өзеннің де, ауылдың да аты Қызылсай аталыпты. Ғалым газет жұмысынан шаршап, қолы қалт еткенде шығармашылықпен де айналысады. Оның жақында жарыққа шыққан «Аманатқа адалдық» атты кітабы соның айғағы. Мерген бабасына арналған кітабында осы бір қасіретті жылдардағы баба ерлігімен қоса, аңшылар арасында қасиетті сертті тілге тиек еткен. Онда нағыз мергеннің мыңыншы атқан аңы оңқасынан тұрып қалады екен. Қасабай ата осындай оңқаның екеуін тұрғызған сұр мерген. Мылтығының оғы далаға кетпеген. Ғалымның өзі де мен деген аңшының бірі. Қордайдың тау-тасынан талай аң атқан. Бабадан  қанмен келген мергендік бар. Тура мінез, ойын бүкпесіз айтатындығы да бабадан, атадан, әкеден қонған шығар. Жарықтық сексен жастан асқанына қарамай «Мені соғысқа жіберіңдер. Ұлым Сексен де соғысқа кетті. Мені де барамын» деп қайта-қайта аудандық әскери комиссариатқа бара берген ғой. Тіпті, қарт мерген келгенде аудан комиссары тығылып қалатын көрінеді. Сексендегі кісіні соғысқа жіберіп оның басы екеу емес қой. Дегенмен елде жатса да майданға тонна-тонна аң етін жіберіп, жеңісті жақындатуға үлесін аз қоспапты мерген қарт. Қасабай атамыздың ашаршылық жылдары бір ауыл елді аң етімен асырағанын бүгінгі көнекөз қариялар жастарға үлгі етіп айтып отырады. Атасы Сексен жарықтықтың бойында да тектілік қасиет мол болған деп отыратын Қызылсайдың көнекөздері. Ал әкесі Иенберген ағамызбен талай рет дәмдес-тұздас болдық. Жарықтық өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Ардагер ұстаздың кісілік қасиеті қандай еді! Анасы Сағынбүбі бүкіл Қызылсай ауылының кіндікшешесі. Фельдшер-акушер болып денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Қасиетті қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған елге сыйлы алтын құрсақты ана. Ғалымнан кейінгі екі інісі мен екі қарындасы да әр салада еңбек етіп жүрген елге балгілі азаматтар. Құдай қосқан қосағы, отбасының ұйтқысы Жібек екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған мерейлі отбасы.

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар